Өткені өнеге, бүгіні береке

Уақыты: 24.03.2024
Оқылды: 347
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Абыз ақсақал Болат Рахметқалиевты Сарқанда танымайтын адам жоқ. Ол 1959 жылы қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының инженер-механикалық факультетін тәмамдаған.

Бірнеше шаруашылықта бас инженер болған. Сарқан аудандық «КазСельхозтехника» бірлестігін де басқарған. Аудандық тұтынушылар қоғамы автокөлік базасының директоры қызметін де атқарған. Кеңестік кезеңде де, Тәуелсіздік жылдары да марапаттан кенде болған емес. Мерекелік төсбелгілермен қатар «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Ұзақ жылғы жемісті жетістігі лайықты бағаланып, «Сарқан ауданының Құрметті азаматы» атанған. Бүгінде тоқсанға таяған ғұмырында ұл-қыздарынан өрбіген немерелерінен шөбере, шөпшек сүйіп, кейінгі буынмен өмірден жиған тәжірибесімен бөлісуде. Алқалы басқосуларда да  бата беріп жүретін бұл кісінің өткені өнегелі болса, бүгіні берекелі.  

Болат ақсақал: «Тіршілікте адам екі нәрседен қателеспеуі керек. Бірінші – мамандық, екінші – жар таңдаудан. Осы екеуінен де қателігім жоқ деп ойлаймын. Мамандығым инженер-механик. Сол кезде бұл мамандыққа ұжымшар да, кеңшар да, МТС-те зәру еді. Жоғары білімді инженер-механик болу ауыл балаларының арманы тұғын, – деп әңгіме өрбітті.

Айтуынша, алғашқы жары Гүлсім Сайпиева өте мейірімді, қайырымды жан болыпты. Амал не, 3 баладан кейін қан қысымынан қайтыс болған. Ауыр қайғыны қара нардай азамат көтере білді. Марқұмның жылдығы өткен соң үлкен кісілердің қалауымен 1968 жылы Алматыдан педагогикалық институттың физика-математика факультетін бітірген Тұрсынхан Барлыбаева есімді қызбен танысып, өмір жолын бірге жалғастыруға   серттесіпті.  

– Әке-шешесінің тәрбиесін көрген, алдында әпке, соңында сіңілі, бауырлары бар үлкен отбасында өскен Тұрсынхан біз іздеген адам болды. Алғаш көргеннен-ақ үлкен отауға келін, балаларыма қамқор ана бола білетін өмірлік жарымды кездестіргенімді сездім.  Тағдырымыз артқан  жүкті бірге көтердік. Ол үйге келгенде ұлым Әлім Тұрсынханды бірден ұнатып, жанында жүрді, – дейді ақсақал өткенін ойға оралтып.

Тұрсынхан Нұрбатырқызы Сарқандағы Абай атындағы мектеп-гимназияда математика пәнінің мұғалімі болып еңбек етіп, зейнет демалысына шықты. Мамандығын сүйіп атқарған ұлағатты ұстаз отбасы тәрбиесіне айрықша мән берді. 3 ұлдың соңынан 4 бала ерді. Үлкен ұлдары Кәрім орман шаруашылығында қызмет етті.  Ғалым аудандағы табысты кәсіпкерлер қатарында. Өкінішке қарай, 3-ші ұлы Әлім политехникалық институттың геодезия факультетінде оқып жүргенде өмірден өтіпті. Әділ қазақ сәулет-құрылыс академиясын бітірген жоғары білімді маман. Әлия ауыл шаруашылығы институтының, Әсия кооперативтік техникумның түлегі. Мейрамгүл қазақ мемлекеттік аграрлық университетін бітірген. Бүгінде бәрі отбасылы. Немере-шөберелері бас қосқанда атасы мен апасы олардың есімдерінен жаңылысады.

Сөз соңында абыз ақсақалдың газет оқырманына жолдаған ақ батасын ұсынамыз:

Бастарыңызға бас,

Жастарыңызға жас.

Жанымызға жан,

Малымызға мал қосылсын!

Жылымыз қызырлы,

Мерекеміз дүбірлі.

Жылқымыз үйірлі,

Сиырымыз бүйірлі болсын!

Қойларымыз қоралы,

Көлдеріміз қоғалы.

Ұрпағымыз бағалы,

Мәртебелері жоғары болсын!

Өрісіміз көкті,

Ұлдарымыз отты.

Қыздарымыз текті,

Беделді, бетті болсын!

Әмин!

Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ
Сарқан ауданы