Өндірісі өркендеген өңір

Уақыты: 06.12.2023
Оқылды: 654
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыс әкімі Бейбіт Исабаев жазиралы Жаркент өңіріне арнайы іссапармен келіп, «Қорғас» шегара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы», «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА және «Нұр жолы» өткізу бекетінің қызметімен танысып, аудан әкімдігінің жиынжайында өңірдегі қоғамдық тәртіпті сақтау және құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелері бойынша құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен жиын өткізді.

Жиыннан соң әлеуметтік нысандар мен өндіріс орындарын аралап, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму деңгейін бағамдады. Облыс басшысы сапар барысында жергілікті кәсіпкерлермен кездесіп, олармен пікірлесіп, кейбір мәселелерге байланысты аудан әкіміне, салаға жауапты тұлғаларға, кәсіпорын, ұйым жетекшілеріне бірқатар тапсырмалар берді.

Сәрсенбі күні облыс әкімі іссапарын Қазақстан және ҚХР шегаралары аралығында орналасқан «Қорғас» шегара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы» акционерлік қоғамының қызметімен танысудан бастады. Бірден орталық аумағына келген әкім алдымен ШЫХО-ның ҚХР тарабындағы «Жун ХО» сауда орталығына барды. Орталық жұмысын және саяхатшы тауар әкетушілердің жүгін Орталықтан шығарып беретін почта жүк тасымалдау тәртіптерін «Қорғас»  шегара маңы ынтымақтастығы орталығы» АҚ төрағасы міндетін атқарушы Ерсін Оразаев баяндады. Орталық басшысының айтуынша, орталық пандемиядан кейін қайта ашылғаннан бері ҚХР сауда орындарынан Қазақстан тарабына жүк өткізетін 10 нүкте ашылып, жұмыс істейді. Алдағы уақытта олардың саны 20-ға жеткізілмек.

Орталықтың Қазақстан тарабы жалпы 608,56 гектар аумақты алып жатыр. «Қорғас»  шегара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы» АҚ арнайы экономикалық аймағы аумағында 22 инвестициялық компания жұмыс жасап, 29 жобаны жүзеге асыруда. Орта есеппен орталыққа күн сайын 5000-нан астам адам келіп, 150 тонна жүк тасымалданады. «Қорғас» ШЫХО-ның негізгі қызметі – халықаралық шегара маңы сауда-экономикалық ынтымақтастығын дамыту. Кәсіпкерлік пен инвестициялық орта жұмысын жандандыру. Сонымен бірге көлік инфрақұрылымын, туризмді және халықаралық мәдени байланысты өрістетіп, Жетісу облысының әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге атсалысу.

Облыс әкімі орталықтың Қазақстан жағындағы сауда орындарын, шеберлер қалашығын, өрт сөндіру депосын, тағы да басқа салынып жатқан жаңа нысандарды аралап көріп, құрылыстарды жүргізіп отырған инвесторларға бірқатар ескертулер жасап, тапсырмалар берді.

Бұдан кейін Бейбіт Өксікбайұлы бастаған облыстың және Панфилов ауданының жауапты тұлғалары «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағындағы инвестициялық нысандардың жұмыс барысымен танысып, инвесторлармен кездесті. Арнайы экономикалық аймақ жұмысын Қорғасқа келген қонақтарға «Қорғас – Шығыс қақпасы» АҚ басқарма төрағасы Мұрат Баймұханбетов баяндады.

Мұнда әкім алдымен құрамажем шығаратын «SSA Feed Mills» ЖШС-не аялдады. Зауыт жұмысын кәсіпорын директоры Сергей Нам баяндады. Жылдық өнім өндіру қуаты 60 мың тонна құрамажем шығаратын зауыт өнімін шетелге және жергілікті халыққа өткізуді мақсат етеді. Бүгінге дейін зауыттан шығатын түйіршіктелген құрамажем жергілікті тұрғындар мен облыстарға, шетелдерге сатылуда. Жем тарту, түйіршіктеу және қаптау цехтарының еңбеккерлері мен маман технологтары ай сайын 250-270 тонна мал мен құс азығының 20-дан астам түрін дайындайды. Мұнда құрамажемге жүгері, бидай, соя, арпа мен сұлы дәндері, тағы басқа да мал ағзасына пайдалы витаминді заттар қосылады. Мал азығындағы протеин, кальций, фосфор мөлшерінің талапқа сай болуын озық үлгідегі жабдықтармен жарақтандырылған арнайы сарапхана қызметкерлері тұрақты анықтап отырады.

