Белгілі тележурналист, жазушы Серік Әбікенұлы Мәдениет және ақпарат министрінің кеңесшісі болып тағайындалды.
Бұндай жаңалықпен «Хабар агенттігі» АҚ басқарма төрағасы Кемелбек Ойшыбаев бөлісті, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы.
Ойшыбаев Серік Әбікенұлының мықты медиа-менеджер екенін атап өтті.
Тәжірибесі мол, көргені мен түйгені көп, медиа саласының майталманы жаңа қызметінде де еліміздің ақпарат саласын дамытуға күш салады. Сонымен қатар, әріптесіміз бізге қосылып, «Хабар» және «Хабар 24» телеарналарында шығатын ақпараттық-сараптамалық бағдарламаларды, жаңалықтар мен қоғамдық-саяси ток-шоуларды заман талабына сай сапалы жаңа деңгейге көтеру бағытында бірігіп жұмыс істейміз. Отандық тележурналистикада өзіндік орны мен қолтаңбасы бар, бүгінгі таңда түрлі салада жарқырай көрініп жүрген талай шәкіртті тәрбиелеп, баптаған Серік Әбікенұлының қатарымызға қосылып жатқанына қуаныштымыз, - деп жазды Кемелбек Ойшыбаев.
Серік Әбікенұлы бұған дейін «Алматы» телеарнасы директорының бірінші орынбасары, «Парасат» журналының бас редакторы, «Жетісу» телеарнасы директоры сынды бірқыдыру қызметтер атқарған. Осы аралықта ұлттық құндылықтарды әспеттейтін, тілдік мәселелерді тереңнен қаузайтын бірегей теле жобалар ұсынған.