МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҰЛТТЫҚ ҚҰРЛЫТАЙДЫҢ АЛҒАШҚЫ ОТЫРЫСЫНА ҚАТЫСТЫ

Уақыты: 16.06.2022
Оқылды: 1007
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде, ең алдымен жиынға арнайы шақырылған делегаттарды құттықтап, Ұлттық құрылтайдың алғашқы жиыны бабалар салған дәстүр бойынша Ұлытауда өтіп жатқанын айтты.


Мемлекет басшысы ең бірінші кезекте республикалық референдумда үлкен өзгерістерге ниет білдірген, дауыс беріп қолдаған халыққа зор алғысын жеткізді.

– Отбасымен барып, ел болашағына бей-жай қарамайтынын көрсетті. Шынайы өзгеріске және жан-жақты жаңғыруға деген ұмтылысын білдірді. Келешегіміздің жарқын боларына үміті және сенімі зор екенін байқатты. Еліміз ертеңгі күнге мызғымас бірлікпен қадам басуға дайын екенін анық аңғартты. Көпшілік Ата заңға өзгерістер енгізу туралы менің бастамамды қолдады. Дауыс беруге қатысқан барша азаматтарға зор алғысымды айтамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент бұдан былай барша еліміздің жаңаратынын айтты. Алайда, Жаңа Қазақстан бір күнде немесе бір жылда құрылмайтынын атап өткен Қасым-Жомарт Тоқаев ол үшін үлкен-кіші, жас-кәрі бәрі бір кісідей жұмылып жұмыс істеп, ерінбей еңбек етулері керек екеніне тоқталды. Мемлекет басшысы елді бір іске ұйыстыру мақсатымен Ұлттық құрылтай шақыру туралы бастама көтергенін айтты.

– Құрылтай шақыру – ертеден келе жатқан ата дәстүріміз. Бабаларымыз маңызды мәселелерді осындай алқалы жиында талқылаған. Халық өзара ақылдаса отырып, бір тоқтамға келген.  Мұндай шешімдер бүкіл елді біріктірген. Төл тарихымызда ұлт тағдырын шешкен құрылтайлар болған. Оның көбі халқымыз үшін маңызды кезеңде өткізілген. Талас құрылтайынан кейін Алтын Орда дербес мемлекет болды. Қарақұм және Ордабасы құрылтайлары жұртымызды ел қорғауға ұйыстырды. Орынбордағы бірінші қазақ құрылтайында Алаш партиясы құрылды. Екінші құрылтайда Алаш автономиясы жарияланды. Егемендік кезеңінде Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы өткізілді. Бұл жиында сырттағы қандастарымыз  атамекенге шақырылды. Біз бабалар жолын ұстанып, Құрылтай шақыру дәстүрін жаңғырттық.  Елдігімізді нығайтып, бірлігімізді бекемдейік деп, бүгін бас қосып отырмыз, – деді Мемлекет басшысы. 

Президент Құрылтайды ұлы бабалар кеңес құрған Ұлытаудан бастап отырғанының мәнін түсіндірді.

– Ұлы даланың төрінде тұрған Ұлытау талай тарихи оқиғаның куәсі болған. Ел тағдырын айқындаған көптеген маңызды кеңестер дәл осында өткен. Киелі өлкеде Алтын орда әміршілері мен Қазақ хандарының ізі қалған. Біз ұрпақтар сабақтастығы жалғасын тапсын деп осы жерге келіп отырмыз. Ұлт ұясы – Ұлытаудың ғасырлар бойғы ұлы миссиясы қайта жалғасын тапты, – деді Президент.

Ұлттық құрылтайдың құрамында 117 адам болады. Құрылтай барлық облыстың, сан түрлі саланың, әр буынның өкілдерін қамтиды. Бұнда азаматтық ұстанымы бар орта буынның тәжірибесі, жаңаша ойлайтын жастардың тың идеялары ортаға салынады.

www.akorda.kz