Жалпы 46 маман еңбек ететін кәсіпорын ірі қара, жылқы, қой мен шошқаға және балық, құстарға қажет толық рационды жем өнімдерін өндіреді. Олардың әрқайсысы тапсырыс берушілердің жеке рецептері бойынша жасалады. Зауытқа орнатылған автоматтық басқарудағы озық үлгідегі құрал-жабдықтармен мал азығын дайындауға мүмкіндік мол. Зауыт толық қуатында жұмыс жасағанда қызметшілер санын 100-ге дейін көбейтіп, үш ауысымда тәулігіне 10 тоннаға дейін өнім өндіре алады.

Кәсіпорын директорының айтуынша, қоспажем шығарудан өзге астық сақтайтын сыйымдылығы 15 мың тонналық элеваторы бар. Жалпы 7 адам еңбек ететін элеватор жергілікті кәсіпкерлердің бидай, жүгері дәнін сақтап, өңдеп, дайын астықты еліміздің және Тәжікстанның кәсіпорындарына жөнелтіп, коммерциялық қызмет көрсетеді. Зауытқа теміржол желісі тартылған.

АЭА аумағында салынған бұл зауыт өнімдері негізінен Қытайға қоспажем сатуға бағытталған. ҚХР кәсіпорындарымен нақты, сенімді келісімшартқа қол жетпегендіктен құрамажем еліміздің облыстарындағы кәсіпорындар мен Тәжікстан фермерлерімен жұмыс жасауда. Құс пен балық жемі отандық құс өсірушілер мен балықшыларға жіберіледі. Тараз қаласы мен Қордай фермерлері ірі қара бордақылайтын құрамажемге тапсырыс беріп жүр.

Облыс әкімі зауыт басшысына жергілікті жемдік жүгері өнімдерін қабылдап, ұқсатуды тапсырды. Аудан әкімі Марат Сағымбекке жем зауытымен тығыз байланыс орнатып, жергілікті жүгерінің бір бөлігін осы зауыт арқылы саудалауға кеңес берді.

АЭА аумағына Құрғақ порт, логистикалық және индустриялық орталықтар орналасқан. Негізгі қызметі – логистика және өңдеу жұмысын заман талабына сай дәрежеде жүзеге асыру. Қазіргі инвестиция көлемі 36,8 миллиард теңгені құрайды.  «KTZE-Khorgos Gateway», «Заря ltd», «KIF Warehouses», «QazProdGroup», «Standard Steel KZ», «SSA Feed Mills», «Qazaq Fruits», «Khorgos Free Zone Logistics», «Kok-tobe safflower», «Elite Baby Production», «Asia Logistics Transport», «Khorgos Tech Contract», «Хан-транс Логистик», «Тамерлан-А логистик», «Neptune corporation» ЖШС-лары сынды 50 қатысушы жалпы 633,2 миллиард теңге инвестициямен тіркелген.

Құрғақ портта облыс басшысына «KTZE- Khorgos Gateway» ЖШС жұмысын серіктестіктің бас директоры Ибрагим Монабаев таныстырды. Негізінен шетелден келген жүк контейнерлерін түсіріп, тиеп жөнелтумен шұғылданатын кәсіпорын портқа тартылған тар және кеңжолақты теміржол желілерінің санын болашақта 10-ға дейін жеткіу арқылы жүк тасымалының қарқынын арттыру мақсатында жобалар дайындапты.

