МАҒЖАН СЕНГЕН ЖАС ҚАЙДА?

Уақыты: 26.11.2023
Оқылды: 714
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Кешегі Мағжан сеніп, үміт артып кеткен жастарды бүгін біз сол талапқа сай етіп тәрбиелей алып отырмыз ба? Айтылар сын көп. Бірақ неден ақсап тұрмыз, неге жастарды көп сынға аламыз? Ал шын мәнісінде олар қателеспесін деп дұрыс көңіл бөліп, оң бағыт-бағдар бере алдық па деген сауал көбінде үнсіздікпен аяқталады. Бұл – аймақ пен өңір, уақыт пен түр-түс таңдамайтын ауқымды мәселе. Жас ұрпақ мемлекет пен қоғамнан бөлініп қалғандай болмауы керек. Осы үрейдің себебін жіктеп, тарқатып көрейік.

Тыңдамаған сөз жетім

Көп жағдайда бүгінгі отбасында қандай көрініс басым? Ата-анасы жұмыстан шаршап келдік деп балаға көңіл бөлместен жатып қалуы болмаса бала мектеп, үйірмедегі жағдайларын баяндай бастаса, «тыныш иә, иә» деп оның сөзіне назар аудармастан тыйып тастауы, мазамды алмасын деп смартфон беріп қоюы (онан не көріп жатқандығынан тағы бейхабар). Бұл – әр отбасында кездесетін күнделікті жағдайдың бір парасы ғана. Балаға дәп ананың қамқорлығы, жылуы мен мейірімі ауадай қажет кезде күнкөріс қамы үшін оның жұмысқа шығып кетуі, әкесі бос уақытында аз да болса баламен бірге ойнамай, ұялы телефоннан бас алмауы – мұның бәрі өз кезегінде бүлдіршіндердің көңіл жетіспеушілікке ұшырауына, тіл тазалығының бұзылуына, есте сақтау қабілетінің нашарлауына әкеп соғуда.

Өзіне жеткілікті назар аударта алмаған, мейірімге қанбаған бала өсе келе тура жолдан таюға, арандатушылардың сөзіне еріп кетуге, ішімдік, нашақорлық сияқты денсаулыққа зиян заттарға әуес болуға жақын тұрады. Психологтардың айтуынша, балаңа 11-13 жасқа дейін айтатын ақылыңды айтып, үйрететініңді көрсетіп ал, себебі одан соң бала тыңдамайды. Ары қарай оны өз ортасы, достары тәрбиелейді, яғни, соларға еріп өседі. Ол кезде ата-ана баласын күштеп тыңдата алмайтын көрінеді. Сондықтан да баланы «тыңдамаған сөз жетім» дегенге жеткізбей, оған қажет көңілді, айтар ақылды өз уақытында бере білу керек.

Салғырттықтың, баланы көзден таса қылып, дұрыс көңіл бөлмеудің салдары айта берсек өте көп. Күнде түрлі оқиғаға куә боламыз. Жай ғана мысал, кеше балабақша қақпасынан баласын кіргізіп жіберіп, топқа дейін апармауының салдарынан бүлдіршін артынша анасының соңынан ілесіп, қайта балабақша қақпасынан шығып кеткен. Мұндай жағдайда ол жоғалып немесе бір жамандыққа ұрынары хақ еді. Абырой болғанда, адасып жылап тұрған жерінен оны полиция қызметкері көріп, балабақшаға қайта кіргізген. Ал ата-анасына айыппұл салынды. Болмашы дүние көрінгенімен осындай сәттерде де бала алдындағы жауапкершілікті ең бірінші ата-ана терең түсінуі керек.

