Қанмен жазылған заң

Уақыты: 27.11.2017
Оқылды: 1432
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Барлыбек әкесінің сонау бір күздегі «қызығын» ауылдағы Бөкенбайдан естіп, жөн-жосығын қазбалап сұрап, басын шайқап, тосын әрекетке барғанын жігіт санатына қосылып, биліктің тізгіні тиген сәтте де есінен шығарған емес. Бұл әңгіменің басы мен аяғы былай...

 

Бірде ел аралаған, «тфу» десе түкірігі жерге түспеген Жетісу аймағының генерал-губернаторының өзін өңшең өз жұрты, Матайдың, Қаптағайының бір үзімі, Құлшаннан жиналған тобырымен Іле шекарасында қарсы алыпты. Матай жұрты жыр қып айтады. Өңшең сарыауыз асынып, қылышын салақтатқан қарауыл-казактар бұларға сұстана қарайды. «Пау, әкем неткен батыр?! Қосынын сонадайға тізіп қойып, әй-шайға қарамай, өзіне кезенген мылтықты місе тұтпай, күймеге жақындап келеді, баяғы». 
Тізе бүгіп, «Ваше величествосын» айтып, ойын іске асырған ғой. Бейтаныс жанның әрекеті оқалы киімді генерал-губернаторды таңғалдырса керек, әкесінен: Ты кто, грозный киргиз? – деп сұрайды. 
– Да, я киргиз, Ваше превосходительства. Я Вас охранайт, –дейді әкесі.
Генерал күймеден асықпай түсіп, қарауыл басының қарсылық білдіргеніне қарамай, түз қазағына қолын ұсынып, арқасынан қағып, өзін қорғайтын мылтықты казактарды нұсқайды. Сонда әкесі: Плохой человек степь много. Ваш солдат незнайт, – деп білген орысшасын қайталайды.
– Ну, хорошо, – депті генерал-губернатор, дала қазағының қамқорлығына риза болып.
Сырттан әкесінің содан кейінгі әрекеті тіптен қызық. Генерал-губернатордың күндіз де, түнде де қорғаны болып, күймесінің артынан жүріп отырады. Қапал маңы, Ақсу етегі, Басқан, Сарқан жағалауы, тіпті арысы Үйгентас, Алакөлдің тау-тауын кезеді. Келе-келе генералдың қорғаушысы казактарымен жақындаса бастайды. Билеуші барған жеріне жата түстенсе, қазақ тобы асықпай күтеді. Жолға шығарда қарсы алып, «Ваше благородиесін» ұмытпаған. Мұндайда кейде губернатор күймені тоқтатып, жерге түсіп, әкесіне жақындап келіп: Ну, как грозный киргиз, – деп сұраса, әкесі басын иіп: Степь плохой человек нет, – деп жауап беретін көрінеді.
Айды алдына салып Іленің шекарасына қайта оралғанда, генерал күймесінен түсіп, қыр қазағының «қызметіне» ризашылығын білдіріп: Ты грозный, хороший киргиз, что желаешь? – деп сұрайды. Қайран менің ақылды әкем-ай. Губернатормен ойды-қырды кезгендегі бар мақсаты – құдайдан сұрап алған ағасы Тұрлыбек пен өзінің келешегі екен. Әкесі билікшіге басын иіп:  Мне денгі  ненадо. У мене есть два бала, сын. Школа, Берни нада, – деп сипақтамай, ағынан ақтарылыпты. Неткен зеректік?! Балаларына жасаған қамқорлығы. Генерал-губернатор басын изеп, қолын қысып:  Твое взяло, – деп басын изейді. 
Генерал-губернатор уәдесінде тұрып, сол жылы күзде алты жас үлкен ағасы Тұрлыбек пен өзін Верныйдағы ерлер гимназиясына қабылдаттырды. «Бұл жерде қалмаймын» деп жер-көкті басына көтеріп жылағанда, орыс балалары:  Вот, чудак, – деп қарап тұрып еді-ау.
– Әй, Барлыбек сен жалғыз емессің. Жаныңда ағаң бар. Онысы несі-ей. Өй, қызталақ! Менің балам өзіме тартпағаны ма? – дегенде жасын тыя қойып еді.
