МӘСЕЛЕ. СҰРҚЫ ҚАШҚАН СҰПТАЙ

Уақыты: 13.03.2023
Оқылды: 2052
Бөлім: БАСТЫ БЕТ

Кезіндегі Талдықорған облысында дүркіреп тұрған екі есім, екі ауыл болды. Оның бірі – қант қызылшасын өсірумен даңқы шығып, «Дала академигі» атанған Нұрмолда Алдабергеновтың Шұбар ауылы, екіншісі, Ұлы Жібек жолының бойындағы ұлан-ғайыр кең даланы игеру мен жемісін теруге көпшілікті ұйымдастыра білген, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Николай Головацкийдің ұжымшары болатын. Бүгінде Жаскент ауылдық округіне қарайтын Сұптай ауылы сол Головацкийдің қол табы қалған, жұлдызы жанған ауылдардың қатарында еді. Өкінішке қарай, 2011 жылы «Болашағы жоқ ауыл» санатына қосылып, шаңырағы шайқалып, қабырғасы қаусағанымен, ауылдастардың қажырлы еңбегі, ынтымағы мен берекесінің нәтижесінде 2016 жылы бұл санаттан алынған. Бірақ сол бірнеше жылдағы қиын күндерде ауылдың берекесі кетіп, бүлінгенін ауылдастар қынжыла баяндады. 

