КӨПШІЛІККЕ ОРТАҚ ҚҰНДЫЛЫҚ

Уақыты: 31.03.2024
Оқылды: 299
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қазақ халқының сан ғасырлық шежіресінің куәгері, жаны, өлшенбес байлығы – қазақ тілі. Мемлекеттік тіл ретінде ана тіліміз еліміздің негізгі атрибуттарының бірі болып саналады. Тарих қатпарларына үңілер болсақ, ана тіліміз қайсар халқымызбен бірге түрлі сынақтан өтіп, қазіргі таңда дербес тіл ретінде биік мәртебені иеленді. 


Тілімізді құрметтеу әрбір қазақ пен қазақстандық азаматқа парыз. Қазақ тілі мемлекеттік тілі статусын 1989 жылы 22 қыркүйекте иеленді және осы жылы  «Қазақстан Республикасының тілдер туралы» Заңы қабылданды. 1995 жыл 30 тамыздағы референдумда қабылданған жаңа Конституцияның 7-бабында ұлттық тілімізге байланысты «мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайтыны» және «мемлекеттік ұйымдарда және өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» делінген. 

«Тіл майданы» қозғалысының басшысы Қуат Ахметовтың сөзінше, қоғам қазақ тілінде сөйлеу үшін заң жұмыс істеуі керек. «Бізде бәрі көзбояушылық. Қазақша нан сұрай алмайтын ұлтқа айналдық. Ұлтына қарамастан қазақша нан сұрасақ «қазақша білуге міндетті емеспін» деп шу көтереді. Сол жерде жанжал басталады. Қазақстанның әрбір азаматы тіліне, ұлтына қарамастан нан, сүтті қазақ тілінде сұраса және қазақша жауап беруін талап етсе, заң жұмыс істей бастайды. Сол жерге полиция қызметкерлерін шақырып, хаттама толтыруы керек. Әр қазақ осылай жасағанда ғана тіл майданы басталады», – деді Қуат Ахметов. Шындығында ана тілін білмеген жаннан анасын сыйлайтын жанның шығуы неғайбыл. Халық үшін өзге тілде сөйлеу қауіпті емес, өзге тілде ойлау қауіпті.

Бүгінгі күні мемлекеттік тілдің қоғамдағы қолданыс аясын кеңейту – мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігіне айналып отыр. Соған сәйкес мемлекеттік тіл саясатының басты бағыттары мен оны орындау барысында жүзеге асатын негізгі міндеттер айқындалған. Соның бірі – мемлекеттік қызметшілерге мемлекеттік тілді оқытып-үйрету курстарын ашуды кеңейту және оны оқытудың жаңа технологияларын тәжірибеге енгізу.

Еліміздің қоғамдық-әлеуметтік саласының барлық бағытында қызмет істейтін маман, Қазақстан азаматы мемлекеттік тілді еркін меңгеріп, өз ой-пікірлерін қазақша дұрыс, түсінікті жеткізіп, сауатты жаза білуі қажет. Осы жағдайға байланысты қазіргі уақытта мемлекеттік тілді жеделдете деңгейлеп оқытып үйрету ісі қолға алынып, оның оқу-әдістемелік кешені жасалуда. Талдықорған қаласында Жетісу облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы, сонымен қатар өңірдің түкпір-түкпіріндегі аудандарда мемлекеттік тілді оқыту курстары ұйымдастырылған  филиалдар жұмыс істеп жатыр. Сандарды сөйлетер болсақ, 2023 жылға қабылданған тыңдаушылар саны – 4301, ал 2024 жылдың I жартыжылдығында 1746 тыңдаушы оқып жатыр. Әртүрлі салада қызмет етіп жүрген тыңдаушылардың басым көпшілігі өзге ұлт өкілдерінен тұрады. Әлбетте, тыңдаушылар қатарында ана тілін жетік білгісі келетін ұлтжанды қазақтарымыз да аз емес. 

Қазақ пен қазақтың, әке мен баланың, әріптестердің жұмыста қазақ тілінде сөйлеспеуі көңілге қонымсыз-ақ жайт. Бірақ қазақ тілі – тек қазақ халқының тілі емес, ортақ құндылық екенін ұғынған жөн. Қазақстанда тұратын, бұл киелі жерді Отаным деп қабылдайтын, өзін Қазақстанның патриоты деп есептейтін азаматтардың тілі. Ендеше, әрбір қазақстандық қазақ тілін меңгеруге, мемлекеттік тілде сөйлеуге ешуақытта ұялмауы тиіс деп санаймыз. 

Сымбат АУХАНОВА,  
«Тіл» оқу-әдістемелік орталығы Сарқан аудандық филиалының меңгерушісі