"АСАР" ДЕМЕУ БОЛДЫ

Уақыты: 29.02.2024
Оқылды: 406
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Бісмиллә деп ең алдымен Аллаға шүкіршілігімді білдіргім келеді. Біздің әр іс-қимылымыз онсыз жасалмайтыны баршаға мәлім. Алғыс айту күні көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келген мереке. Осы күнді пайдалана отырып,  Талдықорған қаласында орналасқан «Асар» спорттық-оңалту кешенінің қызметкерлеріне алғыс айтқым келіп тұр. Бұл сауапты істің бастауын жасаған «Асардың» басшысы Елдос Баялышбаев мырзаға да алғысым шексіз. 


Оңалту кешені өмірімізді өзгертіп, үміт отын қайта жақты. Жаңа таныс, қоғамға қайта қосылғандай «Тағдырластар» деп қалжындасып айтатын адамдармен де таныстық. Басымызға түрлі сынақ түсті, бірақ сағымыз сынбай, жүрегіміздегі үмітті оята білген «Асар» кешенінде танысқан ағайындарға да құрметім жоғары. 
Мұндағы жаттықтырушылар мен қызметкерлердің біліктілігі жоғары, әрбір келушіге бар ынтасын салып,  жанашырлық танытып, құлағанға демеу, қисайғанға сүйеу, көңілі жараланғанды жадыратып, талпынғанға күш беретін шарапаты мол орталық. 

«Асар» орталығында жарақат алған адамның отыруын қалыпқа келтіретін заманауи «Левитас, Red Cord» атты жаттығу аппараттары бар. Бұдан бөлек ортақ залда аяқ пен тізені бүгуге арналған велосипед сынды «Motomed» және сонау Испаниядан арнайы алдыртқан, аяққа өздігімен тұрып, тепе-теңдікті ұстауды үйрететін  «Эгзоскилет» атты арнайы құрылғылар орналасқан.

Сонымен қатар, физиокабинет, заманауи тоқпен емдейтін «Электростимулятор» және  ауырсынуды басатын «Магнит» құрылғыларымен де жабдықталған. Ауыр жарақат алған адамдар қалыпқа келер кезінде сіңірлердің тартылуы «судороги", қатты ауырсыну белгілерімен сипатталады. Аяқ-қолдарын босатып, тырысуды қалпына келтіру үшін массаж және ЛФК (лечебная физкультура) кабинеттерінің жұмысы жаныңа қуат сыйлайды.


Мен өткен жылы Алматы – Өскемен тасжолында жол-көлік апатына түстім. Апаттан өмірге қауіпті жарақаттар алдым.  Ауыр жарақаттан кейін аяққа тұруға талпындым. Ол үшін тұру функцияларын орнына келтіруде спортпен шұғылдану керек екенін дәрігер ескертті. Өткен жылдың қыркүйек айынан бастап «Асар» орталығына келдім. Мұнда жаттықтырушылармен бірге  қайта отырып-тұру, арқа-бел, қол-аяқ бұлшық еттерін қатайтуға арналған жаттығулар жасауды жалғастырып келемін. Аллаға шүкір, жаттықтырушылармен бірге әр күнім жақсылыққа жетелеп, күннен-күнге жақсы нәтижелерге қол жеткіздім. Бұл спорттық-оңалту орталығына алғысым шексіз. Маған әр кез көмегін көрсетіп, білігі мен біліктілігін арнаған Өмірсерік, Малик, Адай атты және барша жаттықтырушыларға ризашылығымды білдіріп, дендері сау, өмірлері мәнді, жұмыстары берекелі болсын деймін.  

Ізгі ниетпен, Аида Сарсенбинова