ҚУАНСА, БАЛА ҚУАНСЫН! БЕЙБІТ ИСАБАЕВ "АЙНАЛАЙЫН" БАЛАЛАР ҮЙІНІҢ БҮЛДІРШІНДЕРІН ЖАҢА ЖЫЛМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Уақыты: 31.12.2022
Оқылды: 2640
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Талдықорғандағы «Айналайын» ​​балалар үйіне барып, бүлдіршіндерді Жаңа жылымен құттықтады. 
Әуелі облыс әкімі балалардың шығармашылық туындылары қойылған мұражай бөлмесімен танысты. Осыдан кейін балаларды Жаңа жылымен құттықтап ізгі тілегін білдірді.
- Өздерің білесіңдер, 2022 жыл Балалар жылы болды. Осыған орай елімізде, соның ішінде біздің облысымызда да түрлі іс-шаралар көптеп өткізілді. Сол байқаулар мен фестивальдарға, спорт пен өнер жарыстарына өздерің белсене қатыстыңдар, араларыңда жеңімпаз болған балалар да аз емес. Жаңа ғана мен осындағы мұражай бөлмесінен барлық марапаттарыңды, медальдарың мен кубоктарыңды көрдім. Біз сендердің жетістіктеріңе әрдайым қуанамыз, әрбір  қадамдарыңа тілекшіміз, - деп бүлдіршіндерге тәттілер мен ойыншықтар тарту етіп, балалар үйіне теледидар табыстады. 
Сонымен қатар, келесі жылы Ескелді ауданы Көкжазық ауылындағы 100 орынды жазғы демалыс және сауықтыру лагеріне қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілетінін, лагерге бару үшін 44 орынды автобус беретінін айтты.


Осыдан кейін балдырғандар ән салып, би билеп, Жаңа жылдық тақпақтарын айтты.
Айта кетейік, бүгінде «Айналайын» балалар үйінде 75 бала тәрбиеленуде. Балалардың жеткен жетістіктері аз емес. Мәселен, биылдың өзінде ұлдар мен қыздар арасында ауыр атлетикадан өткен Жетісу облысының жеке чемпионатында Рүстем Қалибеков ІІІ орын иеленсе, І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің шағын футбол турнирінде «Айналайын» футбол командасы жүлделі І орыннан көрінді. “Қуанса, бала қуансын”, - деген елдің ұрпағымыз ғой, олардың шынайы қуанған сәтін көрудің өзі де бір ғанибет!

 

Айдар ҚАЛИЕВ,
Жетісу облысы