Бала алдындағы ата-ана жауапкершілігі мұнымен шектелмейді. Бала тілінің тазалығы, оның есте сақтау қабілетінің күшті болуы да ата-ана берген тәлім-тәрбиемен байланысты. Күні-түні телефонға телмірген бүлдіршіннің тілі кеш шығып, есте сақтау қабілеті бұзылады. Мұны ғалымдар әлдеқашан дәлелдеп қойған. Мәселен, бастауыш сынып мұғалімдері мұның бәрі бүгінгі бүлдіршіндер арасында жиі кездесіп отырған келеңсіздік екендігін айтады.

Қазіргі балалармен жұмыс жүргізу бұрынғыдан әлдеқайда қиын. Бүгін айтқаныңды ертең  ұмытып қалады. Әріптердің біразын анық айта алмайды. Бәрі бірдей емес, әрине, дегенмен, осындай жағдайлар көптеп орын алуда. Мұның бәрі ұялы телефонды балаға көп ұстатқаннан болуы әбден мүмкін, – дейді отыз жылдан артық бастауыш сыныптарына ұстаздық етіп келе жатқан Зәуре есімді мұғалім.

Осы тұрғыдан, әрине, логопед, дефектолог маманың да пікіріне құлақ түруді жөн көрдік. Бұрын бұл мамандық туралы жиі атылмайтын. Қазір сұранысқа ие. Бала тілінің дұрыс шықпауының себебін логопед-дефектолог Қарлығаш Мәдібекқызы былай түсіндірді: «Бұл мамандықтың соңғы жылдары сұранысқа ие болуының басты себебі құрсақта жатқан кезінен баланың дұрыс дамымай, дәрумен жетіспеуі, балаға көңіл бөлінбеуі, цифрлық гаджетті қолына ұстатуы, тұқым қуалау әсерінен тілінде күрмеуі бар және ерекше балалар саны артуда. Өкінішке қарай, елімізде бала денсаулығына қатысты күрмеулі мәселе күн санап көбейіп келеді. Бұл тұрғыда логопед маманы курсын оқу жеткіліксіз. Егер балаға шынайы көмектесемін дейтін маман болса, ол жан-жақты ізденіп, оқып, заман талабына сай түрлі әдіс-тәсілдерді үйреніп, өзін-өзі дамытып отыруы керек. Себебі, жыл сайын бала тілін дұрыстауға, зейінін ашуға түрлі құрылғылар шығуда», – деген ол баламен байланыста сөйлеу маңызды екендігін айтады.

ЮНИСЕФ-тің статистикасына сәйкес, елімізде бір жастағы балалардың үштен бірі қа­тыгездікке ұшырайды. Ал үл­кендер тарапынан дө­рекілік көрген 2-4 жастағы бал­дырғандар 50 пайызға жетеді. Балаларды ұрып-соғу арқылы тәрбиелеу көр­­сет­­кіші 5-9 жас аралы­ғын­дағы балаларда 58 пайыз­ дең­гейіне көтерілген. Ха­лықаралық ұйым өкіл­дері жүр­гізген сауалнама нә­ти­жесі көрсеткендей, ата-ана­ның 67 пайызы, яғни, сұ­рал­ғандардың үштен екісі ба­ласына психологиялық та, фи­зи­калық та қысым жаса­ғанын айтқан. Балалардың 62-79 пайызы әке-шешесінен ұдайы таяқ жейтіні анықтал­ған. Зерттеушілер балаға күш көр­сету арқылы тәрбие­леу ұрпақтан-ұрпақ­қа­­ бе­рі­­ле­тінін да айтады. Яғ­ни, кіш­кентай кезінде әке-­шеше­сінен жиі таяқ жеп­ өскен адам өзі ба­ла­лы-ша­ға­лы болғанда да ұл-қы­зына тым қатал қарай­ды.

Неге біз осы?!