ТІЛЕБАЛДЫ АТАНЫҢ ӘҢГІМЕСІ

Бала күнімізде көп дүниені ескермеппіз. Есейе келе, туып-өскен ауылымызда еңбек етіп жүріп, қолымыз босамады. Енді, міне, ауыл тарихының жастарға керегін сезініп, екі-үш жылдан бері ауыл тарихы жайлы кітап жаза бастадым. Алдымен мені Сұптай деген атау қызықтырды. Іздене жүріп, ақыры оның құпиясын да тапқандай болдым. Сөйтсем, Сұптай моңғол тілінде меруерт, Шежін – төскей, Қонақай – біліктөр, Нәдек – той орны, Дүпшінкөл – Тынық көл, Бұлаңқара – Алтын жер деген мағына береді екен. Жер атауын анықтап алған соң осы ауылда қуғын-сүргінге ұшыраған, соғысқа кеткен жерлестеріміз жайлы ізденіп, талай есікті ашып көріп едім. Толық тізімін әлі де анықтай алмай келемін. 
Сұптай ауылына 1954 жылы көшіп келдік. Ол кезде ұжымшар жаңадан құрылып жатқан тұс еді. Ауылдағы Абыл Сағымбеков, Нұржамал Отынбекова, Омар Ақбаев, Галошок Семион, Әлімбатыр Төлебаев отбасыларына алтыншы үй болып қосылдық. Әлімбатыр аға ұжымшардың қойын бағады екен. Бірақ кәрілік меңдетіп, көзі нашарлағандықтан қой бағу қиындай түседі. Осыны ескерген Головацкий әкеме Әлімбатыр ағаның жұмысын атқаруға ұсыныс етеді. Біз осылай көшіп келдік. 1955 жылы Қытайдан қандастарымыз келе бастады. Сол қатарда әкемнің жиені Қалимолда Жанпейісов те осы ауылға қоныстанды. 1956 жылы көшіп келгендердің қатары көбейіп, 20 шақты отбасы болды. Ол кезде бұл аумақ Жаркенттегі балалар үйіне қарасты болған екен. Отбасы көбейген соң Головацкий бұл жерді ұжымшарға қосып алады. 1957 жылы осы маңдағы бірнеше ұжымшар бірігіп, оған Октябрьдің 40 жылдығы деген ат берді. Сонымен тұрғындар мен бала артып 1956 жылы алғаш рет екі бөлмелі бастауыш мектеп ашылды. Бір бөлмесінде Зайнудин Сәбитов деген мұғалім тұрды да, екіншісінде балалар оқитын. Сұптай ауылының іргесі осы 1956 жылы қаланды десек те болады. 1962 жылы шекара ашылып, арғы беттен өткен ағайындар осы ауылға орналасып, қатарымыз көбейе түсті. 
1970 жылдан бастап ауылдың тіршілігі түзеліп, желі оңынан туа бастады. 1971 жылы спортзалымен қоса мектеп, оның жанынан 240 орынды Мәдениет үйі бой көтерді. 1984 жылы 120 орынды балабақша, сол сияқты монша, пошта үйі, дүкен, медпункт, тағы да басқа халыққа қызмет көрсету орындары арт-артынан салынып, тұрғындардың жағдайы жақсара түсті. Ауылдастар кезек-кезегімен тегін үймен қамтамасыз етіле бастады. Өз еркімен баспана тұрғызамын дегендерге жер телімі және 50 пайыз жеңілдік қарастырылды. Қысқасы, ауылдың атағы алыс-жақынға дүркіреп тұрды. Мәдениет үйінің 2-қабатында кітапхана да болды. Ауыл еңбеккерлері қолы босай қалғанда сонда жиналып, кітап оқитын. Басқа да мәдени шаралармен айналысатын. Қазақтың маңдайына біткен талай нарқасқа ұлдары Мәдениет үйіне келіп, концерт қойып, жұртты серпілтіп тұратын.
Головацкий марқұм өле-өлгенше: «Ұжымшарды таратпаңдар!» деп өтінумен кетті. Бірақ біз ол өтінішке қарсы жұмыс жасадық. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жоспарсыз жасалған қиянаттар қолда бар байлықты бұзып-шашып, талап-тонап, бәрін бітірді. Ішілген шайдың самасын кептіріп, қайта қайнатып ішкен, нанның орнына кебек жеген күндерді бастан өткердік. 2005 жылы Головацкий мен Сұптай ауылы қосылып, Жаскент ауылдық округі болып құрылды. 
Бір күні ауылды айналып келе жатсам, ауылымыздың азаматтары Мәдениет үйінің артынан кіріп, ішіндегі керек-жарақ, құрал-жабдықтарды тонап жатыр екен. Сол тұстағы ауыл әкіміне, құқық қорғау саласының өкілдеріне жағдайды мәлімдедім. Назар салған адам болмады. Сонымен әбден тоналған мектеп пен Мәдениет үйінің ғимараты қаусаған күйі ширек ғасырдан бері қаңырап тұр. 
Ақсақал осы тұсқа келгенде көзін бір сығымдап алды. Қайтсін енді, балалық, жастық дәуірінің қызықты кездері есіне түсіп кетті ғой.