– Биік таудың басына ұшып құс та шығады, өрмелеп жылан да шығады. Ерінбесең белді де басып өтесің, тау да бұйым емес. Онысы несі? – деп маңдайынан иіскеген.
Гимназияның жатақханасында жатып, күні-түні кітаптың бетін ақтарып, орыс балалары мұның былдырлаған тілін мазақтағанына да шыдағаны әлі есінде. Әкесінің сөзін есінен бір сәт шығармапты. 
Гимназияны бітірген соң, өзіне көңілі түскен мұғалімі Новактың арқасында жолдама алып, Санкт-Петербургтың императорлық университетінің шығыстану факультетінен бір-ақ шықты. Бітірген соң Тәшкен барып, амалдап жүріп Верныйға да жетті...
Аяғының ұшымен басып қонақ бөлменің есігін ақырын ғана ашып, әкесін бақылады. Жол ұрып тастаған батыр әке ұйқы құшағында. Жүзіне үңілді. Әкесі қартая бастапты. Қабағы бірде түйіліп, бірде жазылып, палуан денесі есік пен төрдей болскей кереуетті еркін иемденіпті. Күні кеше генерал-губернатормен тең сөйлескен әкесінің батыр болмысына риза боп сәл тұрды. Күні кеше ғой... екіндінің еңкейген шағында әлдекім қақпаны дүрсілдете соққан. Гүжілдеген дауыс. Қаңсып тұрған қақпаның қаңылтыры үнді зорайтып, ауланы басына көтерсін кеп. Көрмегенге көсеу таң, білмегенің жұмбақ. Көршідегі көп казактың офицерлерінің қызылауыз өсекші әйелдері бөрі көрген ешкідей, сыртқа көз салған шығар, түге. «Жетісу әскери генерал-губернаторының ерекше істерді жүргізу бөлімінің қызметкерінің ауласына бұзық біреу баса-көктеп, қақпасын сындыра жаздады» дер. Сөйткенше қақпа күзеткен орта бойлы, жүндес сары қа-      рауыл казак салып-ұрып өзіне жетті. Қолын шекесіне апарып, жайды баяндауға ыңғайланған еді, қожайыны құлық танытпады. Тілін жұтып қойғандай. Бұл екі ортада.
– Әу, Барлыбек балам, бармысың? – деген қақпаның арғы жағынан ентіккен гүжілдек үн тағы да естілген. Қарауылға қолын бір сілтеп, сыртқа қарай жүгіре басты. Қапелімде өзінің дауыстай сөйлегенін сезер емес. «Әкем ғой, мынау... Сонау Сүттігеннен салт атпен келген бе? Пау не дерсің, бес жүз шақырымнан... Тыныштық болғай. Бұл фәниге кейіспен келген пенденің, алдамшы дүниеге аяғын шалдырмай, өмірін өкінішсіз өткізген бірде-біреуі жоқ. Қақпаның құлпын ұстай беріп, артына қарай шегінді.
– Әй, тамыр Барлыбек, Тұрлыбек знайт?..
Әкесінің таныс үні, құлағына жылы естілді.
– Знайт, знайт, – деген сөзді қуана қайталай берді. Тіпті еркелегісі кеп кетті.
– Чего ты стойшь. Открывай быстро, – деп қарауылға кіжінді. Мұндай тосын мінезді бұрын-соңды көрмеген қарауыл жалма-жан қалтасын қарманып, апыл-ғұпыл бір бума кілтті алып шықты да, мылтығын қабырғаға сүйей беріп, есікке ұмтылды. Қақпа әдеттегідей «ән салып» екіге айырылды.
– Ассалаумағалейкум, әке, – деді жанұшырып.
– Әликсалам, балам. Барлыбекпісің? Мені сүйеп жібер...
Үні діріл аралас, қарлығыңқы. Әбден шаршаған үзеңгіден аяғын алуы қиындаған сияқты.
– Давайте, вдвоем, – деген үн қапелімде аузымнан шығып кетті.
– Не надо, Ваше благородие. Я сам...