Оралхан Бөкейше айтқанда, неге біз осы жастарды жиі жазғырамыз, неге қорғансыз балаларды зорлық-зомбылықтан арашалап қала алмай келеміз, көңіл бөліп, мейірімге қандыра алмай отырмыз?! Неге Алланың берген аманаты – балаларды біз педофилдерден толық арашалай алмаймыз?! Тіпті, өгей әкенің кішкентай екі қызға көрсеткен зұлымдығын біле тұра апасы да жасырып келгендігі туралы оқиға орын алды кеше ғана елімізде. Мұндай ашылмаған қаншама факт барын тағы білмейміз. Статистика бойынша, әлемде 2 минут сайын 1 бала жыныстық зорлық-зомбылық көреді екен. Әрбір үшінші қыз 18-ге толғанша осындай жыныстық тиісуге ұшырайды. Қазіргі уақытта төрткіл дүниеде  ата-аналардың және өзге де ересектердің балаларға қатысты зорлық-зомбылық және қатыгездік көрсетуі, оларды агрессияға тартуы, кәмелетке толмағандарға жыныстық, эмоционалды және физиологиялық зорлық-зомбылық көрсетулері проблемаға айналып отыр. Неге? Сан сауал, бірақ тұшымды жауап жоқ. Бәріне тыныштық керек. Баланың арыз-шағымын тыңдауға уақыт жоқ деген себепті алға тартып, сытылып шығамыз.

Айталық, Қаңтар оқиғасы кезінде де бүлікшілердің дені жап-жас өрімдей балалар болды. Мемлекеттік орталық мұражайға жасалған шабул кезінде сол жас балаларды мұражай қызметкерлері «айналайындар-ау» деген бірауыз жылы сөзімен тоқтатып, ұлттық жәдігерлерді сақтап қалуының өзі олардың мейірімге шөлдеп жүргендігін көрсетсе керек. Жоғарыда айтқанымыздай, ата-ана мейіріміне қанбаған бала арандатушылардың, жат діни ағымдардың жетегіне тез еріп кетеді. Мемлекетке төнетін тағы бір қауіп осы.

Қазақстанның саяси тарихында қара дақ болып қалған Қаңтар қасіреті жастар жадында жаңғырып тұратын, бәлкім, мәңгі сақталатын ауыр оқиға екендігін айтқан Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан: «Сол бір сұрапыл күндерде көшеге шыққан жастардың сауатты бөлігі елді қиратамыз деп емес, керісінше, надандық пен әділетсіздікке, тамыры тереңге кеткен сыбайлас жемқорлық пен қызмет бөлістегі жөнсіз қамқорлыққа, бір қолға шоғырланған байлыққа, жұмыссыздыққа, баспанасыздыққа, жастар саясатындағы салғырттыққа қарсы күрес үшін деп шықты. Қоғамда әділеттік орнатамыз, отбасылық кландарды жоямыз, ашық саясатқа жол ашамыз деп сенді», – дейді. Сөзінше, ең өкініштісі – өрімдей жастарымыздың басым бөлігі содырлардың алдауына, мемлекетті күшпен басып алу арқылы төңкеріс жасауды көксеген теріс пиғылды опасыздардың арбауына іліккендігі.

–  Сол күндері қылмыскер болуға, елін опасыздардың қолына беруге дайын жас азаматтарымыздың бар екенін шыққыр көзіміз көрді. Бұл – аса қауіпті үрдіс. Алайда бұл құбылыс аспаннан құлап түскен жоқ, бұған жылдар бойы мадақ пен мақтаннан арыла алмаған, жалған ұрандарға алданған идеологиялық кеңістіктегі кемшілік пен мемлекеттік басқару жүйесіндегі жастарға деген қалдықты принциппен қараудың нәтижесі деп білемін. Әрине, еліміздегі жастардың мәселесіне байланысты қағаз жүзіндегі даярланатын ақпараттар мен оның қазіргі шынайы жағдайының арасындағы алшақтық сын көтермейтінін білеміз. Дегенмен, біздің өзге Отанымыз жоқ. Сондықтан, адал еңбек пен озық білім бағаланатын қоғам құру үшін жастар көп еңбектенуі керек, – деді өз сөзінде Мәжіліс депутаты.

