БИДАЙ ӨСІРУДІҢ ӘЛЕМДІК ӘДІСІ

Уақыты: 03.02.2023
Оқылды: 1544
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

 І. Жансүгіров атындағы ЖУ ғимаратында молекуалық генетика және геномика зертханасының ұйымдастыруымен Орта Азиялық бидай генетикасы мен геномикасы бойынша төрт күндік халықаралық семинардың қорытынды жиыны өтті.         

Онда Ұлыбритания, Түркия, Пәкістан, Өзбекстан, Қырғызстанның және еліміздің жетекші оқу орнындағы дәнді- дақылдарды зерттеумен айналысатын жас ғалымдар сан түрлі тақырыптағы зерттеу жұмыстарын таныстырды.

Ұлыбританияның Джон Иннес орталығының қолдауымен  өткен семинарда бидайды ғылыми тұрғыдан селекциялауда генетикалық және геномдық әдістерді қалай тиімді қолданудың бағыттары сөз болды. Осыған орай генетикалық картаны құру, QTL карталау, GWAS, RNA ceq, биоинформатикалық және геномдық ресурстарды таныстыру сияқты бірқатар маңызды тақырып талқыланды.

 – Модельдік генетика және геномика зертханасының платформасы Түркия және Пәкістан елдерінде бар. Сол жаңалықты міне, І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің базасына әкелдік. Биылғы оқу жылында университетте молекулалық генетика және геномика зертханасы ашылып, заманауи құрал-жабдықтармен толық жабдықталды. Бүгінде ол жерде бидайдың генетикасы зерттеліп жатыр, – дейді молекулалық генетика және геномика зертханасының меңгерушісі Қанат Ермекбаев.

Шара аясында профессорлар Кристобал Уауи, Др Лютзи Уинген, PhD кандидат Анна Бахус, PhD Қанат Ермекбаев түрлі тақырыпта баяндама жасап, бидай генетикасы мен геномикасын зерттеу, қазақ бидайының бейімділігі мен өнімділігі жайлы сөз қозғады.

Қажет Андас