«ЖАНТАҚ» – ЖАН ДАУАСЫ

Уақыты: 05.07.2022
Оқылды: 2041
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Халқымызда: «Жұмыс істегісі келген адам – жолын іздейді, істегісі келмегендер – сылтау іздейді» деген тәмсіл бар. Мысалы, жантақ деген түйе малы сүйсіне жейтін өсімдіктің шипалы қасиеттерін білмейтін адам кемде-кем шығар. Алайда, осы шөптен ағзаға мың-бір шипа болатын сусын шығару екінің-біріне келе қоймаған ой екені анық.

Сонау ерте заманнан бері халқымыз табиғатпен етене болып, қоршаған ортамен тығыз байланыста тіршілік кешкені белгілі. Осы орайда жантақтың да қасиетін терең білгенін байқаймыз. Бұл өсімдік шөлге төзімді, Зеңгі баба тұқымына құнарлы азық болумен қатар, сусын ретінде, шипалы өсімдік қатарында да пайдаланылған екен. Мысалы, ежелгі уақытта адамдар ұзақ сапарда жүргенде сапалы әрі қауіпсіз су ішуге мүмкіндік бола бермейтіндіктен жантақты өздерімен бірге алып, жолда кездестірген суды дезинфекциялау үшін жантақ қосып қайнататын болған.  Бұл сусын ағзаны  сергітіп қана қоймай, адамдардың төзімділігін де едәуір арттырады.
Осыған дейін жантақтың пайдалы қасиеттері зерттеліп, қорғаныс саласында әскери қызметкерлерге дәрумендік сусын ретінде пайдаланылғанымен, ірі көлемде шығару қолға алынбай келген. Осы олқылықтың орнын толтыруды ойға алған Жанат Сабдалинов бастаған азаматтар  «ZHANTAQ tea» компаниясын ашып, сусын шығаруды өндірістік жолға қойған. Бұл жобаға 71 миллион теңге инвестиция салынып, бүгіндері кәсіпорын өз өнімдерін жұртшылыққа ұсынып келеді.  
–  Халық арасында «түйе тікен» деп те аталып жүрген жантақ шөбі емдік қасиеттерге бай, нағыз табиғи сауықтыратын өнім, – дейді компания басшысы Жанат Сабдалинов. – Мұның құрамында қанды сұйылтатын, қан тамырларын тазалайтын антиоксиданттар, адам өмірін ұзартуға септігін тигізетін жиырмаға жуық амин қышқылы кездеседі. Сондықтан халықтың денсаулығын жақсарту мақсатында   «ZHANTAQ tea» сусынын өндіруді қолға алғанбыз. Түйе тікенегі өсімдігінің қайнатпасынан жасалған инновациялық және теңдесі жоқ табиғи сауықтыру сусыны 100 пайыз қазақстандық өнім болып табылады.  Өнім «Қазақстан тағамтану академиясында» барлық сынақтардан өтіп, «Еуразиялық патенттік ұйымынан» №034811 патентін алғанбыз. Бүгіндері пандемиядан кейін әлсіреген ағзаны қалпына келтіру үшін өте пайдалы сусын ретінде тұтынушылардың сұранысына ие болып келеді.  
Негізінен шөлді, құмды аймақтарда өсетін жантақ шөбінің  үлкен қоры Қызылорда облысында сақталған. Оны дайындау кезінде тамырына зақым келтіріп алмас үшін аса сақтықпен жапырақтарын ғана кесіп алу технологиясы енгізілген. Ал дайын өнімді тұтынушыларға сапасын жоғалтпай жеткізу мақсатында шыны құмыраларға құйылып, аузы Петербор қаласында шығарылатын алюминий қақпақпен жабылады.
Иә, ата-баба дәстүрін жаңғыртып, ғасырлар сүзгісінен өткен сусынды шығара бастаған бастамашыл азаматтарға алғыс айтамыз.  Халықтың денсаулығын жақсартып қана қоймай, көптеген отбасының күнкөріс көзіне айналып отырған кәсіпорынның жұмысына сәттілік тілейміз!

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ
Қарасай ауданы
Алматы облысы
Сурет ғаламтордан алынды