ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ. АЛҚАЛЫ ЖИЫНДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ТАПСЫРМА

Уақыты: 16.06.2022
Оқылды: 941
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Мемлекет басшысы ел бірлігін нығайтатын, қоғамды ұйыстыратын тың идеялар орталығы болатынына сенем білдірді. Сөйтіп, алты Алаштың баласы жиналған алқалы жиында алғашқы тапсырмасын да берді.    


– Бұл жерде барлық рудың таңбасы тасқа жазылған. Сол арқылы бабаларымыз ұлт  бірлігін көрсеткен. Қаныш Сәтбаев «Еліміздің ту тіккен жері – Таңбалы тас» деген. Өкінішке қарай, қастерлі жазулар кейін әбден бүлінді. Ел азаматтары Ұлытауға ескерткіш қойып, тастағы таңбаларды жаңғыртты. Бірақ, бұл жеткіліксіз деп ойлаймын. Мұнда  қазақтың бірлігін әйгілейтін сәулетті нысан тұруы керек. Мен  Әулиетаудың етегінде Мемлекеттік рәміздер алаңын ашуды тапсырамын. Қасиетті өңірде көк байрағымыз асқақтап тұруға тиіс. Сол арқылы ұрпақтар сабақтастығы жалғасып жатқанын көрсетеміз, – деді Мемлекет басшысы. 

Президенттің айтуынша, Ұлттық құрылтайдың ең басты міндеті – ұлтты ұйыстыратын парасатты, тың идеялар мен ұсыныстарға айрықша мән берілуі керек. Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай жұмысы барысында басшылыққа алынуы тиіс үш негізгі мәселені атады.

– Бірінші. Жалпыұлттық бірлікті нығайту. Ең алдымен, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға айрықша мән беруіміз қажет. Сонымен қатар, қоғамды алға жетелейтін құндылықтарды қалыптастыруымыз керек. Біз орнықты демократиялық институттар құрамыз десек, саяси жауапкершілік мәдениетін дамытуымыз қажет. Шын мәнінде, нағыз отаншылдық қасиетті қалыптастыруға тиіспіз. Сонда радикализм мен экстремизмге тосқауыл қоямыз, – деді Президент.

Мемлекет басшысы елдің ең басты құндылығы егемендік екеніне назар аударып, қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстанда саяси белсенділік артқанын атап өтті. Жаңа саяси партиялар мен қозғалыстар пайда бола бастағанын, түрлі алаңдарда әртүрлі пікірлер айтылып жатқанынан хабардар екенін айтты.

– Қоғам белсенділері әлеуметтік желіде түрлі мәселелерді көтеріп жүр. Шыны керек, кейде мүлде ақылға сыймайтын пайымдар да айтылады. Жұрт даулы мәселелерге наразылық білдіріп, көшеге шығатын болды. Заңды белден басатын азаматтар да жоқ емес. Біртіндеп демократия жолына түсу кезінде мұндай жағдайлардың болуы – түсінікті.  Бірақ, Заң талабы мүлтіксіз орындалуға тиіс екенін әрдайым есте ұстау қажет. Заң мен тәртіп – ішкі тұрақтылықтың  бірден-бір кепілі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, ұлтты ұйыстыратын бірінші қасиет атаққұмарлық емес, еңбекқорлық.

– Отбасын асырау үшін табанды еңбек етіп жүрген, заңға бағынатын адамдар құрметке ие болу керек. Өкінішке қарай, бізде көше бұзақылары, жауапкершіліктен жұрдай блогерлер және масылдық пиғылдағы айқай шығаратын адамдар бүгінгі күннің батырына айналды. Депутаттар мен атқарушы билік өкілдері соларға ғана баса мән беретін болды. Түрлі деңгейдегі шенеуніктер солардың ғана талабын орындауға жүгіреді. Орталықтағы және аймақтардағы билік барлық азаматтың мұң-мұқтажына бірдей қарауға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Президент жүргізіліп жатқан реформалардың мән-маңызын халыққа дұрыс түсіндіруді екінші маңызды міндет ретінде атады.  Қазір бұл жаңғырулар біртіндеп жалпыұлттық сипатқа ие бола бастаған.

Мемлекет басшысы халықтың жаңа технологиялар арқылы ауқымды реформаларға қатысуын үшінші маңызды міндет ретінде атады.

– Құрылтай – белгілі бір адамдар ғана бас қосатын жер емес. Ол, шын мәнінде, жалпыұлттық жиынға айналуы керек. Бұл – өте маңызды міндет. Біз Жаңа цифрлық технологияның мүмкіндігін кеңінен пайдалануымыз қажет. Сонда мемлекет пен халықтың қарым-қатынасы барынша тиімді болмақ. Мен Qurultay деген арнайы мобильді қосымша әзірлеуді ұсынамын. Сол арқылы халық елді жаңғырту туралы ой-пікірін онлайн режимде айта алады. Жұрт реформаның нақты пайдасын көруі қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

www.akorda.kz