"ОТАУ" БАҒДАРЛАМАСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

Уақыты: 29.02.2024
Оқылды: 505
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

1 наурыздан бастап 30 сәуірге дейін азаматтар Баспана маркет (otbasybank.kz) порталында бағдарламаға қатысуға өтінішін жолдай алады. Бағдарламаға «Отбасы банк» салымшылары, оның ішінде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар қатысады.


Өтінім беру уақыты аяқталғаннан кейін otbasybank.kz сайтында қатысушылар тізімі автоматты түрде жасақталады. Оған ең көп ұпай жинағандар кіреді. Егер үміткерлердің ұпай саны бірдей болып қалса, онда басымдық салым сомасы көбірек және жинақтау мерзімі ұзағырақ салымшыға беріледі. Бағдарламаға қатысушылардың тізімі құрылған кезде олардың барлығы несиелік өтінім беруге мүмкіндігі бар. Өтінім 40 жұмыс күні ішінде қаралады. Банктен оң мақұлдау алған жағдайда несиелік өтінім 6 ай ішінде жарамды болады. 

Үміткердің жинақ шоты ең кемі 18 айлық болуы керек. Қазақстан Республикасының азаматтығы немесе қандас мәртебесі бар 18 жастан 63 жасқа дейінгі азаматтар қатысады. Өтінім беру сәтінде депозиттегі жинақ сомасы 1 миллион теңгеден кем болмауға тиіс. Бағдарламаға қатысушыда және оның отбасы мүшелерінде кейінгі 5 жыл ішінде жылжымайтын мүліктің болған-болмағаны қатаң тексеріледі.

«Отау» бағдарламасын іске асыру барынша ашық, әділ өтеді. Бағдарламаға қатысушылардың тізімі «Отбасы банкінің» сайтында жарияланады. Әрбір адам өтінімдерді іріктеу және ұпайларды есептеу нәтижелерімен otbasybank.kz порталында танысуға болады. «Отау» бағдарламасы салым бойынша сыйақы мөлшері үшін әрбір 1 000 теңгеге 5 балл деп есептеледі. Салым мерзімі мен салымның әрбір жылы үшін 5, тіркелген неке 10, балалардың болуы санына қарамастан 50 балл болып есептелінеді. 

Еңлік КЕНЕБАЙ