Қарауыл тәлетіне қарамай қарулы екен. Арлан тазыдай арбиған сүйекті адамның қолтығының астына сүңгіп кетті де, мінісінен сырғи құлаған еңгезердей денені  арқасына салды. Алға қарай екі-үш қадам теңселе аттап, «қонақты» қабырғаға сүйей берді. Әкесі шыдамсыздана:  Үйіңе кіргіз. Қаным құрып барады... Әлім жоқ. Барлыбек шошып кетті. Жүрегінің тұсы от басқандай тызылдасын кеп. «Дәрігер шақырайын ба?» деді күңкілдеп. «Айдың-күннің аманында мына кептің соңы не болар екен?. Жол соғып тастаған ғой. Әкем неге асығыс?»
Сәлден кейін шөлі қанып, қос жастықты құшақтаған. Сырттан қарт есін жиып, тілге келген.
...Әкесінің сонау Ақсу бойынан ат ауыстырып мініп, салт бас, сабау қамшы күйі Верныйға жетуге мәжбүрлеген қарғыс атқан ақ патшаның «Уақытша жарлығының» лаңы. Жергілікті жердегі басқаруды малы көпті болыс пен ауыл старшындарына теліген боп, бай мен халықты екіге бөліп атыстырып қойған, тіс батпайтын, сөз өтпейтін биліктің зәлім саясаты.
Барлыбек бөлмеде ары-бері сенделіп, кіжіне ұрсып, жатаған үстелге қайта оралды.
Әкемнің жазығы не? Жар астында жау жатқанын білмеген, қайран жұртым. Жеріңді тартып алып, өзіңді құл жасағанын неге көрмейді, байы да, кедейі де. Пау, дүние...
...Ресей мен Сібірдің крепостной казактарын қазақ жеріне топырлатып әкеп таңып жатыр, ақ патша. Қазақтың мекенін жаудан құтқармақ ниеттегі жылми саясатпен салынған көдедей көп әскери бекініс. Ақ патша қазақтың қамқоршысы емес, алдаушысы. Жарлығын шығарып, мекенін сан бөлікке бөліп, билеуге кірісті. Аяғын шалыс басса, қазаққа түрмесі дайын. Көкірегі ояу қазақты бетінен қағып, «саясатқа қарсысың, бұзықсың», – деп Сібірдің тұтқын қаптаған итжеккеніне айдауға құштар. Іштен шыққан жау жаман. Пенделіктің тонын киіп, бір күндік жарық сәулесіне мәз, шен ілген белсендісі, аңға салған тазыдай, ысқырып қалса, өз қанын аямай талайды. Соның құрбаны мына жатқан менің әкем. Төрінен көрі жуық байғұс қатты қиналыпты. 
Өз ырқы болмаса, басқаның зорлығына көнбейтін көптің ішіндегі бірі – әкесі сонау қырдан Верныйға жаны қысылған соң, жақынын тапқан түрі ғой. Төрінен көрі жақын байғұс бір апта төсек тартты. Жас жыңғылдай күрең шағы емес. Түйнек болған жылқыдай тыпырлады. Басқыншы жұрт-ояз итжеккенімен қорқытып... Малымды айдап кетті, – деп шағынған байшікештердің арызы – жала. 
«Отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы елге тарайды» деген. «Сырттан батырдың аяғы Верныйға тиіпті» деген суыт хабар, ел-жұрттың ашса аузында, естісе құлағында екен. Артынан білгені – Қапал оязы Сырттанның үстінен арыз бергендерге  ат-шапан айып төлетіп, болысың шекарадан қарсы алып, кешірім сұрапты. Пай-пай, әкем бір аспандады-ау, ә? Аз да болса баласына жасаған еңбегінің қайтымын көрді. Тәубе!
* **
Генерал-губернатордың ерекше істер жөніндегі қызметшісі атанғаннан бері маза жоқ. Халықтан түскен арыз тартпада үюлі жатыр. Зорлықшы да, арызданушы да өзінің күн сіңген қазағы. Бірі жерін дауласа, екіншісі малын күйттейді. Оның үстіне туған мекеніне деген сағынышы мазалап жүр. 
