Спорт – әлем елшісі. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін сиқырлы өнердің арқасында байрақты бәсекелерде Көк Туымыз желбіреп, Гимніміз шырқалады. Бүгінде өңірімізде ел намысын асқақтатып жүрген спортшылар мен осы салада ерен еңбек етіп жүрген жандар жетерлік. Осыған орай Талдықорғандағы Салтанат сарайында облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ өткен жылдың қорытындысы бойынша үздік спортшылармен, жаттықтырушылармен, сондай-ақ, спорт мекемелерімен, клубтардың дене шынықтырумен спорт бөлімдерінің өкілдерімен және спорт журналистерімен кездесті.
Шараның шымылдығы спортшылардың жеткен жетістіктерін көрсеткен бейнероликпен ашылды. Осыдан кейін облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ сөз алып:
– Спорттың қоғамда алар орны ерекше. Себебі, спорт – ұлт мерейі, денсаулықтың, рухтың күштілігі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Саламатты өмір салты ұлт денсаулығының кілті. Дене шынықтыру мен спорт мемлекеттің назарында болуы тиіс», – деген сөзі нақты істерге ұласып келеді. Тәуелсіздік алғаннан бері Көк байрағымыз көптеген халықаралық жарыста биікке көтерілді. Бұл – спортшылар мен бапкерлердің, спорт саласында еңбек етіп жүрген мамандардың маңдай терінің жемісі. Отандық спорттың дамуына жетісулық саңлақтар да үлес қосуда. Жерлестеріміздің жарқын жеңістері күн санап артып келеді. Бұл – Елбасының спортты дамыту керек деген ұстанымының орындалуы, – дей келе, спортшыларға ізгі тілегін білдіріп, жеткен жетістіктерін айтты.
Бүгінде облыста спортпен жүйелі түрде 572 756 адам шұғылданады. Ұлт намысын қорғап жүрген жандарға барлық жағдай жасалған. Облыста 3439 бірлік спорттық құрылым, қос спорт сарайы, 23 стадион, 24 спорт кешені, 12 спорттық құрылымдар кешені, 248 атыс тирі, 831 спорт зал, 48 бассейн, 2020 жазықтық құрылым, екі оқу-жаттығу орталығы мен шаңғы базасы, 19 хоккей корты, 7 атшабар тұрақты түрде жұмыс істейді. Осының арқасында қайсар қазақтың намысын арқалаған ұл-қыздарымыз додаларда атой салып келеді. Өткен жылды да толайым табыспен аяқтады. Атап айтсақ, облыс спортшылары 1345 медальді қоржынға салған. Сонымен қатар, еңбек сіңірген спорт шебері, 18 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 132 спорт шебері, 648 спорт шеберіне үміткер, 381 бірінші дәрежелі спорт шебері дайындалып шықты. Облыс бойынша спорттың әр түрінен 875 спортшы Ұлттық құрама сапында өнер көрсетеді. Олардың жеткен жетістіктері мен толайым табыстары жетіп артылады. Осыған орай жиында облыс басшысы ірі жарыстарда топ жарып жүрген жандарды марапаттады.
Салтанат сарайының салтанатты кешінде құрметке ие болғандардың қатарында грек-рим күресінен еңбек сіңірген спорт шебері, ересектер арасында әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Демеу Жадыраев, қазақ күресінен «Қазақстан барысы – 2017» турнирінің күміс жүлдегері Ұлан Рысқұл, садақ атудан халқаралық дәрежедегі спорт шебері, былтырғы ересектер арасындағы Азия Кубогының қола жүлдегері, Әлем кубогының жеңімпазы Санжар Мұсаев, жекпе-жектен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем чемпионатының жеңімпазы Бейбіт Назаров сынды спортшылар бар. Білекті спортшыларды дайындаған Боранбек Қоңыратов, Артем Кичкин, Тимур Абыханов сияқты білікті бапкерлер де марапаттан тыс қалмады. Сондай-ақ, спорт журналистикасында түрен салып, жілігін шағып, майын ішіп, ұлт намысын қорғап жүрген бейбіт заманның батырларын дәріптеген қаламы қарымды қаламгерлер – «Хабар агенттігі» АҚ Алматы облысы бойынша меншікті тілшісі Тілеуқабыл Мыңжасар, әріптесіміз, облыстық «Жетісу» газеті спорт бөлімінің меңгерушісі Ришад Тұрғанбаев, облыстық «Жетісу» телеарнасының тілшілері Лилия Шторгина мен Жарқын Шынтаев, «Огни Алатау» газетінің тілшісі Александр Склабовский, қас-қағым сәтті қағып алып, газетті суретпен әсемдеп, телеарнаны бейнероликтерімен толықтыратын «Хабар агенттігі» АҚ Алматы облысы бойынша фототілшісі Жеңіс Ысқабай, облыстық «Жетісу» газетінің фототілшісі Жұмабай Мұсабек, облыстық «Жетісу» телеарнасының операторы Мәулен Несіпбеков, блогер Серік Қантаев марапатталды.
Спорт – әлем төрінде абыройымызды асқақтататын ұлы өнер. Облыста: «Таласқа түссе жан мен ту, жан емес маған керегі, Көк Тудың желбірегені», – дейтін спортшылардың қатары көбейіп, еліміздің байрағы көкте желбіресін демекпіз.
Айдар ҚАЛИЕВ