ӘР КҮН - ЖЫЛҒА АЗЫҚ

Уақыты: 02.04.2024
Оқылды: 324
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Ауданда сәуір айының бірінен егіс жұмыстары басталды. Биыл өңірде ауыл- шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 117 653,4 гектарды құрайды. 


Оның 26 085 гектарына күздік бидай, қалғанына жаздық дәнді дақылдардың тұқымы себіледі. Соның ішінде жаздық арпа мен бидай, сұлы, дәндік жүгері және қарақұмық бар. Екінші нан саналатын картоп егу жұмыстары да талапқа сай жүргізілмек. Мәселен, биыл 1313,4 гектарға картоп, сондай-ақ, мақсары, күнбағыс, зығыр сияқты майлы дақылдар да себіледі. Ал қант қызылшасының тұқымы 700 гектар жерге, бақшалық дақылдар 387,5 гектар алқапқа егіледі.

94 шаруа қожалығы көктемгі дала жұмыстарына «GOSAGRO.KZ» порталы арқылы 868,5 тонна (наурыз 350 тонна, сәуір 408,6 тонна, мамыр 110 тонна) кепілді жанар-жағармайға өтінім берген. Оның литрі 250 теңге болып бекітілді. Жанар-жағармайды таратушы оператор ретінде «Gas oil» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі белгіленді. Бүгінгі күнге 264 тоннасына келісімшарт жасалып, 60,5 тоннасын шаруа қожалықтары алды. 

Аудан бойынша өнімге қажет минералды тыңайтқыштардың көлемі анықталды. Жалпы 8513,1 тонна тыңайтқыш сатып алу керек. Оның ішінде жаздық бидай, арпа және жүгеріге қажет минералды тыңайтқыштар бар. Ауданның тауар өндірушілері отандық  минералды тыңайтқыштарға да өтінім беруде. 

Көктемгі дала жұмыстарына керекті трактор, тұқым сепкіш, қопсытқыш, тырма, соқа сияқты ауылшаруашылығы техникалары да жөндеуден өтіп, науқанды қыздыруға сақадай сай дайындалды. Ендігі кезекте көктемнің әр күнін қалт жібермеуге тырысқан ауылдықтар көктем, жаз, күз бойы дала төсін дүбірге бөлеп, бел жазбай еңбектенетін болады. 

Айгүл БАЙЖҰМАҚЫЗЫ
Кербұлақ ауданы