АНА МЕН БАЛАҒА ЖАҒДАЙ ЖАСАҒАН

Уақыты: 06.07.2022
Оқылды: 1476
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

  2019 жылы Қаскелең қаласында тұзды үңгір сұлулық салонын ашқан Юлия Лим жақында «аналарға арналған антикафенің» жұмысын бастады. Оның екі жобасы да әлеуметтік маңызы бар нысандар саналады. Себебі, көп балалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға жеңілдікті молынан ұсынатын кәсіпкерлік нысаны ең алдымен келушілердің жағдайын ойлайды.

          «Алтын ауыл» шағын ауданындағы №10-шы үйге орналасқан сұлулық салоны мен антикафенің өз тұтынушылары бар. Өйткені, қонақты жарқылдап, қуана  қарсы алуды жақсы меңгерген кәсіпкер келіншек тұтынушының көңілінен шығуды басты міндет санайды.

          – Біздің жеке кәсіпкерлігіміз «Бархат» деп аталады. Басында тұзды үңгірі, SPA-процедурасы және массажы бар шағын сұлулық салоны болатынбыз, – деген Юлия Олегқызы кәсібінің қалай жүргенін таныстырып өтті. – Біртіндеп отбасылық кешенге айналып шыға келдік. Неліктен тұзды үңгірге басымдық бердіңіз дерсіз? Себебі, қазір жұрттың көпшілігі тыныс алу жолдарынан зардап шегеді. Табиғи тұзды үңгірдің кеңістігі өкпенің қабынуын, аллергияны емдеп, жүйкенің шаршауын басады, ұйқыны қалпына келтіріп, жүректі тыныштандырады. Жалпы тұздың құрамындағы ион мен натрий хлориді адам ағзасына жақсы әсер етеді. Соның арқасында тыныс алу жолдарын дәрісіз тазартуға септігін тигізеді.

          Оның үстіне тұзды камераға отбасы мүшелерімен бірге кіруге болатындықтан психологиялық қолдауды сезінуге мүмкіндік береді. Сондықтан оның әр сеансы теңіз жағасында өткен үш күнге тең. Осыған орай кәсіпкер келіншек әке-шешенің балаларына алаңдамауын қамтамасыз ету үшін «аналарға арналған антикафе» ұйымдастырған. Бұл Қаскелеңде алғаш қолға алынып отыр.

          – Алдымен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалында «Бастау бизнес» жобасы бойынша оқытудан өткен соң «Ауылшаруашылығына қаржылай көмек беру қорынан» маған жеңілдікпен несие берілді, – дейді Юлия Лим. – Ол қаржыға жұмыс істеп тұрған сұлулық салонынан тұзды үңгірді аштым. Жақында ғана «Жас Ғалым» байқауына өз идеямды ұсынып, 300 мың теңгенің грантын ұтып алдым. Оған «аналарға арналған антикафе» ашып отырмыз. Мемлекет тарапынан жасалған мұндай қолдауға ризашылығымды білдіремін. Таңғы сағат 10.00-ден соңғы келушіні шығарып салғанша, түскі үзіліссіз, демалыссыз жұмыс істейміз. Ең бастысы алдын ала жазылу керек.

          Осылайша көп балалы отбасының үлкендерінің демалысын қамтамасыз етіп отырған антикафеде балалар ойынның неше түрін ойнап, өзі әкелген тамағы мен сусын ішіп-жей алады. Балаларды сырттан бақылап отыру үшін онлайн-камера жұмыс істейді. Бұл ата-ананың алаңдаушылығын азайтады.

          Шағын және орта кәсіпкерлік нысаны 10 адамды тұрақты жұмыспен қамтып, аудан орталығындағы жұмыссыздықты жоюға үлес қосып отыр. Бұл 10 отбасыны табыспен қамтамасыз ету деген сөз.

 

Мәди АЛЖАНБАЙ