Құрғақ порттан кейін облыс әкімі Индустриялық аймақтағы жұмыс жасап жатқан «Khorgos Tech Contract» ЖШС тігін цехына келді. Құрылысын аяқтап, өнім өндіруге кіріскен тігін цехында әзірше есік-терезе перделері, жамылғылар мен төсек төсеніштері тігілуде. Жергілікті тұрғындар арасынан тігіншілерді жұмысқа тартып, болашақта 30 жұмыс орнын ашпақ. Сол сияқты қаңылтырдан шатыр жабатын шифр шығаратын «Standard Steel KZ» және күн батареяларын өндіретін «Майами Solar» серіктестіктерінің жұмысымен танысты.

Қорғастағы «Нұр жолы» жаңа шегаралық-транспорттық кедендік өткелі мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында  «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» ауқымды жобасының аяқталуын айқындайтын тарихи оқиғаның нәтижесі саналады. Ол тек ҚХР мен Қазақстан Республикасы үшін ғана емес, трансконтинентальді халықаралық қатынасқа тиімді сауда жолының бастауы болуымен әлемнің алдыңғы қатарлы ауқымды жобасына айналды.

Аталған бағдарлама Қытай Халық Республикасының басшысының «Бір белдеу, бір жол» жобасымен сабақтасып, Ұлы Жібек жолын қазіргі заманға сай қайта құруға бағытталған. Мемлекеттік әріптестік аясында жүзеге асқан жобаға 2017 жылы 26 желтоқсанда «Евротранзит–Терминал» ЖШС мен ҚР Үкіметі арасында келісімшарт жасалған. Құрылысқа 69,7 миллиард теңге инвестиция жұмсалды. «Нұр жолы» транспорт өткелінің көлемі 25,59 гектар және оның жанындағы транспорттық логистикалық орталық аумағы 23,58 гектарды қамтиды.

Облыс әкімі Бейбіт Өксікбайұлына «Нұр жолы» өткізу бекетінің жұмысын кеден бекетінің басшысы Қайсар Шымырбаев таныстырды. Өткел «Eurotransit Terminal» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен ҚР Инвестициялар және даму министрлігі және Қаржы министрлігі серіктестігі келісімшарты негізінде жұмыс істейді. Бекетте жалпы 690 адам еңбек етеді.

Дүниежүзіндегі ең ірі кедендердің қатарындағы бекет Орта Азия мемлекеттері арасында теңдесі жоқ үлкен кедендік өткел есептеледі. Кеденнің 8 бақылау-өткізу жолақтары арқылы күн сайын жалпы 2500 автотранспортты ары-бері өткізу мүмкіндігі бар. Олардың 2200-і жүк көлігі, 300-і жолаушылар мінген автобустар және жеңіл автомашиналар. Кеденде әр автотранспортты рәсімдеу қызметі бар-жоғы 40 минут уақыт алады. Кеден 2018 жылы шілде айынан жұмысын бастады.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған «Нұр жолы» жүк-жолаушылар өткізу бекеті Қазақстан және ҚХР мемлекеттерінің басшыларының бастамасымен жүзеге асқан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасының дүниежүзілік сауданың дамуына және мемлекетаралық интеграцияның өркен жаюына игі ықпалын тигізеді. Осынау ірі жобаның жүзеге асуы Жетісу облысының тұрғындарына да көптеген игіліктер беруде.