ҚАБЫРҒАСЫ ҚАУСАҒАН МЕКТЕП

Сұптай ауылының батыс жағында атшаптырым аумаққа салынған мектептің қаңқасы тұр.
– Көне мектеп ғимараты 1971 жылы салынып, қолданысқа берілген. Бір қабатты ғимаратқа спортзал, шеберхана, сынып бөлмелері орналасқан. 180 орынға арналған мектептің жалпы аумағы 1,371 гектарды құрайды. Қабырға материалы қызыл кесек, іргетасы цементпен құйылған, төбесіне қағылған тақтайлар, шатыры асбест шифермен жабылған. 1998 жылы жылу жүйесінің жоқтығы себепті ғимарат жабылған. 2011 жылы «Алматықұрылысэксперт» ЖШС сараптама жасап: «Мектептің ғимараты жарамсыз, жойылуға берілсін» деген техникалық қорытынды шығарады. Сол жылы білім ордасы жабылып, жанындағы балабақшаға көшіріліп, осы күнге дейін сол ғимаратты мектеп орнында пайдаланып келеміз, – дейді Сұптай орта мектебінің директоры Руфат Толымбеков.
Кезінде осы ортадан түлеген талай шәкірт бүгінде елдің құрметіне бөленіп, жұрттың алдында беделін өсіріп жүр. Бірақ берекесі кеткен білім ордасына назар аударған бірі жоқ. 
– Осы мектепте алғаш ұстаздық жолымды бастадым. Ол кезде 30-дағы жастар едік. Бүгін зейнеткерміз. Алғаш ашылуында лентасын қиғанның бірі едік. Гүлбақан, Тұрсынқан, Ерқанат, Ербосын сияқты мұғалімдер болды. Сарыбел, Сұптай, көрші ауылдың балалары осында оқыды. Сол балалардың көбі Астана, Алматы, Талдықорған қалаларында маңызды орында жұмыс істейді. Ғылым, білім, мәдениет, денсаулық сақтау саласында үлкен жетістікке жеткендері де көп. Олардың бәрі «Сұптайда туғанбыз» деп мақтана-ды, – дейді зейнеткер Рәзимаш Өмірзақова.
Дегенмен, «Өзі болған келін төркінін танымайды» дегендей, мектептің бүгінгі жағдайы сұптайлықпын дейтін әрбір азаматқа сын болатыны анық. 2015 жылы Сұптай орта мектебінде 159 бала оқыса, бүгінде 203 бала білім алуда. Мектепке дейінгі бала саны да 70-ке жеткен. Демек, жыл өткен сайын мектепке келетін балалардың қатары көбейіп, аядай балабақша тарлық етуде. Ал көне мектепті қайта жаңғырту ісі қайта-қайта көтерілгенімен, жуыр маңда жөнделе қоятын түрі жоқ. 

ДӘНЕШ ӘН САЛҒАН МӘДЕНИЕТ ҮЙІ

Есік-терезесі, ішіндегі керекке жарайтын заттары түгелімен тоналған Мәдениет үйінің ішкі және сыртқы қабырғаларындағы көрнекі суреттер әлі де сол қалпын бұзбапты. «Бізде талай думан, той өткен» деп өткен күндерді еске салып тұрғандай. 
–  Мәдениет үйі алғаш ашылған тұста осындағы қызметкерлердің жағдайы жақсы болды. Біз ауыл-ауылды аралап, концерт қоятынбыз. Түрлі мерекелік шарада алтыбақан теуіп, көкпар ойынын көрсетіп, әжелер сайысын, келіндер сынын өткіздік, қандай шара болса да ауылдастар өнер көрсететін. 8 наурыз – халықаралық аналар мерекесі, Наурыз мейрамы, тағы да басқа айтулы күндерді осында атап өтетінбіз. Жастармен, апалармен де жұмыс істедік. Сол кезде Света Рахымжанова апайымыз директор, Бибігүл Қалыбаева, Алма замандасыммен талай көңілді күндерді кештік қой. Кейін тоқырау жылы басталды да, Мәдениет үйінің  халі мүшкіл тартты. Біраз жыл жанашыр жандар қорғағанымен, ол кісілер кеткен соң талан-таражға түсе бастады. Өкінішке қарай, бүгінгі қалпын көріп, көңіліміз бұзылады, – дейді Сұптай ауылының тұрғыны Сәбетхан Мамаева.
Ауыл азаматтары ғимараттың айналасын реттеп, ағашын кесіп, ішінің қоқыр-соқырын тазалап тұрғанымен, өнердің үні естілмегеніне біраз жыл болыпты. Мәдениет үйінің сыйқы кетіп тұрса да сұптайлықтар: «Бұл үйдің сахнасында Нұрғиса Тілендиев өнер көрсетіп, Дәнеш Рақышев, кейінгі кезде Жанар Айжанова, тағы да басқалары ән салған», – деп мақтанады.
Ауыл әкімдігі де Мәдениет үйін қайта қалпына келтіру үшін қам жасап жатқан көрінеді. Бірақ, бәрі қаржыға тіреледі ғой. Тиісті орындарда қандай жоба-жоспарлардың бар екенін білмедік.

БАЛАБАҚШАНЫ КІМ САҚТАП ҚАЛДЫ?

