АСЫЛ ҚАСИЕТ

Уақыты: 01.03.2024
Оқылды: 439
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Көктем айы туғанда бар тіршілік жаңаша бір күйге бөленіп, жадырап сала беретіні анық. Қыстың қатулы мінезінен босап шыққан жұрт  көңілі серпіп, жайдарлы да шуақты көктем мерекесін тосып, айналасына шуақ шашардай күй кешеді. Ол рас, жан-жағына нұрын төккен күн нұрындай жылулық сыйлайтын мейрамның бірі – 1 наурыз Алғыс айту күнін құшақ жая қарсы алады. 


 Әдетте алғыс айтуды бір күн ғана еске алып, қалған күні ұмытып кетуге әсте болмайды. Адам баласының өмірі  осы бір алғыс айтуға байланып тұрғандай көрінеді. Ең алдымен, Жаратқанға мың бір алғыс айтып, он екі мүшең сау, жер басып жүргенге шүкіршілік етіп, алғыс білдіресің. Жаратушыға алғысты осы күні ғана емес, күнделікті ұйқыңнан оянғанда арнайтының белгілі. Ендеше, құрмет пен алғысты күніге жасау керек деп ойлаймын. Мемлекет басшысы Алғыс айту күнін мерекелеудің форматын өзгерту қажет екенін айтқаны белгілі. Сондықтан атаулы мереке тұтас қоғамның көзайым құндылығына, барша халықтың ортақ мерекесіне айналуы үшін ынтымақ, бірлік, келісімнен бөлек, айналамызда мейірім мен ізгіліктің салтанат құруы маңызды. Шындығына келгенде, айтулы бұл мерекенің түбінде үлкен мән жатыр. Алғашында қазақ халқына Алғыс айту деп туындағанымен кейін жалпыға ортақ алғыс айту күніне айналды. Мен мұны толық қолдаймын. Кей уақытта жұмыстың көптігімен, күйбең тіршілікпен жүріп жаныңда жүрген адамдарға, жақындарыңа алғыс білдіруді естен шығарып жатасың. Сол кезде олардың көңілінде қандай ой қалды деп санаңа салмақтасаң кеудеңді мұң басып, жүрегің сыздап сала береді. Әр ісіне алғыс айтып, құшағыңа бассаң жақыныңның жадырап сала берген көңілін байқайсың. Бұдан асқан бақыт бар ма?!

Мақаламның басында айттым, Жаратушыдан кейін өзіңді өмірге әкелген ата-анаңа, ағайын-туысқа да алғысыңның шексіз екенін жеткізесің. Тоғыз ай, он күн құрсағында көтеріп, жарық дүние сыйлап, түн ұйқысын төрт бөлген анаңа, бойыңа күш-қуат, әкелік мейірім мен атаның ұлағатын берген әкеге деген алғыс ешуақытта бәсеңсуге болмайтын ұлы қасиет. Міне, біз алғыс айтуды бір күнге ғана байлап қоюға болмайтынын осы мысалдардан-ақ байқауға болатын шығар.  Сондықтан, алғыс айту жыл он екі ай жалғаса берсе де артық емес деп ойлаймын. Ең бастысы, адамға алғыс арқалатсаң өмірің мағынаға толы, келер күнге жақсы үмітпен қарайтының белгілі. 

Жалпы адамзат баласын жақындастыратын ұлы қасиет – адамгершілік. Адамгершілігі мықты жанның әркезде де өзгелерге көмектесіп, алғыс алуы анық. Алғыс айту үшін арнайы жағдайды күту шарт емес. Мүмкіндік болып жатса, жақсы сөз айтудан жалтарып қалмау керек. Біреуге жақсы сөз арнап, көңілін жадыратсаң ол да алғыстың бір түрі. Ал бір Отанды мекен еткен ұлт пен ұлыстың арасындағы алғыс пен сыйластық бейбітшілікке, келісімге жетелейді. Бибітшілік бесігінде тербеліп отырған барша ұлт өкілдерінің бір-біріне алғыс айтуы мызғымас татулықтың темірқазығы деп санаймын. 

Сондай-ақ, Ассамблеямен қатар кәсіп иелеріне деген алғыс күніге үзілмеу керек. Соңғы бес жылдықта елімізде түрлі жағдайларды бастан кешірдік. Мәселен, күллі әлемге төнген қасіреттің бірі – пандемия. Міне, осы тұста ақ халатты абзал жандардың ерлігі ерекше. Өлім мен өмірдің арасында ақ халатына дақ түсірмей, халыққа қалтқысыз қызмет еткен дәрігер қауымға алғыстан басқа айтарым жоқ. Қызыл жалынға қарсы тұрып, өртпен арпалысқан өрт сөндірушілерге, ел тыныштығын күзеткен әскерге, жылдың төрт мезгілінде шаруаға жегіліп, еңбектенген еңбек адамдарына Отанымыз үшін аянбай еңбек етіп жүрген, өз ісіне адал маман иелері мен азаматтарға құрмет көрсету баршамыздың борышымыз.

Осынау күнді пайдаланып, мен де бала жастан жастанып оқыған облыстық «Jetіsý» газеті арқылы барша жерлестеріме және барлық маман иелеріне алғыс айтқым келеді. Алғыс айту күні құтты болсын, еңбектеріңіз еселеніп, өмірлеріңіз қуанышқа тола берсін деген тілек пен құрмет көрсеттім!

Ғалиасқар САРЫБАЕВ, 
ҚР Парламенті Сенатының депутаты