КӨКЖИЕГІМІЗ КЕҢЕЙСІҢ

Уақыты: 22.04.2024
Оқылды: 275
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Үлкендер тарапынан үнемі «Сендердің жастарыңда бұлай істеуші едік», «Былай толғанатынбыз, осылай ойланатынбыз» деген сарында сын-ескертпе айтылып жатады. Шыны керек, жоғары сынып оқушысы болған соң біз де ойланамыз, тағдырымызды шамамыз келгенінше таразылауға тырысамыз.


Қашаннан жастарға аға буын ақылшы болған. Дегенмен әңгіменің деніне салмақпен ой тастасақ, жас өскінге айтылар сын көп. Оны қабылдаймыз. Оқушы болсақ та ойсыз емеспіз. Бізді рухани тұрғыда толғанбайтын, жақсы мен жаманды парықтай білмейтіндердің қатарына қосқанда намыстанып қаламыз. Алайда сын айтуға себеп те жоқ емес. Замандас, қатар құрбы-құрдастарымыз жастардың атына кір келтіретін әрекетке жиі барады. Электронды темекі шегіп, энергетикалық сусын ішеді. Смартфоннан көз алмайды. Асқақ арманы бар шығар, алайда аталған дүниелерге әуестену арқылы алтынға алмастырмас денсаулығына залал келтіріп, жақұттан бағалы уақытын телефон, әлеуметтік желі арқылы текке кетіруде. Кітап оқымайды, сапалы, салмақты дүниемен әуестенбейді. Осының салдарынан күллі жасқа қарата аға буын «тәрбиесі ақсап тұр» деп баға береді.

Мен оқитын мектепте менторлық жоба аясында дәріскерлер тәрбие мен тәлім жайлы үнемі ой қозғайды. Ұдайы мен толғанған дүниелер көтеріледі. Достарымның дені ерекше әсерде. Соның арқасында өзімізбен жұмыс істеуді қолға алдық. Тәрбиеден тысқары кеткен құрдастарымызға жөн сілтеп, «өйтпе-бүйтпе» деп ескерту жасайтын болдық. Нәтижесі де жоқ емес. Осы ретте аталған жобаның жемісін көру үшін мықты-мықты тұлғалар дәріс беріп, тәлім шашса екен деген тілек айтқымыз келеді.

Ерзат СӘРСЕНҰЛЫ,
Д. Рақышев атындағы қазақ 
мектеп-интернатының  11-сынып 

оқушысы