СУБСИДИЯ ҰЛҒАЙТЫЛАДЫ

Уақыты: 03.02.2023
Оқылды: 2072
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Ел аграршыларына қант қызылшасын өсіру үшін субсидия ұлғайтылады. Мемлекеттік қолдау түбірлік дақылдар өндірісінің және жалпы қант саласының рентабельділігін арттыруға мүмкіндік туғызбақ.

Субсидиялау нормасын 15 мың теңгеден 25 мың теңгеге дейін ұлғайтудың арқасында биылдан бастап қайта өңдеуге тапсырылған қант қызылшасы тоннасының құны 40 мың теңгені құрайды. Яғни, оның рентабельділігі жүгері, рапс және майбұршақ сияқты дақылдар деңгейіне жеткізіледі.  Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілқайыр Тамабек Жетісу облысының қызылша егетін шаруашылықтарының басшыларымен және сала мамандарымен кездесуде айтқан. Ол бұл тамыр дақылын өсіру шығындары үнемі өсіп келе жатқанын мәлім еткен. 

Өткен жылы шығындар бір гектар егіске 900 мыңнан миллион теңгеге дейін өскен. Әбілқайыр Тамабектің сөзінше, өңдеуге тапсырылған қант қызылшасын субсидиялауды ұлғайтуға биыл шамамен 11,5 млрд. теңге бюджет қаражатын бөлу жоспарлануда. Бүгінгі таңда субсидиялар тұқым, гербицид мен тыңайтқыш құнының 50 пайызын, сондай-ақ техника құнының 25 пайызын жаппақ. Бұдан басқа, мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру бойынша жұмыс шеңберінде қызылша жинайтын комбайндарды сатып алуға 50 пайызға дейін өтеу нормативін ұлғайту мәселесі қарастырылуда.

Айта кетейік, 2026 жылға дейін қант саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру аясында егістік алқаптарын 38 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарлануда.

Айгүл Байбосынова