ӘСКЕРИЛЕР АЛҒЫС АРҚАЛАДЫ

Уақыты: 06.05.2024
Оқылды: 470
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

«Ел басына күн туса, етігімен су кешер» деген. Еліміздің біршама облысын қарғын су басып, бейбіт күнде кей отандасымыз үйсіз-күйсіз қалды. Сарапшылардың пікірінше, 80 жылда қайталанып тұрған табиғат апатының алдын алу, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге әскерилер де жұмылдырылды. Жетісу өңірінен 18404 әскери бөлімінің сарбаздары да көппен бірге топан су басқан өңірлерге аттанған еді. 37-ші десанттық-шабуылдау бригадасының өкілдері Батыс Қазақстан облысындағы Рубежинский, Подстепное, Магистральное, Байқоныс, Дарьинское, Жаңабұлақ және Бударин елді мекендерін қарғын судан қорғайтын бөгет тұрғызып, ауыл тұрғындарын апаттан аман алып қалды.


Өңірден аттанған сарбаздар 11 сәуірде С-295 әскери-тасымалдау ұшағымен апат аймағына жеткізілді және Бәйтерек, Теректі, Ақжайық және Чапаев аудандарындағы елді мекендерді тілсіз жаудан қорғау міндеті жүктелді. Олар барған күннен еріген қар суынан арнасынан тасыған Жайық, Шаған, Дерқұл және Көшім өзендері мен олардың салаларының жағасын нығайтуға кірісті. Алғашқы тәулікте десантшылар Серебряков кенті маңындағы Көшім өзенінен қауіпті сейілтуге жұмылдырылды. Сарбаздар алғашқы тәуліктен-ақ 45 тоннадан астам құм салынған қапшықпен өзен жағалауына бөгет тұрғызды.

 – Өзен бойында су басу қаупі бар екі учаске анықталды. Жетісу мен Алматы гарнизондарынан келген әскерилер биіктігі 2 метр бөгет тұрғызды. Бөгеттердің ұзындығы 200 метрге жуықтайды. Мұнан өзге сарбаздар Зашаған кентіндегі кірпіш зауытында, Шаған-Набережный ауданы мен Жас натуралистер стансысында су тасқынына қарсы шараларға қатысты. Олар құм салынған 40 мың қап даярлап, 150 метрлік бөгет тұрғызды. Орал қаласындағы жоғары инженерлік-технологиялық колледжінің студенттері сарбаздардың еселі еңбегіне разылығын білдіріп, дастарқан жайды, – дейді жергілікті басқару органының өкілі Амангелді Жұмағалиев. 

Мұнан кейін жетісулық сарбаздар Бәйтерек ауданына қарасты Рубежинский ауылында биіктігі 4 метрге жуық, ұзындығы 500 метр бөгет тұрғызды. Ал, осы ауылға қоңсы жатқан Подстепное ауылының тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 700 метрлік қорғаныс аймағын жасақтады. Биіктігі 2 метр болатын бөгетті тұрғызуда әскерилер 110 метр целлофан үлбірі мен 3000 қапшық құм пайдаланды. Кейін жетісулық әскерилер Жайық өзенінің қауіпті тұсы – Магистральный елді мекенін қарғын судан оқшаулау жұмыстарын жүргізіп, биіктігі 4 метр, ұзындығы 2 шақырым судан қорғау бөгетін тұрғызды. 

Бүгінде еліміздің көп бөлігінде қарғын судан туындаған тасқынның беті қайтты. Сарбаздарымыз Жетісу өңіріне оралды. 

 – Біздің жеке құрам Орал қаласына келгенде командаларға бөлініп, елді мекендердің су басу қаупі бар аумақтарына жіберілді. Әскери қызметшілер бір кісідей атсалысып, қойылған тапсырмаларды бұлжытпай орындады. Екі апта қызыл сумен күресіп, қызмет орнымызға аман-есен оралдық. Бастысы, елдің алғысын алдық, – деді 1-десанттық-шабуылдаушы батальонының штаб бастығы Қанат Маханбетұлы.

Бастысы, ел басына күн туғанда батыр ұлдар етігімен су кешіп, бейбіт тұрғындарға қолғабыс етті. Ендігі біздің де тілек, ел аман, жұрт тыныш болғай!

М. МАҚСЫМ