КІНӘ БІР ТАРАПТАН ҒАНА ЕМЕС

Уақыты: 20.06.2022
Оқылды: 1159
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Елімізде ерте жүктілік кеңінен етек жайып барады. Статистикаға сүйенсек, Алматы облысы бұл мәселе бойынша көш басындағылардың қатарында. Кімді кінәлаймыз, қате кімнен?

Ата-бабамыз ежелден қыздың тәрбиесіне аса мән берген. Қызды қырық үйден тыйып, оны үлкен өмірге кішкентайынан дайындаған. Болашақта өзге үйдің түтінін түтететін ана деп, ерте бастан бейімдеген. Қыздың жүріс-тұрысына тек отбасы ғана емес, бүкіл ел жауапты болған. Халқымыз ұл баланың тәрбиесін де назардан тыс қалдырмаған. Ұл бала тәрбиесі – әке еншісінде. Қазақ отбасында әкелер өзінің білетін бар өнерін ұрпағына үйретіп, сегіз қырлы, бір сырлы азамат етіп тәрбиелеген.
Бүгінде қалай? «...Қызыңды басқа үйге қондырма» сынды тәрбиеге қатысты сөздер кеңінен қолданылады. Қыздың мойнына көптеген міндеттер жүктелгендей болып көрінеді кейде: «Қыз – болашақ ана, сол себепті ұяң болуы керек, тәрбиесіне аса мән беру керек, жұртпен жағаласып сөйлемеуі керек, ұялшақ мінезімен, сабырлығымен баурап аларлықтай қылықты болуға тиіс». 
Ал ер адамның тәрбиесіне қатысты «Ұлға – елу үйден тыйым» деген нақылды естуіңіз бар ма? Болашақ отбасының асыраушысы ретінде ер балаға «әке» деп қарап, бойына жауапкершілік алуды үйрету маңызды. Өкінішке қарай, бүгінде ұл балалардың тәрбиесінде әкенің рөлі азайғандай. Ұл бала дүниеге келгенде анасының жанында есейеді, балабақшада да әйел адамнан тәрбие алады, мектеп қабырғасында да көбіне нәзікжандылар сабақ береді. Жалпы, ер адамның бойына нағыз еркектік мінез бен жауапкершілікті әкесінен басқа ешкім дарыта алмайды. Ақсап тұрған тұсымыз да осы.
Күнделікті күйбең тіршіліктің қамымен шапқылап жүрген ата-аналар кейде ұл-қыздарымен сөйлесуге уақыт таппайды. Оның соңы жасөспірімдердің үйден алмаған тәрбиесін сырттан іздеуімен аяқталады. Мәселен, көп отбасыларда жыныстық тәрбие жөнінде сөз қозғалмайды. Себебі, баламен бұл тақырыпта сөйлесуді ұят санайды. Ата-анасы бетін қайтарғаннан кейін бала өзінің сұрағына жауапты ғаламтордан немесе өзге адамдардан алады. Сөйтіп оның дұрыс-бұрыстығын білмей, екі жолдың біреуін таңдап кете барады. 
Ерте жүктіліктің белең алуының да бір себебі – ұл мен қыздың еркіндікті сезінбеуі. Кей ата-аналар перзенттеріне “тұлға” ретінде қарамайды. Тіпті сәби дүниеге келмей тұрып, ана мен әке өз идеалын сол баладан көруді жоспарлап тастайды да, баланы еркіндігінен айырады. Әрқашан баланың қалауына тыйым салу, жүріп-тұруын қатаң бақылап отыру – психикаға қатты әсер етеді. Мұндай жағдай көбіне ауыл-аймақта өскен жеткіншектерге қатысты. 
Жыныстық тәрбие отбасынан бастап, білім алу мекемелерінде де берілуі керек. Алайда статистикаға қарағанда тәрбие сағаттарының пайда тигізіп жатқанына күмән басымырақ. Себебі, біздің елде аталмыш тақырыптағы түсіндіру жұмыстары тым кеш қолға алынатын сияқты. Жалпы, мұндай маңызы зор сабақтар 9-10 жас аралығындағы оқушылардан басталуы керек сияқты. Себебі, балалар сол жаста сіздің айтып жатқаныңызды толық ұғына алады және жасөспірімдік жасқа келгенде баланың миында жыныстық тәрбие жөнінде дұрыс ақпарат қалыптасады.
Қоғамның ең үлкен қателігі – біз кінәні бір тараптан ғана іздейміз. Ол – қыз және оның отбасы. Ал ер адамның бұл жерде атқаратын рөлі бар екенін ешкім айтып жатқан жоқ. Қолымен жасаған істі мойнымен көтеретін нағыз азамат тәрбиеленбейінше, болашағына өз қолымен балта шабатын жастардың саны азаймайды. 

Дана БӘКІР,
Тұран университетінің студенті