ҒАЛАМТОРҒА БАЙЛАНҒАН ҚОҒАМ

Уақыты: 23.01.2023
Оқылды: 1214
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қазіргі уақыт – жаңа ақпараттық технологиялардың қоғамы. Әр адам заманға сай өмір сүруді қалайды. 

Білімді шыңдау, жұмыс іздеу, сауда жасау, коммуникация, табыс табудың өзін әлеуметтік желілер арқылы жүзеге асыруға болады.  Бірақ, ғаламтордың да зиянды тұсы жетіп артылады.  Осыған орай, әлеуметтік желінің пайдасы мен зиянына жан-жақты тоқталып көрейік. 2022 жылғы жалпы зерттеу мәліметтеріне сүйенсек, Қазақстанда ең танымал әлеуметтік желі «Facebook», одан кейін «Pinterest», «Twitter», «YouTube», «ВКонтакте», «Instagram» және «TikTok»  тұр. Аталған әр желінің пайдаланушыларының жас ерекшеліктері де әртүрлі. Мәселен, «Facebook» желісінде орта жастағы адамдар отырады. Ал «ВКонтакте» желісін көбіне жасөспірімдер,  «Instagram» мен «TikTokты» жастар қолданады.  

Қоғамның дамуымен қатар әлеуметтік желі мен оның атқаратын функциялары да артуда. Қазіргі таңда әр кәсіптің бастауында әлеуметтік желі тұр. Мәселен, дәмхана, киім сататын дүкендерде міндетті түрде ас мәзірі мен киім түрлерін жарнамалау үшін Instagram немесе TikTok парақшалары бар. Бұл өз кезегінде тұтынушы санын арттыруға септігін тигізеді. Желідегі танымал жандар тек ақша тауып қана қоймай, қарапайым халыққа, мұқтаж жандарға да қол ұшын созып, көмектерін көрсетеді. «Айшылық алыс жерлерден, жылдам хабар алғызған» интернеттен кез келген оқулықты тауып, оқуға болады. 
Иә, әлеуметтік желінің жақсы жағы жетіп артылады. Бірақ бүгінгі қоғамда оның пайдалы тұсынан зияны басым. Әр заттың өз шегі болады. Әлеуметтік желіне де дұрыс қолдана білу қажет. Алайда, бүгінгі жастар дұрыс пайдаланбауда. Қарапайым дәріні шектен тыс қабылдау, денсаулыққа кері әсерін берері анық. Сол секілді ғаламторды да белгілі бір уақыттан артық қолдану, желіге тәуелділік ауруына әкелуі мүмкін. 
Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, жастардың 49,2%-ы әлеуметтік желіні күнделікті, 19,7%-ы аптасына бір рет және 9,1%-ы айына бір рет қолданады екен. Бұл деректер ата-аналарды ғана емес, психолог дәрігерлер мен мұғалімдерді де алаңдатуда. Расымен, бүгінде желіге желімделген балалар мен телефонға телмірген жастардың қатары артып келеді. 
Қазіргі қоғамда көптеген жағдайды көзіміз көруде. Кей балалардың мінез-құлқы, қоғамда өзін ұстауы өзгерген. Бұған интернет желісінің де әсер ететіні анық. Әлі оңы мен солын толық танып білмеген жасөспірімдер виртуалды әлемнен тәрбие алуда. Алысқа кетпейін, қатарластарымыздың өзі ұялы телефонға тәуелді. Осыған байланысты жаңа термин «номофобия» пайда болған.  Ұялы телефонсыз жүру немесе ұмытып кетемін деп қорқу да осы  психологиялық ауру түріне  жатады. Тіпті, кей жастар адамдарды әлеуметтік желідегі  оқырманының аз немесе көптігіне қарап бағалайды.
 Сәби дүниеге келгеннен соң ең алғашқы қоғамы – отбасы. Яғни, әке-ана, аға-әпкелері не істесе соны кайталап, соларға қарап бой түзейтіні мәлім. Ал осыдан жасөспірімдердің әлеуметтік желі тәуелділігінің түп-тамыры өз үйінен басталады деп түйіндесек, қателеспейміз. Қарапайым ертегі, әңгіме орнына, желідегі әртүрлі материалдарды көру баланың ұялы телефонға тәуелділігін арттырмаса кемітпесі анық. Сол себепті, өсе келе жасөспірімдер қарапайым қоғаммен тығыз қарым-қатынаста болудың орнына монитор алдында қалуды жайлы санайды.
Интернетке тәуелділік жастарды қоғамнан оқшауландырады, яғни жақындарымен қарым-қатынас үзіледі, сенімсіздік пайда болады, алтын уақытын текке жұмсайды және сколиоз, арқа және нерв жүйесі сияқты ауруларға шалдығады. Балалардың дамуына психологиялық жағынан да кері әсері бар. Таяқтың екі ұшы болатыны секілді, ғаламтордың да пайдасы мен зияны бар.  Сол себепті алтын уақытымызды бос өткізбей, әлеуметтік желінің пайдалы тұсын ғана алуға тырысайық.

Айдана АЙДАРҚЫЗЫ,
Жетісу университетінің 
3-курс студенті