Халық сенімін атқарушы билік ақтай алмай жүр

Уақыты: 22.05.2024
Оқылды: 345
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қазақстан жаңа демократиялық үдерістің көшіне ілесті. Билік пен бұқараның арасын жақындатар тың тетіктер іске қосылды. Әрине, аса қажеттіліктен. Солардың бірі де бірегейі – қоғамдық кеңестер. Былтыр облыс әкімі Бейбіт Исабаев өңірдегі барша қоғамдық кеңестің басын қосып жиын өткізгенде: «Кеңестер жаңа әлеуметтік-қоғамдық институт болғандықтан негізгі міндет – қоғамдық кеңестер қызметіне деген халықтың сенімін арттыру», деген еді. Алайда қоғамдық кеңестерге халық түгілі атқарушы билік өкілдері қырын қарайтын секілді. Дәл солай.

Жуырда облыстық қоғамдық кеңестің  кезекті отырысы өткен-ді. Алайда кеңеске келуі тиіс кейбір атқарушы биліктің өкілдері шақыртуға пысқырып та қарамапты. Төраға Е. Қошанбеков жиын барысында сол басқармалардың атын атап, сәл «кіжінгенмен» әлі де биліктің барлық сатысында мақұлдау мен бас изейтіндер отыр деп ойлайтындар қоғамдық кеңестің де жұмысы сол деңгейде деп түйсінсе керек. Әйтпесе, кейбір басқарма басшылары күлтөбенің басындағы күнде өтетін жиыннан қолы босамай жатқаннан болар, өкілдерін, орынбасарларын кеңес отырысына жіберді емес пе? Ал өзгелерге сол жиында өзі түгілі өкілі де ат төбесін көрсетпейтіндей не күн туды? Әлде билік пен халық арасында алтын көпір болуы тиіс құрылымға жүрдім-бардым қарайтын болғаны ма? «Айтпаса сөздің атасы өледі» деген, әлде олар Қазақстанның демократиялық бағыты мен бағдарына күмәнмен қарай ма? Сөз басында еліміздегі демократиялық үдеріс көшінде өз қолтаңбасын қалдырып жүрген аймақ басшысының сөзін кестеге түскен оюдай зерделедік. Бәлки, Ерғазы Қошанбеков төрелік ететін қоғамдық кеңеске мойынсұнбағандар сенім артып, тағайындағандардың алдында именер.

Хош. Кеңестің жұмысына «мұрын шүйіретіндерсіз-ақ» отырыс өтті. Мәселе оның қалай өткенінде. Кезекті жиында екі мәселе қаралды: бірі – облыстық бюджеттің тиімді жұмсалуы мен игерілуі турасында, екіншісі – облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және энергетика басқармасының атқарған жұмыстары жайында. Әуелі мінберге көтерілген облыстық қаржы басқармасының басшысы Жанар Керімбекова өткен жылғы бюджеттің игерілуін сөз етті.

Бас қаржыгердің сөзінше, өткен жылғы облыстық бюджеттің бекітілген жоспары 417,5 млрд. теңгені құраған. Жыл көлемінде 4 нақтылау мен 14 түзету енгізіліп, нәтижесінде бюджет қалтасының көлемі 471,1 млрд. теңгеге жеткен. Дейтұрғанмен, бюджет қалтасынан бөлінген 800 млн. теңге игерілмепті. Оның басым бөлігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, білім беру, ауылшаруашылығы басқармаларына тиесілі екен. Жанар Керімбекова мәселені айшықтай түсіп, 800 млн. теңгенің дені мемлекеттік сатып алу төңірегіндегі тараптар арасындағы туындаған дау нәтижесінде игерілмегенін жеткізді. Баяндамадан соң бірлі-жарым ұсыныс пен сауалдар жолданды. Жанар Керімбекова олардан мүдірмеді.

Артынша тізгін тартқан облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және энергетика басқармасының басшысы Айдос Бекетаев 2023 жылы атқарылған, биыл атқарылып жатқан жұмыстарды тізбектеді. Айтуынша, облыс аумағындағы су құбырының 34 пайызы, кәріз желісінің 58,1 пайызы, электр желісінің 87,2 пайызы, жылу желілерінің 50 пайызы тозған. Осы мақсатта қарқынды жұмыс жүргізілуде екен. Негізі өңірдегі елді мекендердің 90,7 пайызы ғана орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген. Биыл бюджеттен 7 млрд. теңге қаралыпты.  Осы сомаға ауқымды жұмыстар атқарылып, сумен қамту деңгейі 91,3 пайызға көтерілмек. Ал тозған электр желілерін жаңғыртуда бар үміт «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасында екен. 7 жылға жоспарланған бағдарламаның жалпы сомасы 11,8 млрд. теңгені құраса, 2029 жылға қарай желілер мен жабдықтардың 12 пайызы қайта жаңғыртудан өтіп, тозған желілер көлемі 72,2 пайызға бір-ақ сырғиды-мыс. Ал көгілдір отынға қолжетімділік артып, жыл соңына дейін 30 елді мекен газдың игілігін көрмек.

