МЫРЗА

Уақыты: 07.04.2024
Оқылды: 278
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Күздің қоңыр салқыны түскелі көңіл-күй жабырқаулы. Қала күрең күздің құрсауына түскендей. Шаһар адамдарды торға қамап, қорқытып ұстап отырғандай. Жан біткен сана түрмесіне қамалған. Тіршілік атаулы  күн шыққанда жасарып, кеш батқанда қара түнекке жұтылып кететіндей. Адамдар неліктен түннен қорқады екен?  Әлде мен ғана ма сондай?


Сана мен жүрек арасындағы ұлы майданды тоқтатуға бола ма?! Әсте жүректің лүпілін қос жанар сөйлете алар. Бірақ сиқырлы сезімді жасанды интеллектінің өзі өзгерте алмайды. Жүректің мәні бір бөлек. Кеудедегі жұдырықтай еттің қадір-қасиетін біздер ұғына аламыз ба? Ұлы философ Платон сыртқы сұлулыққа сұқтанатын махаббатты төменгі сатыға жатқызады. Шынайы сұлулық адамның мінезінде, қылығында болады. Орта ғасырларда махаббат ұғымы көркем шығарманың ғана нысаны емес, дүниетаным, дін, философия, эстетика салалары бастау алатын кәусар бұлақ саналған. Өткен дәуірдің ғұламалары сипаттағандай болмаса да пенде өмірінде бір рет болса да махаббатты сезінуі керек-ті.  Жас адам ақыл жинаймын дегенше егделеп қалғанын байқамайды. Бұл жанның менімен кездесуі маңдайға біткен бақ. 

Оның дауысы мені баурап алды. Сізге өтірік, маған шын, екеуміз кезіккенде жүрегінің түбінде жатқан сырды ұғына алатынымды сездім.  Біздің тағдыр тармағымыз бір арнада түйісті.  Сол бір кеш... Құрбым екеуміз кинотеатрдан шықтық. Ол қасымыздан айналшықтап кетпей қойды. Соңында шығарып салғысы келетінін жеткізді. Мен бас тартпадым. Сол күні Манатпен таныстым. Құрбымнан кім екенін сұрап, біліп алдым. Сол түннен бастап әдемі дауысты жігіт  басқан ізімді аңдып жүргендей қайда барсам да алдымнан шыға берді. Әлеуметтік желінің әр түкпірінен жазып, көңілімді аулады. Жүрек бүлк етті. Таңдауды әйел адам  жасайды деген рас сияқты. Бірінші танысқан күннен бастап Манаттың менің адамым екенін сездім. Күнара гүл жіберіп, сый-сияпатты үдете түсті. Кездесуге де барып жүрдім. Үйден шықпайтын қарапайым қызды қарлығаштың қанатымен қасын әрлеген қас сұлуға айналдырды. Маған ілтипат білдіріп, сыйымды арттырған  сайын құлпыра түстім. Осылайша қарым-қатынасымыз ұзағынан сүйсіндірді. Қазіргі жастардың пайымымен гүл ұсынып, «ресми» түрде қалыңдық пен  жігіт атандық.  

Өмірімізде сынақтар бар. Махаббатымыз үшін бәрін өз қалпында қабылдауға сөз байластық.  Ата-ана перзентінің таңдауына түсіністікпен қарауы тиіс деп ойлаймын. Хикаямдағы басты қарсылық анамның тарапынан болды. Қандай ана үкілеп отырған перзентінің қиналмай өмір сүргенін қаламайды.  Құда-жекжатымен ойнап-күліп, шүйіркелесіп отырсам дейді. Анамның да шешіміне келісуге болады. Анашым  Манатқа  қарсы болмады. Бірақ, Манаттың әке-шешесі тағдырдың тәлкегіне түскен жандар. Екеуі де сөйлей алмайды. Бір-бірімен қимыл арқылы ғана тілдеседі. Осы жайтты білген анам қалай қарсы болмасын?!  Арақатынасымызды шектеді.  Екеуміздің  екі бөлек кетуімізге  Манат  көнбеді. Анамның көңілінен шығу үшін бәрін істедік. Үміт жібі үзіліп бара жатқанда анам менің таңдауыма құрметпен қарап, батасын берді.  Оның әкесі өте жақсы адам екен.  Жанарында шердің емес, өмірге деген махаббаттың лебі есіп тұрады. Анасы тіпті мені көрсе ұялады! Сондай биязы,  жақсы адамдар.

Тағдырымыз тоғысқалы үш жылдың жүзі болды. Осыған дейін бір-бірімізден алыстап көрмеппіз. Бүгін маған әскерде жүріп хат жазып жіберіпті. Романтика деп осыны айт. Инстаграммен жаза салудың орнына поштамен жолдапты. Хатының соңында «Сәлеммен Мырза» деп жазыпты.

                     Мерей Құдайбергенова
Талдықорған қаласы