ҚҰНАРЛЫ ТОПЫРАҚ - МОЛ ӨНІМ КЕПІЛІ

Уақыты: 18.04.2024
Оқылды: 320
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Елімізде өткен жылдың қыркүйек айында жерге зерттеу жұмыстарын жүргізу бойынша мемлекеттік институт құрылды. Осыған байланысты Жетісу жерінде де аталған институттың филиалы ашылып, қазіргі кезде жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің «Жерлерге зерттеп-қарау жұмыстарын жүргізу мемлекеттік институты» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Жетісу облысы бойынша филиалының директоры Асқар Жолдоғұтовпен әңгімелескен едік.


– Асқар Абдолдаұлы, Жетісу облысы бойынша «Жерлерге зерттеп-қарау жұмыстарын жүргізу мемлекеттік институты» республикалық мемлекеттік кәсіпорны қашан құрылды?
– «Жерлерге зерттеп-қарау жұмыстарын жүргізу мемлекеттік институты» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Жетісу облысы бойынша филиалы (бұдан әрі – «ЖерЗЖМИ» РМК Жетісу облысы бойынша филиалы) биыл 22 қаңтарда заңды тұлға ретінде тіркеліп, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамынан бөлініп шықты. 

– Аталған филиалдың  негізгі атқаратын істері және қандай нормативтік-құқықтық актілермен жұмыс жүргізетіні туралы айтып берсеңіз?
 – «ЖерЗЖМИ» РМК Жетісу облысы бойынша филиалы мемлекеттік тапсырыспен, сонымен бірге жеке және заңды тұлғалардың өтініші бойынша топырақты іздестіру, топырақты бонитеттеу, топырақтың сапалық сипаттамасы, бонитет балы анықтамаларын беру және облысымыздың топырақ цифрлық картасын жасау жұмыстарымен айналысады. Сондай-ақ, топырақты бонитеттеу және жердің ірі масштабты топырақ іздестірулерін жүргізу жөніндегі әдістемелері нормативтік-құқықтық актісі (бұдан әрі – әдістеме) негізінде жұмыстар атқарады.

 – Топырақ іздестіру, топырақ бонитетін анықтау жұмыстары жайында түсіндіріп өтесіз бе?
– «ЖерЗЖМИ» РМК Жетісу облысы бойынша филиалы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының құрамында болған кезеңде қолданыстағы 259 бюджеттік бағдарламасының «Мемлекеттік жер кадастры мәліметтерін іздестіру жұмыстарын жүргізу арқылы қалыптастыру» 100 кіші бағдарламасының «Жер мониторингін жүргізуді, топырақтық және геоботаникалық зерттеулер жүргізуді қамтитын жерлердің сапасын есепке алу» мемлекеттік тапсырмасы аясында бірқатар жұмыс атқарды. Мысалы, өткен жылы 350 мың гектар топырақ зерттеліп, 200 мың гектар топырақ бонитеті анықталды. Облыс бойынша әлі де зерттелмеген және зерттеу материалдары ескірген жер учаскелері жетіп-артылады.
– Ескіру мерзіміне байланысты топырақ іздестіру, топырақ бонитетін анықтау жұмыстары жылына қанша рет жүргізіледі?

– Әдістемеде ірі масштабты топырақ іздестірулер материалдары бес топ бойынша түзетуге жатады. Біріншісі, суарылмайтын жерлер үшін – 15 жыл, суармалы жерлер үшін – 10 жыл зерттеп-қарау кезеңінің ескіру мерзіміне жеткен материалдар, екіншісі, жер пайдалану жоспары топырақ картасын жасауға негіз болған материалдар, үшіншісі, кемінде екі жылдық кезеңнің түбегейлі мелиорациясы (құрғату, суару) жүргізілген шаруашылықтардың, сондай-ақ, соңғы 3-5 жыл кезеңінде эрозияның, әсіресе желдің қарқынды үдерістері орын алған шаруашылықтардың материалдары, төртіншісі, құрамы бойынша қатерсіз, бірақ іздестірулер шегаралары жер пайдаланудың қазіргі шегараларымен сәйкес келмейтін немесе соңғы 3-5 жылда алқаптардың шаруашылықішілік елеулі өзгерістері болған материалдар, бесіншісі, құрамында топырақ картасы аэрофототүсірілім немесе топографиялық карта негізінде сапалы жасалған, қосымшалар (картограмма, очерк) жоқ немесе тиісті сапаға сәйкес келмейтін материалдар. 

Сонымен бірге топырақты бонитеттеуді жаңартуға жататын материалдар бар. Олар зерттеп-қарау кезеңінің мерзімі жеткендер – суарылмайтын жерлер үшін – 10-15 жыл, суармалы жерлер үшін – 10 жыл, ал топырақ картасын жасауға жер пайдаланудың контурлық жоспары негізінде мыналарды айтуға болады. Мәселен, елеулі алаңдары 2 жылдан кем емес кезеңде түбегейлі мелиорацияға (құрғату, суару) ұшыраған ауылдық округтер, сондай-ақ, соңғы 3-5 жыл ішінде қарқынды эрозия үдерістері болған шаруашылықтар, соңғы 3-5 жылда ауылшаруашылығы алқаптарын бір түрден екінші түрге ауыстыру (трансформациялау) жүргізілген ауылдық округтер, топырақты бонитирлеу картограммасы бар, бірақ қосымшалары (түсіндірме жазба, зертханалық талдау деректері) жоқ ауылдық округтер.