Айдос Бекетаев тізгіндеген басқарманың жоспарына сай биыл 35 балалар ойын алаңқайы салынып, 4 саябақ қайта жаңғыртылмақ. 24 елді мекеннің 114 көшесіне түнгі жарықтандыру жұмыстары жүргізіледі. 29,6 шақырым арық желілері жаңаланады. 31 көпқабатты үйдің шатыры мен қаспеті жөнделеді. Осындай жұмыстарды игеру үшін бюджет қалтасынан 8,1 млрд. теңге қаралып отыр. Айтпақшы, осы қаржымен өңірдегі экологиялық ахуалды жақсарту үшін 115 мың түп ағаш отырғызу жоспарланған. Қазір 29,5 мың жасыл желек егілген. Дейтұрғанмен, кеңес мүшелерін осы ағаш егу жұмыстары алаңдатады екен. Амир Газалиев қылқанжапырақты ағаштарды отырғызу мәселесіне көңілі толмайтынын жеткізді. Өйткені, басқарманың жоспарына сай 11 327 дана шырша, арша тұқымдастар егілмек. Айта кететін жайт, қылқанжапырақты көшеттердің бағасы жай ағашқа қарағанда едәуір қымбат. А. Газалиев қылқанжапырақты ағаштарды отырғызғанда жасыл желек түбіндегі топырақты ұстап тұратын жабын алынбаған күйі жерге орналастырылатынын айтып айды аспанға шығарды. Тіпті, бұл дәйекке басқарма басшысы ләм деп ауыз ашпады. Бәлки, көзі жетпегесін үндемеген болар. Тек, қылқанжапырақтыларды отырғызу қажет екенінен әрі аса алмады. Мұнан соң кеңес мүшесінің сұрағы атша тулағандай еді.

 – Шырша тұқымдастар егіледі, кейін оның қурап тұрғанына куә боламыз. Ағашты егу бар, оны күтіп баптау да бар. Бізде жаз бойы тамырына тамшы жетпегеннен ағаштар қурап жатады. Кейде жаз айларында ағаш егіп жатқанды көз көріп жүр. Көркейту-көгалдандыру мәселесін тиісті деңгейде атқармайынша өңірімізді жасыл желекке бөлейміз деу құр далбаса. Себебі, арық желілері адам көргісіз деңгейде. Жалпы, өңірді көркейту мәселесін қозғадық қой, барлық ауданда қоқыс полигоны жоқ. Қоқыс дегеніңіз бұрыш-бұрышта тау болып үйілуде. Атқарылған жұмыс қағаз жүзінде керемет. Айтпақшы, Талдықорған қаласында қоқыс шығару үшін неліктен өзге аймақтың компаниясын тарту қажет болды? Бұл компания келе салысымен тарифті 378 теңгеге бір-ақ көтерді. Бұрын қаладағы қоқыс 42 млн. теңгеге шығарылса, жаңа компания бұл жұмысты атқарғаны үшін 75 млн. теңге алмақ. Тарифті көтеруге халықтың келісімі алынды ма? – деді кеңес мүшесі.

Айдос Бекетаев та, Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Қуаныш Сейтімбетов те қойылған сауалдарға шама-шарқынша жауап беруге тырысты. Басқарма басшысы қылқанжапырақтылардың жиі ауруға ұшырайтынын алға тартып ақталды. Бірақ, кеңес мүшелері жай өсетін, бағасы қымбат шырша тұқымдастарды егіп, кейін олардың қараусыз қалудан қурап қалуы бюджет қаржысын далаға шашумен тең екенін алға тартты. Қанша қараусыз қалса да төзімді келетін қара ағаш отырғызуды ұсынды. Бірақ, басқарма басшысы кеңес мүшелерімен келіспейтіндей сыңай танытты. Ал облыстың бас шаһарындағы қоқыс шығару жайына келгенде Қуаныш Сейтімбетов тендерге екі компания қатысқанын, бірақ сырттың компаниясы артықшылықпен жеңіске жеткенін алға тартты. Конкурс тәртібі енгізілгенде қаладағы тар көшелердегі қоқысты алуға шағын арнайы көліктер болуы басты назарға алынғанын айтып ақталды. Бірақ, осы уақытқа дейін қаладағы қоқысты шығарумен айналысып келген жергілікті компания өкілдері конкурстың өтуі мен басқа аймақтың компаниясы жеңгенін кеш білгенін, конкурстың әділ өтпегенін айтып базыналады. Ал атқарушы билік өкілдері әділ өткеніне шүбә келтірмеуге шақырды.

Жалпы, кеңес отырысы үлкен дауға бағыт алғандай. Жиынға қатысушылар мен атқарушы билік ымыраласа алмады, жан айқай құлаққа жетпеді. Кеңес мүшелері мен жиынға қатысушылар сотқа шағымданарын, облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және энергетика басқармасы мен Талдықорған қалалық әкімдіктің жұмысын төмен бағалайтынын жеткізді. Ал, атқарушы билік өкілдері түсіндіруден гөрі ақталуға бейім тұрды. Бұл жолғы қоғамдық кеңестің отырысы алтын көпірлік емес, сөзталастан әріге бармады.

Дастанбек САДЫҚ
Суретті түсірген Руслан Қадыров