1984 жылы 120 орынға есептеліп салынған балабақша 1998 жылдан бері Сұптай орта мектебінің базасына айналған. Қазіргі таңда мектептегі 203 бала 8 кабинетте екі ауысыммен білім алады. Білім шаңырағында спортзал, жиынжай, шеберхана деген атымен жоқ. Аядай ғана бір бөлмеде бірде концерт қойып, енді бірде денешынықтыру пәні өтіп, тағы бір күні жиналыс ашып, әбден ығырын шығарып бітіпті. Қайта балабақша ғимаратының сақталып қалғанына да шүкір дедік. 
– Балабақша алғаш ашылғанда 120-дай бала болды. Ата-аналары ауыл шаруашылығында, мектепте, бордақылау алаңында жұмыс істеді. Ал балалары осында тәрбие алды. Тоқырау жылдары басқа ауылдағы балабақшалар тоналып, бүлініп, сатылып жатқанда Қасқырбай Тоқтасынов ақсақал күндіз-түні балабақшаны күзетіп, шып-шырғасын шығармай ұстап тұрды. Біз ол кісінің тұрмыстық жағдайын қамтамасыз еттік. Кейін көне мектеп жарамсыз деп танылған тұста 9 адам комиссия құрып, балабақшаны ішіндегі құрал-жабдығымен мектептің балансына өткіздік. Сол кездегі мектеп директоры Ғалымжан Ырысбаев балабақшаның заттарын сатып, оны қайтадан жаңғыртып шықты. Қанша ыңғайсыз, қолайсыз болса да содан бері балалардың білім алуына септесіп келеді. Бірақ заманға сай тәрбие жұмысымен айналысу үшін көне мектепті қайта қалпына келтірмей немесе жаңа мектеп салмай болмайды, – дейді зейнеткер Тұрсынбүбі Сағымбекова апамыз.
Сұптайлықтардың мұңы мұнымен бітпейді. Жыл өткен сайын тұрғындардың саны артып, сәбилер көбейген сайын оларға көрсетілетін медициналық көмектің де салмағы арта түскен. Ауылдық фельдшерлік-акушерлік пункттің жағдайы сын көтермейді. 
 – Бұл пунктте екі-үш адам жұмыс істейміз. Ауылда 980 тұрғын бар. Бізге бір «жедел жәрдем» көлігі кемшін болып тұр. Егер сол мәселе шешілсе, «жедел жәрдемді» қаладан шақырып, сырқаттанған тұрғындарды абыржытатын жағдайдан құтылар едік, – дейді дәрігер Кеңес Талапұлы.
Тағы бір мәселе, ауылдағы пошта қызметінің нашарлығы. Оларға пошта арқылы жеткізілетін дүниелер көрші Бірлік ауылдық округінің орталығы Алты үйдегі пошта қызметкерлері арқылы келіп тұрады. 

Ауылда жұмыс тоқырап тұр дегеннен аулақпыз. Ауыл әкімі Руслан Керімқұловтың айтуынша, интернет сапасын әлі де жақсарту керек, электр жарығы, ауызсу мәселесі толығымен шешілген. Ауылдағы 8 көше рет-ретімен асфальтталып, тұрғындардың талабы орындалуда.  Ауылға амбулатория салу жұмысы жоспарға енгізіліп, жер телімі бөлінген, келесі жылы салынады деп күтілуде. Ауыл тұрғындары ұйымшыл әрі ауызбіршілігі мықты. 
Демек, «Сұптай ауылының болашағы жоқ» деп айтуға келмейді. Қайта болашаққа бағдарын айқындап, бағытын түзеп келе жатқанын байқадық. Тек мектеп пен Мәдениет үйі жаңғырып, амбулатория салынып, пошта қызметі жақсарса, алыста жүрген талай жас ауылына қайта оралар еді.

Қажет АНДАС
Сұптай ауылы
Панфилов ауданы