Қалай десек те, Қаңтар оқиғасы жастардың мемлекеттен бөлініп қалғанын, мүлде бөлек атмосферада өмір сүріп жатқанын көрсетті. Тіпті, қазіргі аға буын мен жастар арасында рухани байланыс бар деп айтудың өзі қиын. Егер бұл алшақтық ары қарай жалғаса берсе, мемлекет құрдымға кетуі әбден мүмкін. Өкінішке қарай, жастар алғыр, жастар білімді, жастар техникаға жетік деп айтқанымызбен олардың арасында сауал тастап көрсек, әр үшінші жас Отан, мемлекет, тарих, ұлт, тіл сияқты құндылықтарды кейінге қояды. Одан гөрі материалдық игіліктерге көбірек алаңдайды. Бұдан түйеріміз, жастарға мемлекет тарапынан қамқорлық сын көтермейді. Жастар туралы сөз қозғап, мемлекеттік органдарға сұрау салсақ, олар жастарды жұмыспен қамту, қайта оқыту сияқты санаулы ғана бағдарламаларын алға тартады. Ал шын мәнінде жастардың көбі нарықта ауыр жұмысқа жегіліп, өз беттерінше күн көруде.

Мұндай деректер жастардың отбасылық өміріне де кері әсерін тигізуде. Оған мысал, жастар арасындағы ажырасудың көптігі, қатігездіктің жиілеуі, бетпақтық, агрессия да басым. Бұл сипат жастардың үлкен өмірге аяқ басып, отбасы болғанында жалғасуда. Баланың алдындағы жауапкершіліктен қашатынымыз, ажыраса салуға ұмтылу бүгінде күнделікті көрініске айналған. Негізінде, бала әкенің де, ананың да тәрбиесі мен қамқорлығын қатар алуы керек. Ажырасып алиментпен құтылатындар, тіпті, алименттен де, тәрбиеден де жалтарып, тастап кете беретіндер қаншама?! Мұны неге айтып отырмыз? Мұның бәрі – мемлекеті ұстап қалар мықты ұрпақ тәрбиелей алмай қалмасақ екен деген қорқыныштан туған  ой. Осындай факторлардың кесірінен жастар зардап шегіп, ел іргесін шайқап алмасақ дейміз.

Бала тәрбиесіне қатысты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші, көпбалалы ана Қарақат Әбілдина: «Бүгінгінің баласын ұрып-соғу, ұрысып-жеку арқылы тәрбиелей алмайсыз. Өзің үлгі бола білуің керек. Ата-анасы қандай, бала да сондай болып өседі. Қазақ «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деп жақсы айтқан. Сондықтан бала тәрбиесіндегі ең ұтымды жол ол – ұлттық салт-дәстүрді дәріптеп, соны ұстана отырып балаға үлгі көрсетіп, тәрбиелеу», – дейді.

Еңбек елжандылыққа тәрбиелейді

Жастарға мемлекеттің артып отырған жүгі, сенімі мен үміті аз емес. себебі, ел келешегі білімді, іскер, біліктілігі жоғары жастар қолында.

Мен ұрпақты еңбекқорлыққа, бизнес жүргізу шеберлігіне баулу мәселесі жөнінде үнемі айтып жүрмін. Мәселен, кейбір көрші елдердің жастары шетелдерге барып, белсенді түрде кәсіппен айналысады, дүкен ашады, ұлттық тағамдарын дәріптейді, қысқасы, нәпақасын табады. Осындай әрекеттерден біздің жастарымыз да үлгі алса, жаман болмайды. Әрине, бұл – елден кетіп, еңбек ет деген сөз емес, бұл – ең бастысы, еңбектің жақсы-жаманы жоқ деген сөз. Әр мәселені әбден саясиландырып, бос сөз қумай, қол қусырып қарап отыра бермей, нақты жұмыспен, қаражат әкелетін заңды іспен шұғылдану керек деген сөз, – деген болатын Мемлекет басшысы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда.

