"Ешқандай әңгіме жоқ": Бейбіт Исабаев өзін Талдықорған қаласының әкімімен "шекісіп қалды" деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді

Уақыты: 25.05.2023
Оқылды: 1224
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Соңғы уақыттарда түрлі ақпаратқа онсыз да мелдектеп тұрған әлеуметтік желі мен сайттарға тағы бір «тың» тақырып табылғандай болды. Жетісу облысы басшысы  мен Талдықорған қаласы әкімі «шекісіп қалыпты» дегенге сайып кеткен қауесеттің соңы «қалаға жаңа әкім тағайындалуы мүмкін» дегенге сыйып кеткендей көрінді. 

Дәл осы БАҚ-та ыстығы басыла қоймаған, басып қалсаң шыж етердей «күйіп» тұрған сауалға Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Кербұлақ ауданындағы халықпен кездесуге нақты жауап берді.

– Менің жеке қабылдауыма келген 3 адам: «Әкімімізді Талдықорған қаласына алып кетейін деп жатыр екенсіз» деп әлеуметтік желіні ашып көрсетті. Онда Марлен Көлбаев пен Қанат Есболатовты алып кетеді деп жазылыпты. Ондай ойым жоқ. Оның бәрі өтірік, жалған. Қаланың әкімі денсаулығына байланысты дүйсенбі күні жұмысқа шығады. Өзімен сөйлестім. Ешқандай әңгіме жоқ. «Облыс әкімі шекісіп қалыпты» деп жазып жатыр ғой. Содан ауырып қалыптпы деп. Ол да жалған, – деді облыс басшысы.

 

Осылайша, БАҚ-та тараған ақпаратты "бәрі жалған" деп теріске шығарған Бейбіт Исабаев қоғамды басқаруға қатысты ойымен де бөлісті. Оның айтуынша, әуелден ашық болғанда қоғам бүгінгідей айыптамас еді. 

–  Демократиялық қоғамды басқарудың өзі қиын. Бірақ бір жайт естеріңізде болсын, ашық қоғам бар, демократиялық қоғам бар, азаматтық қоғам бар. Азаматтық қоғам қалыптасуы үшін ақыл-парасат, біліміміз, біліктілігіміз белгілі деңгейде болуы керек. Сіздердің көптеген пікірлеріңізге түсіністікпен қарауымның себебі, өкінішке қарай, 30 жыл бойы қоғамның үнін дұрыс естімей, құлақ түрмей келдік қой. Кінә өзімізден болды. О бастан ашық болсақ, қоғам бізге ренжімес еді. Сондықтан бәрі де өтпелі. Бүгінгі қиындық ұмытылады. Өкпе-реніш қалады, жағдайымыз дұрысталады. Көйлегіміз көгерер, өз қолымыз аузымызға жетер, экономикамыз көтерілер. Бәрі ұмытылады, бәрі артта қалады. Сол себепті «өсер елдің баласы бір-бірімен дос келеді» деген қағиданы берік ұстайық. Әрине, әркім өз ойын айтуға құқы бар. Менің ұстанымым – ардың соты бар. Әркім арының алдында өз ісіне жауап береді, – деп сөзін қорытындылады.

Айта кетейік, осыған дейін Әсет Масабаевтың ауруханаға түскені туралы ақпарат әлеуметтік желіні шарлап кеткен. Тіпті кейбір сайттар оны «Облыс әкімімен шекісіп қалған» деп жеткізді. Артынша, бірер күннен кейін оның орнына Көксу ауданының әкімі Марлен Көлбаев пен Кербұлақ ауданының әкімі Қанат Есболатовтың біреуі келуі мүкін екені жазылған болатын.

Мәулен ӘНЕРБАЙ