– Айналайын, Барлыбек-ау. Мына халқыңның жайын бір көріп кетсеңші, – деп Жақып Ақбаев пен Көлбай Тоғысовтың жиі жазатын хаттары да бір себеп. Маман балалары не істеді екен? Сейітбаттал қажыға Верныйға іздеп келгенде Қарағаштағы салынбақ мектепке қаладағы өзі оқыған ер балалар гимназиясының үлгісін ұстатып еді. Оның жөні қалай? Не істеп, не қойыпты? Айтпақшы, Қапал мекені ақ патшаға ниеті қарсы азаматтарды жер аудартып, елінен аулаққа жібертетіндердің жабайы дала түрмесі сияқты. Кімдерді көрер екенмін деген сауал мазалады. Түстенуді «Ақтастыдағы Маманның қара шаңырағынан бастауым керек», – деп түйді Барлыбек. «Басы жерге жеткенше иіліп, погондыны көрсе өзін-өзі ұмытып кететін уезд билеушілерінен аулақ жүрейін»...
Тарантас арбадан сүйеп түсірген бай күтушілері, қолтығынан демеп, он екі қанат қазақ үйге бастаған. Пысық бірі: Үйде өңшең мырзалар отыр. Оязбен бірге Жақып ағайым да, Көлбай көкем де, Ғазиз мұғалім де бар, – деп хабардар еткен. «Қапал жақын болған соң, ояз келген бе? Өңшең өкіметке қарсыларды жинап алған ба?» – деп күбірлей беріп, бастаушыға бұрылды.
– Ояздың жандайшаптары жанында ма? – деді сонан соң.
– Орысы бар ма, ішінде...
– Әйтеуір бір сарысы бар. Оязы сол болса керек. Кім көріпті, оны, – деді бастаушы жайбарақат жауап қатып. Барлыбек сұрауын сұраса да, бейтанысқа таңдана қараған. «Ғабдулғазиздікі жөн делік, ал Жақып пен Көлбай жер аударылғандар санатында емес пе? Қасқыр мен қарсақ бір астаудан ас ішпесе керек еді. Оның үстіне уездің басшысы салт бас, сабау қамшы жол кешіп не көрініпті... нөкері қайда?» Барлыбек бастаушыға сұстана қарады да:
– Әй, жігітім, үйде ояз отыр дедің бе? – деді Барлыбек алғашқы сауалын пысықтап. Күтуші жігіт Барлыбекке үрке қарады.
– Иә, ояз ғой деймін, тура сіз сияқты киінген. Олардан да сіз үлкен ұлықсыз ба? Барлыбек жауапқа қанағаттанбай, жігітке қайта шүйілді.
– Ояз орыс па? – Күтуші жігіт басын шайқай беріп:
– Орыс сияқты шені бар. Сөздері жарасып отыр. Қазақшасына таңғалдым...
– Солай демейсің бе? Алға аттай беріп, Барлыбек қабағы ашылып, адымын алшақ алды.
– Мұхамеджан болмасын. Петербургтен кеп, ел аралап жүр деп елден естіген. Обалы қане, өзін бір-екі рет іздеп келіпті. Ол кезде өзі шүршіт пен қазақтың шекара  бөлісінде жүрген. Қазақтың тарихын зерттеп жүр деген. Теміржол инженері. Қиық мұртты, дөңгелек жүзді, маңдайы кең, қойкөз, пысық бала еді. Қандай болып ержетті екен. Адамға жұғымды еді. Губернаторды жағалап жүріп, «Ұлттық кадр болады, ертеңгі күні сізге де қолғабысы тиеді» деп жолдама бергізіп, Верныйдан Санкт-Петербургке пойызға билет алып беріп, шығарып салған. Маңдайынан сүйіп: «Жолың болсын, балақай! Қазақтың көзі ашық, көңілі ояу азаматтарының көбеюі өте қажет. Білегі жуан бірді жығады, білімдісі мыңды жығады». Қараңғы қазақтың күні қараң. Осыны зердеңде сақта. Ақ патшаның ниеті жаман. Қазақты құл жасап, таптауға ниетті. Аяғыңды байқап бас», – дегені есінде.
