АУЫЛҒА ГАЗ КЕЛДІ

Уақыты: 22.01.2023
Оқылды: 1411
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жаркент қаласының тұрғындары қыс маусымында баспаналарын жылытуға негізінен қатты отын пайдаланатын. «APLCONSTRUCTION» ЖШС жоғары қысымды газ құбырын жеткізетін реттегіш нүктесін іске қосып, өткен жылдың басынан қаланың оңтүстік бөлігіндегі тұрғындардың үйін көгілдір отынмен жылытуға көшіре бастады. 
Қазір Жаркент қаласының Өсек, Турково шағынаудандарынан басқа бөлігі газбен қамтылып, аудан орталығындағы көшелер мен басқа да елді мекендерге және «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағына дейін 90 шақырым газ құбыры тартылды. Қалада «Жаркент крахмал-сірне» зауыты, «Алматы» қонақүйі, «Сафар», «Арина» мейрамханалары және  көпқабатты 34 үй, бірқатар мекеме мен кәсіпорын көгілдір отынға қол жеткізді.
Газ құбырын үйіне тарту үшін қала тұрғындары серіктестікпен 1300-ге жуық келісімшарт жасап, олардың бәрі үйін көгілдір отынмен жылытып отыр. Сөйтіп, өңірге жеткізілген табиғи газ көне қаланы қыста қоңырсыған көмір түтінінің иісінен арылта бастады. Үстіміздегі жылы Жаркент қаласының солтүстік бөлігіне толықтай газ құбыры тартылады. Сондай-ақ, серіктестік Сарыөзек – Қорғас тасжолының бойындағы 15 ауылды да газбен қамтамасыз етуді жоспарлауда.

 

Мырзағали НҰРСЕЙІТ,
Панфилов ауданы