ӘСКЕРИ ӨМІРМЕН ТАНЫСТЫ

Уақыты: 02.04.2024
Оқылды: 236
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

І.Жансүгіров атындағы Мәдениет үйінде Панфилов ауданы бойынша шегара басқармасының құрылғанына 100 жыл толуына орай аталмыш сала мамандары оқушылар және студенттермен кездесу өткізді. Мақсаты – болашақ жастарға патриоттық тәрбие беру, шегара қызметінің тыныстіршілігімен таныстыру және әскери қызметшілер жұмысының қиындығы мен қыр-сырын айшықтау.


Білімгерлер әуелі дәлізде құрылған шегарашылардың күнделікті жауынгерлік қызметінде пайдаланатын қаружарақтар мен кітап көрмесін аралады. Сондай-ақ, Панфилов ауданы бойынша шегара басқармасының жауынгерлік қызметіне арналған бейнебаян көрсетілді

Осыдан кейін шегара саласының қызметкерлері  студенттер мен оқушыларға «Қазақстанның шегаралық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ҚР ҰҚК Шегара қызметі Жетісу облысы бойынша департаменті Панфилов ауданы бойынша шегара басқармасының қосқан үлесі» тақырыбын кеңінен талқылап, әскери өмірдің қызығы мен қиыншылығын айтып берді. Шегара қызметінде істеген, есімі ел есінде қалған батырларымыздың ерлігін де насихаттады. 

Шара барысында Панфилов ауданы бойынша шегара басқармасының бастығы подполковник Берік Бұзаушиев: – Еліміздің ертеңі – жас ұрпақтың бойына патриоттық сезім дарытып, туған жерге, халқына деген сүйіспеншілікті ояту, білімді, өнегелі ұрпақ тәрбиелеу біздің парызымыз. Сондықтан бүгінгі шараның маңызы өте зор деп ойлаймын, – дей келе білімгерлерді Жаркент шегара отрядынан бастау алған Панфилов ауданы бойынша шегара басқармасының атқарған жұмысымен, ғасырлық тарихымен, тыныс-тіршілігімен таныстырды. 

Осыдан кейін Жаркент шегара отрядында  басшылық жасаған  отставкадағы генерал-майор Шынтас Өтепов Отанды қорғау әр азаматтың борышы екенін айтып, әскери салада қызмет істеген кездегі естеліктерін әңгімеледі. 

Өз кезегінде ҚР ҰҚК Шегара қызметі Жетісу облысы бойынша департаментінің кадр бөлімінің бастығы подполковник Асқар Талғатов шегара қызметіне мерзімді әскери қызметшілер қатарына және шегарашылар сапына келісімшарт негізінде әскери қызметке қалай орналасуға болатыны туралы айтты. Қандай құжаттар тапсыру керегін және әскери қызметке үміткерлерге қандай талаптар қойылатынын түсіндірді. Сонымен қатар, ҚР ҰҚК Шегара академиясына офицер атағын алу үшін төрт жылдық және жоғары оқу орнынан кейін алты айлық курсқа оқуға түсу үшін қандай емтихандар тапсыру керектігі туралы баяндады. 

Жиын барысында Жетісу мемлекеттік университетінің өкілі де сөз алып, осындай патриоттық шара өткізген ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Шара соңы Астана қаласынан келген ҚР ҰҚК Шегара қызметі өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Айдар ҚАЛИЕВ