Табалдырықтан аттаған бетте «ояздың» Барлыбекті құшақтай алғанын көз қиығымен бақылап тұрған күтуші жігіт:
– Бәсе, екі ояз құшақтасты, – деп күңк еткен. Көлбай да, Жақып та «жаңа» оязбен төс қағысып амандасты. Құс жастықты құшақтап жатқан Сейітбаттал қажы да орнынан атып тұрып: Сырттан батырдың бауыр еті, қош келдіңіз, – деп сәлемдесті. Есенқұл қажы да құр тұрмай, Барлыбекті тұңғыш көрсе керек.
– Аға, ассалаумағалейкум, – деп қолын ұсынды.
– Ақсақалдың, ағаның арты қайырлы болсын, – деп Барлыбек те өмірден өткен Маман мен Тұрысбекке көңіл айтты. Артынша:
– Рахмет! Алғысым шексіз. Қазақтың бар баласы сіздердей болсын. Мектептеріңіздің өрлегеніне қуаныштымын, – деп сүйінішін де жасырмады.
Алдыға ас келіп, қымыз құйылғанда Барлыбек Верныйдың жай-жағдайын айта келіп, сан алуан мектептің тірлігін сөз етіп: «Қарағаш» мектебі Жетісудағы тұңғыш оқу орны. Осы мектепті бітіргендер сонау Петербургтен бірақ шығады әлі, – деп қуанышын жасыра алмады.
– Ақ түйенің қарны әлі-ақ жарылады. Бөкей ордасындағы Айғаным, Торғайдағы Ыбырай енді, міне, Қарағаш мектептері қараңғыдан жол көрсетер шапағатты шырақ емес пе? Қазақ жұрты қуанып жатыр. Үш кластық медресе, сегізжылдық мектепке айналып отыр. Мен де қарап жатқан жоқпын. Ерлер гимназиясына сайдың тасындай қазақтың Базарбай Мәмбетов, Ысқақ Дүйсенбаев, Салық Аманжолов, Нүсіпбек Жақыпбаев, Қанат Боранбаев, Ораз Жандосов, есімін ұмыттым Бәрібаевтар сынды қазақтың қара домалақтарын кіргіздім. Жол бастаған мына Мұхамеджан бауырым, – деп бір көсілді.
– Әттең, соның бәрі қазағым десе ғой...
Бұл екі ортада Ғабдулғазиз тілге келген.
– Сегіз тілді біліп, Каир университетін бітіріп келіп, Қарағашта ұстаз атанып жүрмін, Барлыбек. Қазақ жұрты әбден білімге шөлдепті. Ұрпағынан елдің аяры жоқ. Қолшоқпарлары, аш өзегіне түскендей, барды жұтып, жоқты іздеумен әуре. Тіпті мына Арасанның шипалы суын иемденіп мәз. Жабайы курорт жасап, күрке тігіп, қиясын емдеген жақын маңның шал-шақпытын, кемпір-кепшігін қуып жіберіпті.
– Солай де, – деді тосын хабарды естіген Барлыбек таңдана. Мына Арасанның шипалы суын қазақ жұрты пайдалану керек. Басына құрылыс салып, ем алса, құдайдың жарылқағаны, – деді Жақып.
– Игілікті іс болар еді, – деп қостады Көлбай.
– Орыстың шенді шошқаларының мұрны иісшіл. Батпағын жағып, суына шомылып жатады, түге. Суын ішіп те мәз. 
Барлыбек әңгіменің өзіне бағытталғанын бірден сезді.
– Ойға қонатын шаруа екен, – деді сонан соң. Аяғы сырқырап, белі ауырған жақын маңның асай-мүсейін алып кеп, күрке тігіп, құяңын емдейтінін естіген.
– Губернаторға айтып нұсқау бергіземін. Шенділердің зорлығын тыямын. Тек Жақып, Көлбай Верныйдың қожайынына, хат жазып өтініңдер. Арыз менің қолыма тиеді ғой. Ар жағын өзім шешермін, – деді Барлыбек кесіп айтып.

