Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған кез келген ән естір құлақты елітіп әкететіні жасырын емес. Ақынның жырларына үйлестірілген әндерді бұл күні шырқамай жүрген қазақ кемде-кем. Осы орайда Талдықорған қаласы Д. Рақышев атындағы облыстық филармониясында «Армысыңдар, адамдар!» атты әншілер байқауының Гала-концерті өтті.
Шара шымылдығын Мұқағали Мақатаевтың жерлесі, ақын Жұматай Оспанұлы түрді. Көпшілік алдында сөз сөйлеп, ақиық ақынның өлеңдерінің өміршеңдігі жөнінде ой өрбітіп, ұйымдастырылып отырған байқаудың мән-жайына тоқталды.
– Мұқағали қара өлеңмен халықтың жүрегінде бірге жасап келе жатыр. Осы өткізіліп отырған ән-байқауы соның дәлелі десек те болады. Бұл шара Алматы облысы болып тұрғанда қолға алынып, соңғы 15 жылдай уақытта әр жыл сайын ақынның туған күнінде «Жырлайды жүрек» деген атпен өтіп келе жатқан. Облыс бөлінгеннен кейін былтырғы абыр-сабырда аталмай қалды. Бірақ биыл Жетісу облысы ол үрдісті қайтадан жаңғыртты, – деді ол.
Сөз кезегін алған Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Әміре Әрін халық алдында Мұқағали Мақатаевтың көзін көріп, сұхбаттасқаны тұрғысында әңгімеледі. Ол Мұқағалиды қазақ поэзиясының арнасын кеңейтіп, Абайдан кейін жаңа бір көркемдік деңгейге көтергені туралы ой айтып, пікір білдірді.
– Ол оқиға 1974 жылы болды. Сол заматта студентпіз. Жанымда Төлеген деген досым бар, екеуміз асханаға ауқаттануға барғанбыз. Сол жерден бір таныс дауыс естілді. Әлгі тұсқа жақындағанда Мұқағалиды анық таныдық. Бұрын өлеңдерін газет-журналдан, теледидардан естіп жүрген, бір көрсек деп армандап жүрген ақынмен аядай ғана бір асханада ұшырастық. Бізді Мұқаңның өзі қасына шақырды. «Мені білесіңдер ме?» деген сауалына, білгенде қандай сіз Мұқағалидың өзісіз ғой дедік. «Майгүлге» деген өлеңін оқып та бердік. Маңдайымыздан сыйпап жанына отырғызды. Көп әңгіме айттық, – деді Әміре Әрін.
Ән додасында аудан, қалалардан іріктеліп, облыстық кезеңге өткен 30-ға жуық әнші өнерлерін ортаға салды. Олардың тек 19-ы ғана іріктеуден өтті. Өнерпаздар дәстүрлі, эстрадалық ән бағыттары бойынша сайысқа түсті.
Аталған байқаудың басты мақсаты – М. Мақатаевтың өлеңдеріне жазылған әндер мен 35 жасқа дейінгі жаңа орындаушыларды анықтап, жастар арасында өнерге деген құштарлықты арттыру. ақын мұрасын кеңінен насихаттау.
Байқау қорытындысына сәйкес «Дәстүрлі ән» номинациясы бойынша 3-орын Гүлжайна Ғибатоллақызына бұйырса, 2-орынды Дина Ахмед еншіледі. 1-орыннан «Жарас» дуэтінің әншілері Санжар Бексұлтан мен Мирас Құрманақын көрінді. Бас жүлдені «Қара дала» этнорок ансамблі иемденді.
Ал «Эстрадалық ән» номинациясы бойынша 3-орын Ерасыл Қабдығалиевке, Айнұр Букенбайға, Айзада Смағұлға тиесілі болса, 2-орын Дамир Шаяхметовке бұйырды. 1-орынды Жандос Сергазинов алды. Бас жүлде Бекжан Қайратұлының қанжығасына байланды.
Мұзбалақ ақынның рухын өнерімен асқақтатқан байқау жеңімпаздарына ақшалай сыйлық пен диплом табысталды. Марапат иелері көпшілік алдында өнер көрсетіп, Жетісу көгін әнге бөледі.
Медет ЖҰМАБАЙ
Суретті түсірген Руслан Қадыров