– Облыс бойынша топырақ іздестіру, топырақ бонитетін анықтау жұмыстарын жүргізуді биыл қалай жоспарлап отырсыздар?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт  Тоқаев VІІІ сайланған Парламент Мәжілісінің бірінші сессиясының ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде топырақ құнарын сақтап, оны жақсарту үшін жүйелі шаралар қабылдау және ауылшаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану үшін бақылауды күшейту қажеттігін тапсырды. Бұл ретте елімізде тіршілік атаулыға нәр беретін топырақтың құнары мен құрамын зерттеу жұмысын жүргізу баса назарға алынды. Жоспарланған жұмыстарға тоқталмас бұрын «жалпы топырақ дегеніміз не және оның адамзат өміріндегі маңыздылығы қандай?» деген сұраққа жауап беріп көрейік.
Топырақ дегеніміз –  өсімдіктердің, жануарлардың, әсіресе микроорганизмдердің, климат жағдайы және адамдардың әсерімен өзгерген жер бетінің үстіңгі борпылдақ қабаты. Топырақтың адамзат үшін маңызы ерекше және біздің бүкіл өміріміз осы топырақпен байланысты. Сондай-ақ, ол ауылшаруашылығы өндірісінің негізгі құрамы саналады. Ең алғашқы қауымдық құрылысы кезінде адамдар жабайы өсімдіктерді мәдени өсімдіктерге айналдыра бастады. 
Құнарлы топырақта (қарашірік) мол өнім алуға болатынын адамдар сол кезде-ақ білді. Жоғарыда аталған әдістеменің талаптарына сәйкес «ЖерЗЖМИ» РМК Жетісу облысы бойынша филиалы алдағы жылдарға облыс бойынша толық зерттеу жұмыстарын аяқтап, электронды цифрлы топырақ картасын әзірлеуді жоспарлап отыр. Биыл облыста 400 мың гектар топырақ зерттеліп, 259 мың гектар ауыл- шаруашылығы жерлеріне бонитет баллын анықтау жұмысы жүргізілетін болады.

– Облыста қандай топырақ түрлері бар және топырақ сапасына байланысты кездесетін мәселелерді айтсаңыз?
– Жетісу жері топырақ түрлеріне өте бай, таудың қара топырағынан бастап шөлдің қызыл құмына дейін алуан түрлі. Алайда топырақ түрі көп болғанымен де табиғи және антропогендік әсерге байланысты сапасы төмендеп, тозуына байланысты қиындықтар туындауда. Осы мәселелерді шешу үшін «ЖерЗЖМИ» РМК Жетісу облысы бойынша филиалында «Жерді іздестіру басқармасында» 3 бөлім құрылды. Олар жерді іздестіру, жердің сапалық тозуын есепке алу және цифрландыру бөлімдері. 

– «ЖерЗЖМИ» РМК Жетісу облысы бойынша филиалының бір жылда атқарған жұмыстары аз емес шығар.
– Әрине. Біз мемлекеттік тапсырыспен 3 кезең аралығында жұмыс атқардық. Олар дайындық, далалық және камералдық кезеңдер. Дайындық кезеңінде жерді іздестіру бөлімінің мамандары  жоспарланған ауылшаруашылығы алқап түрлеріне мұрағаттан ескі топырақ материалдарын көтеріп, далалық топырақ карталары мен журналдарын әзірлеп, далалық кезеңге дайындық жүргізеді. Ал далалық кезеңінде жоспарланған ауылшаруашылығы алқап түрлеріне топырақты зерттеу-іздестіру жұмыстарын жүргізіп, топырақ сынамалары алынады және топырақ зерттеу зертханасына жіберіледі. Сөйтіп, топырақ картасының далалық нұсқасы сызылады. 

Камералдық кезеңде далалық жұмыстармен топырақ зерттеу зертханасының қорытындысы негізінде топырақ очергі мен түсіндірме қағаз жазылады. Камералдық жұмыстар қорытындысымен жердің сапалық жай-күйіне байланысты (тұзданған, жел-су эрозиясына ұшыраған, батпақтанған, шайылған, тағы басқа) мәселелер бойынша жердің сапалық тозуын есепке алу бөлімі алдағы уақытта жердің тозып кетпеуі үшін бірқатар іс-шаралар мен ұсыныстар әзірлейді. 

Топырақтанушы мамандардың берген авторлық картасымен цифрландыру бөлімі электрондық топырақ және агрокешендік картасын дайындайды. Сонымен бірге филиал жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша топырақтың сапалық сипаттамасы, бонитет балы анықтамасын және топырақ зерттеу жұмыстарын коммерциялық негізде әзірлеп береді. 

Мемлекеттік меншіктегі жер учаскелерін шаруа немесе фермер қожалығына ауылшаруашылығы өндірісін жүргізу үшін беру ерекшеліктері кезеңінде Қазақстан Республикасының Жер кодексінің  43-1 бабы, 5-тармағы, 2-тармақшасына сәйкес «ЖерЗЖМИ» РМК Жетісу облысы бойынша филиалы жер учаскесінің сипаттамасы (топырақтың сапалық сипаттамасы, бонитет балы) бойынша ақпарат береді. Жеке және заңды тұлғалар, мемлекеттік мекемелер жоғарыдағы аталған қызметтерді «ЖерЗЖМИ» РМК Жетісу облысы бойынша филиалынан алуға болатынын айта кеткен жөн. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жоспарға сәйкес жүргізілетін болады. 
– Мазмұнды сұхбат бергеніңізге көп рахмет. Жұмыстарыңыз жемісті болсын!

Әңгімелескен - Айгүл Байжұмақызы