***
Жұрт көңілінен шығып, шипажайды реттегенімен, Барлыбек өз басының дертінің асқынып бара жатқанын сезді. Қызметтен босап, отставкіге шығып, өзінің жарық дүниені көрген топырағына келіп, бие байлатып дертке шипа қымыз ішіп, денсаулығын емдеуге ден қойған. Мұнда да «Сырттан батырдың баласы келіпті. Үлкен ұлық. Арыз-шағымымызды патшаға жеткізіп, қолы ұзын ғой», – деген жұрт табалдырықты тоздырды. Қайғы жеп, қасірет көрген елдің өтінішін жерге тастау әдетінде жоқ. Қызметте жүріп, талайдың жоғын жоқтап еді.
Ел ішіне келіп, етек-жеңін жинаған соң, мұңын шаққан кедей-кепшіктің арыз-құрызын жинап Петербургке ақ патшаға жол тартты. 
Ешкім қарсы алмады. Абдолла да, Бақытжан да вокзалға келсе керек еді. Пойыздың «қара бұқасы» өкіріп-бақырып қала ішіне кіргенде, жүгін жинап, тамбурдың терезесінен сыртқа көз тастаумен уақытын өткізді. Өңшең тік қалпақты, белдігін көкірегіне таман буынған, кеудемсоқ ақсүйектер де, ұзын етек, кеулеме көйлек киіп, қолшатыр ұстаған төменетектілер де вокзалда жыртылып айырылады. Бір шетте өңшең бұйрабас сығандар да, гитарын дыңғырлатып, әлдебір мұңлы әнді салып тұр. «Заман қиын, байқап бас. Әйтпесе көресіні көрсетемін» дей ме, пагондылар қаптап жүр. Дені казактар – ақ патшаның қолшоқпары. 
Санкт-Петербург өзі оқып жүрген уақыттан өзгерген сияқты. Қалпақ киіп, таяқ ұстаған әне біреуі иісшіл иттердей, әлде біреудің соңынан қалар емес. Кездесіп қалып, аңдушысының бас-аяғына сүзе қарап, майысып, қателесті ме, кім білсін, бұрылып жөнеле берді. Барлыбек мырс етіп күліп жіберген. 
Пойыздан түсе сала Бақытжан хатпен хабарлаған пәтерді адаспай тапты да, жалдаушы әйелге жөнін айтып, кереуетке құлаған.
***
Есіктің қоңырауы сыңғыр еткенде, жолдан шаршап қалың ұйқыда жатқан Барлыбек оянып кеткен еді. Есіктен кірген Бақытжан екен, Барлыбекті құшақтай кетті.
– Қош келдің, бауырым! Өзіңе жазған хатымда: «Меніңше, жалғыз сен ғана халықтың сеніміне ие болдың. Жалғыз сен ғана халық үшін еңбек еттім деуге хақың бар», – деп жазып ем. Айтқаным айдай келді ме? Елдің мұңын жоқтап жетіпсің, – деп сәл уақыт құшақтап еміреніп тұрып алды.
– Ау, Думаның депутаты, өктемдік танытқаныңа жол болсын. Біз де Бәкеңді сағынып қалдық. Бір уақыт бізде мауқымызды басайық, – деді Абдолла дау сала күңкілдеп. Бақытжан Барлыбекті құшағынан жіберер емес.
– Әлі де ақ патшамен алысуға келіпсің. Дұрыс-ақ. Ел саған сеніпті. Сәттілік тілеймін.
– Ау, маған да сөз берсеңші. Сағындық қой. Өзіңнің бір кезде генерал-губернаторға қарсы тұрып, мешітке ілмек болған ақ патшаның суретін алдыртып тастағаныңды естіп, мақтанғанымды көрсең. Арыстанға айбат шеккен нағыз батырсың. Сөйтті де бұрыштағы сықырлауық ескі орындыққа отыра беріп, шошына орнынан тұрды.
– Бауырым-ау, түрің не боп кеткен? Арып-аршып... Денсаулығың болмай  жүр ме? Емдетелік, – деді шыж-быж боп Барлыбектен көзін алмай.
– Иә, емделу керек, – деді Бақытжан ескі диванға жайғасып. Достарының де-меуі Барлыбектің жанына шуақ құйып, жадыратып жіберді.
– Дерт жазылар. Жайлауға жаным жетті ғой. Саумал, қымыз ішіп, емделіп жүрмін. Нағыз дәрі сол ғой, – деді Барлыбек достарын жұбатып.
