БАР КІТАПТЫ ОҚЫП АЛАЙЫҚШЫ

Уақыты: 13.04.2024
Оқылды: 369
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» тақырыбымен өткізген үшінші Ұлттық құрылтай отырысында жастарды кітап оқуға баулу керектігін, кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жадысы екенін айтты.


Жалпы балалар әдебиеті, кітап оқу мәдениеті көптен бері айтылып жүрген тақырып. Кітап – білімнің қайнар көзі. Алайда бүгінгі қоғамда таңды таңға ұрып, жата-жастана көз майын тамызып әдеби шығарма оқитын жастардың легі сиреп барады. Көркем әдебиетті тек журналистиканың айналасында жүрген жандар оқиды. Білімді инемен құдық қазғандай қылып алуға ұмтылып, кітап құшақтап жүрген басқа сала мамандары аз. 

Балаларды кітап оқуға баулу үшін елімізде «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру» сынды мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Ал 2022 жыл «Балалар әдебиетін қолдау жылы» болып жарияланды. Бірақ, олардың орындалуы дұрыс болмады. Мәселен, бізде кітапты шығару ісіне көп мән берілді де кітапты оқыту көлеңкеде қалып қоюда. Осы уақытқа дейін қаншама қаржы бөлініп, мыңдаған тиражбен тарихи, көркем әдебиет кітаптары шықты. Оқулықтар республикалық, облыстық, аудандық кітапханаларға түскенімен мектеп кітапханаларына жетпей қалуда. Кітап мектеп кітапханасына түспеген соң оқушыларға да жетпейді деген сөз. Өйткені оқушылар өздігінен орталық кітапханаларға көркем әдебиет оқимын деп бара қоймайды. Студенттер көбіне курстық жұмыс жазу үшін, оқушылар олимпиадаға дайындалып, реферат жазуға ғана барады. Көркем әдебиет мектеп кітапханасында болса оқушылар жата-жастана оқитын еді. Одан кейін, шыққан кітаптың оқыту жүйесі жасалмағаннан кейін оқулықтар сөреде беттері ашылмай жаңа күйінде қалып қалуда. Елімізде балалар, көркем әдебиет жайлы оқулықтар жетіп артылады. Біз қазір кітап шығаруға мемлекеттен бөлінетін қаржының 70 пайызын оқытуға жұмсасақ әлдеқайда нәтижелі болатын еді. Бар кітапты оқыту механизмін жасасақ, кітап оқу мәдениетін қалыптастыратын едік. 

Балалар әдебиеті жылында «Ертөстік» сияқты бірнеше байқаулар болды. Одан басқа ештеңе өтпеді. Балдырғандар Балалар әдебиті жылы екенін сезінген жоқ. Сондықтан әрбір мектепте кітап оқыту үшін түрлі сайыстар ұйымдастырылып, көркем әдебиет оқу үшін арнайы уақыт қарастырылып, білім беру бағдарламасы жұмыс істемейінше кітап оқытамыз дегеннің бәрі құр сөз болып қалады. Одан кейін балалар әдебиеті деген кезде біз мектеп пен балабақша әдебиетін екі тармаққа бөліп қарауымыз керек. Қазір балабақша да әдебиетке сусап отыр. Қазір бүлдіршіндер тәрбиешілердің жазып бергенін жаттап жүр. Оларға бүлдіршіндерге арнап шығарған кітап жетіп жатқан жоқ. Ешқандай балабақшада кітапхана жоқ. Тілге жеңіл, балалардың қабылдауына оңай болу үшін балабақша кітапханасы деген сериялы кітаптар шығарылса керемет болар еді. 

Еліміздің болашағы білімді жастарда. Әр жас кітаппен дос болса біз алмайтын қамал жоғына сенімдімін.

Есболат АЙДАБОСЫН, 
жазушы