Осы тұрғыда жастарға көмек көрсету, қолдау жасау жолында өңірде атқарылып жатқан іс те аз емес. Мысалы, Жетісу облысында жастармен, соның ішінде, NEET санатындағы жастармен жұмыс жүргізудің стратегиясы дайындалды. Жалпы, NEET тобындағы 15-28 жас аралығындағы жастардың 6,2% құрап отыр. Бұл стратегия өскелең ұрпақтың баспанаға қол жеткізу мен жұмыссыздық сияқты әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған. Жалпы, Жетісу облысында 14 пен 29 жас аралығында 124 мыңға жуық жас бар, соның 31%-ы қалада, 69%-ы ауылдық жерлерде тұратындығын  айтады Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі. Жастардың жоғары білім алуға қолжетімділігін арттыру және оларды өңірде сұранысқа ие ауыл шаруашылығы, техникалық, туристік, медициналық және педагогикалық мамандықтарға оқыту мақсатында биыл облыс әкімінің 90 гранты бөлінген. Мемлекет тарапынан осы секілді жастарды ынталандыру, дұрыс бағытқа беттеу сынды жұмыстар жүргізіліп келеді. Бұл да өз кезегінде саналы, еңбекке жарамды ұрпақ тәрбиелеуге өз септігін тигзуде. Жетісу облыстық білім басқармасының айтуынша, осы 90 гранттың 65-і аз қамтылған отбасыларының балаларына берілген. Сондай-ақ, аудан, қалаларда құрылған «Бақыт» клубтары жастар арасында отбасы институтын нығайтуға белсене атсалысып келеді. Ондағы психологтар жыл басынан бері 700-ге жуық адаммен әңгімелесіп, кәсіби кеңестер берді. Соның нәтижесінде 95 жас отбасы ажырасудан бас тартқан. Жастардың волонтерлік қозғалыстары барған сайын қанат жайып келеді. Облыста 4800-ден астам ерікті тіркелген, 49 волонтерлік ұйым бар. Жыл басынан бері олар 2200-ден астам түрлі акция өткізген.

Жастар – қоғамның креативті, белсенді мүшесі. Сондықтан алға нық қадам басып, жаңа құрылған Жетісуымызды, жалпы елімізді дамытуға бәріміз атсалысуымыз керек. 2019 жылды Президентіміз Жастар жылы деп жариялаған болатын, мұнан соң 2020 жыл – Волонтерлар жылы деп белгіленді. Бұл біз үшін үлкен қолдау болды. Халықаралық жастар күніне де ерекше мән беріліп жатыр. Бұл жас ұрпақтың алдынан көптеген мүмкіндіктердің ашылуына ықпал етеді деп ойлаймын. Біз өз тарапымыздан артылған сенімді ақтауға бар күш-жігерімізді жұмсаймыз, – дейді облыстық волонтерлардың «BIRGEMIZ» фронт-кеңсесінің жетекшісі Жанерке Бексейітова.

PS: Қазіргі баланың тілін бұрынғыдай ұрып-соғумен таба алмайсың. Ашуға булығып тұрған баланы еркелетіп, мейірленіп құшағына алсаң, сап тиылып айтқаныңа көне салады. Ал біз қайтеміз? Ұрсып тындатқымыз келіп тұрады, бала алдында кішірейіп калмайын дегенді ұстанамыз. Мемлекет дамуына баланы дұрыс тәрбиелеу арқылы үлес қосатынымызды ескерсек, ананың қолында да көп дүниенің тұрғанын ұғынамыз. «Жас келсе – іске» дейді халқымыз. Жастар қашанда тың идеяның қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші. Елінің үмітін ақтар жастарымыз көп болуына, олардың сенімнен шығуына жұмыла ат салысып, әлемді мейірімділікке толтырайық.

 

Меруерт МОЛДАҒАЛИЕВА,
журналист
Фото: life09.kz