"ШИКІ ТҰСТАРЫН ПЫСЫҚТАУ КЕРЕК": КӨКТЕМГІ ЕГІС ЖҰМЫСТАРЫНА ДАЙЫНДЫҚ

Уақыты: 26.01.2023
Оқылды: 1006
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Ескелді ауданының әкімдігінде көктемгі дала жұмыстарының дайындығы бойынша жиын өтті. Басқосуда төрағалық жасаған аудан әкімінің орынбасары Айдын Исабеков жауаптыларды сұрақтың астына алып, шикі тұстарын әлі де пысықтау керегін айтты.

Жалпы, жиында үш мәселе қаралды. Біріншісі, көктемгі дала жұмыстарының дайындығы жөнінде болды. Екінші, «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы көктемгі дала жұмыстарына берілетін жеңілдетілген несие алу жолдары талқыланып, үшінші мәселеде дәнді масақты дақылдардың тұқымын жаңартып, сапалы тұқымға өтінім беру турасында айтылды. Аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы егін және тұқым шаруашылығы бөлімінің басшысы Аманбек Қасымовқа, ауыл шаруашылығы техникасын жеткізуші Ербол Әубәкіров пен Нұрсұлтан Қабдолдиновқа арнайы тапсырма жүкітелді. Ал «ҚазАгроҚаржы» АҚ несие маманы Анар Датқаева мен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ несие бойынша бас маманы Азамат Қашағановқа басшылықтан міндеттеме жүктеліп, жеңілдетілген несие бойынша түсіндіру жұмыстарын қарқынды жүргізу керектігі сөз болды. Бұл аудан басшылығының және шаруалардың көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы талқыланған соңғы жиын емес, әлі алдымызда талай басқосу болып, нақты іс барысы да талқыланады.

 

Серік ҚАНТАЙ,
Жетісу облысы