2020-2021 жылдар аралығында «Нұр жолы» кедендік өткелінде дүниежүзілік пандемияға байланысты біршама тежелістер орын алғаны рас. Мұны салыстырмалы түрде цифрлармен сараласақ, мысалы дүниежүзілік індеттен бұрын 2019 жылы ҚХР-дан Қазақстан тарапына бір жылда 46853 автотранспорт құралы өткізілсе, келесі жылы бұл көрсеткіш 27250- ге дейін төмендеді. Ал 2021 жылы өткелден 30263 автотранспорт құралы өтсе, 2022 жылы індет салдары бәсеңдеген кезде көрсеткіш екі есеге артып, кеденшілер бір жылда халықаралық өткел арқылы 69877 автокөлік құралы мен мыңдаған жолаушыға қызмет көрсетіпті.
Өткен жылдың басында толық қуатында қолданысқа берілген «Нұр жолы» автокөліктерді өткізу бекеті қызметкерлері биыл қаңтар-қараша айлары аралығында кедендік қызметтен еліміздің қаржы қоржынына жалпы 102 миллиард теңге табыс түсірді. Оның бір бөлігі Жетісу облысы бюджетін байытып отыр. Жыл соңына дейін бұл үрдіс еселеп артатыны даусыз. Сонысымен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тасжолы еліміздің қаржы қорын толтыра түсудің береке бастауына айналды. Сараптап айтсақ, жыл басынан бері өткен 10 айда ҚХР-дан Қазақстанға кеден арқылы 127427 автотранспорт құралы өткізілген. Оның 45699  жүк тиелгені, 304 жүксіз, 81376 өзі жүретін транспорт құралы, 48 халықаралық почта тасымалдаушы көліктер. Қазақстан тарапынан ҚХР-ға жалпы 44141 автотранспорт өткізілсе, оның 3748-і жүк тиеліп, қалған 40393-і жүксіз жол тартты. Орташа есеппен тәулігіне Қазақстаннан ҚХР-ға 164, ҚХР-дан біздің жаққа 474 автотранспорт қатынайды екен. Бұл тұрақты көрсеткіш емес. Мысалы, биыл  маусым айында ҚХР-дан біздің елге жалпы 16552 автокөлік өтсе, оның 5187-і жүкпен, ҚР-дан ҚХР тарабына 4537 көлік, оның 368-і жүк тиеліп өткен. Ал, қыркүйек айында ҚХР-дан өткен 20352 көліктің 7782-і жүкпен, Қазақстаннан Қытайға өткен 8399 автокөліктің 764-і жүкпен жол тартқан. Шегарадан ары-бері өткен автокөліктер саны бірде азайып, бірде көбейгенімен болашақта саны арта беретінін байқаймыз.

Айтқанға жеңіл болғанымен күнделікті кеденге ағылып келіп жатқан автокөлік құралдарын кезекпен тексеріп, рәсімдеп, өткелден өткізу оңай шаруа емес. Еліміздегі және шетелдегі кедендердегі сияқты Қорғаста да жүк көліктерінің бекеттен өту тежелісі орын алғанын жасыра алмаймыз. Жүк тиелген автокөліктер керуені апталап, айлап жол бойында кезек күтіп сарылып тұрып қалып, бұл жағдай жүргізушілердің бірнеше мәрте наразылығын тудырған болатын. Дегенмен, биылғы жылдың басында ҚХР мен Қазақстан  шегарасындағы жағдайды реттеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының екі апталық зерттеуінің нәтижесінде «Нұр жолы» кедендік өткізу бекетінде электрондық кезек жүйесі қосылып, туындаған мәселе шешілді. ҚР ҚМ МКК, «Атамекен» ҰКП, ҰҚК  шегара қызметі, Бас көлік прокуратурасының басшылығы мен көлік инспекциясының өкілдері қабылдаған шешім бойынша биыл 16 сәуірден бастап кеденде автокөліктерді кезекпен өткізудің жаңа электронды тәсілі енгізілді. Негізінде электронды кезек өте тиімді екенін дәлелдеді. Сол арқылы шегарадағы ұзынсонар кезекті қысқартуға мүмкіндік туды. Қазір мұндағы компьютерлік жүйе кезекті өзі реттеп тұрады. Соның нәтижесінде Қорғасқа барар жолдағы жүк көліктерінің кептелісі барынша азайып, жүргізушілердің наразылығы тыйылды.

Қысқартып айтсақ, ел шебіндегі «Нұр Жолы» кедендік өткізу бекетінің заманауи жоғарғы технологиялармен қапысыз қамтылған қызметі елімізге толайым табыс әкеліп тұрған мекемеге айналды.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ
Панфилов ауданы

Суреттерді түсірген Жеңіс ЫСҚАБАЙ