– Мұның дұрыс, бауырым, – деді Бақытжан.
– Сонау бесінші жылы Оралдағы бес аймақтың делегаттары бас қосқан «Алаш» партиясының жиынындағыдан жүдеу тартыпсың. Асау тұлпардай жұлқынып тұр едің, сол кезде.
– Е, өтіп бара жатқан уақыт қой. Жә, жігіттер онан да Петербургтегі жаңалықтардан хабардар етіңдерші, – деді Барлыбек ертеңгісін ғана көрген көріністерді есіне алып.
– Жөн, – деді алыстан келген қонаққа көз астымен  Бақытжан ұрлана қарап. «Ауырып жүрсе де алған бетінен қайтпайтын қайсарлық»,  – деді содан соң ішінен күбірлеп.
Әңгіме түн ортасына дейін созылды. Бақытжан Думадағы жайды тілге тиек етсе, Абдолла да қалыс қалмады. Барлыбек ел ішіндегі қиын жағдайды мейлінше талдап, тереңнен ақтарылды.
– Әттең, өз билікшіміз, әскеріміз болса деймін, – деді ол. Үшеуінің қабақтары түнеріп, ауық-ауық күрсініп, бөлме ішін мұң басты. Әңгімені Бақытжан түйіндеді.
– Жігіттер, күн жаумай, су болмайық. Құдайға шүкір, қатарымыз көбейіп келеді. Біздің ауылға да таң атып, күн шығар. Тәуелсіз ел атанармыз. Өзің әкелген ел сәлемін Думаға мен жеткізейін. Абдолла ұлықтардың кеңесін жағалар. Айтпақшы, саған Әл-ағаң (Әлихан) өзіңе бір үлкен шаруаны табыстапты ғой.Сол құжат жазылса, алға қойған ісіміздің жетекшісі болар, – деді ол Барлыбекке бұрылып. Қазақша жазылуы міндетті. Қалай дегенде Барлыбек бауырым, сен Санкт-Петербург императорлық университетінің шығыстану факультетін үздік бітірген қазақ емессің бе?
Барлыбектің жүзі жылып сала берген. Ойда-жоқта қойын қалтасынан бір бума ұқыпталған қағаз буманы алып, алғашқы парағын бөлектеп жайды да, қоңыр дауыспен оқи бастады.
– Бірінші бап: «Қазақ елі халық билейтін һәм қазақы ерекшеліктері бар ел».
Оныншы бап: «Қазақ елінде адам баласының бәрі де тең құқылы. Дініне, қанына, тегіне қарап адамды қорлауға жол жоқ. Адам тек Закон һәм Құдай алдында жауап береді».
Он тоғызыншы бап: «Жердің кені, суы, көлі һәм таулары қазақ елінің игілігінде». Барлыбек сәл тоқтап еді, Бақытжанның: «Бауырым, ары қарай оқы», – деген даусы естілді.
Сол сәт Барлыбекті оқыс жөтел ауыз жаптыртпай, қолорамалымен тұмшалап аузын басып, есікке қарай ата жөнелді.
Ақ параққа жалма-жан үңілген Бақытжан мен Абдолланың қағазға шашыраған қан түйіршіктеріне көзі түсіп абдырап қалды. Бұл 1911 жылдың 13-ші маусымы еді.
– Қайран Барлыбек, – деді Бақытжан жанары жасқа шыланып.
– Бұл қанмен жазылған қазақтың заңы ғой, – деді Абдолла Теміров.
...Тұңғыш қазақ конституциясының жобасын жазған Алаш азаматы Барлыбек Сырттанов 1914 жылы қарашаның 26-да туған ауылы Қарашоқыда құрт ауруынан көз жұмды...
Шәкен КҮМІСБАЙҰЛЫ.


ЕСКЕРТУ:  Жақып Ақпаев, Абдолла Теміров, Көлбай Төгісов, Мұхамеджан Тынышбаев – «Алаш» қайраткерлері.
Сейітбаттал, Есенқұл Мамановтар Жетісудағы «Қарағаш» (кейінде «Мамания») мектебін ашқан, тұңғыш қазақ романына бәйге жариялаған, «Алаш» партиясына көмек еткен азаматтар.