Айтылған ұсыныс аяқсыз қалмайды

Уақыты: 09.04.2018
Оқылды: 1116
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Сәкен Өтебаев пен Ольга Шишигина Талғарға табан тіреді. Депутаттарды «Нұр Отан» партиясы Талғар аудандық филиалы төрағасының орынбасары Мейрамгүл Сағымжанқызы қарсы алды.
Халық қалаулысы, Олимпиада чемпионы Ольга Шишигина аудан жұртшылығымен жүздесу барысында бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралады. Соның бірі – Талғар қаласындағы «Clotwell» тігін фабрикасы.  Депутат тігіншілердің игілікті іс нәтижелерімен танысып, шағын бизнесті дамытуға ынталы еңбек адамына жасалып отырған мүмкіндіктерді түсіндіріп өтті. Келесі кезекте «Triumpher» бірегей көпсалалы спорт кешені болып саналатын спорттық-сауықтыру орталығын аралап, орталықтың тұрғындар үшін тиімділігіне баса на- зар аудару қажеттігін құлаққағыс етті. Сонымен қатар, аудан орталығынан жаңадан бой көтерген дене шынықтыру және сауықтыру орталығына ат басын тіреген Ольга Шишигина келешекте бұл жерден 60 орынды жатақхана бой көтерсе деген тұрғындар ұсынысын аяқсыз қалдырмайтынын айтып, қуантты.
Іссапарын Белбұлақ ауылындағы №32 орта мектеп ұжымымен кездесуден бастаған халық қалаулысы Сәкен Нұриұлы жаңадан пайдаланып отырған білім ордасының жабдықталуына ризашылығын білдірді. Жаңашылдыққа бағыт алған білім шаңырақтарының бірі – Талғар медициналық колледжі студенттерімен кездесуде де жеткен жетістікпен қатар жастарды толғантып жүрген маңызды мәселелер ортаға салынды. Соның ең өзектісі – диплом алған жас маманның облыс орталығына сабылып, жұмысқа орналасуы үшін рұқсат қағаз алуының қиындықтары. Сондай-ақ, болашақ мейірбикелер мыңға жуық білім алатын студент үшін 250 орынды жатақхана жеткіліксіз екендігін де жасырмады. Сонымен қатар тұрғын үйлер тұрғызылса, баспана мәселесі шешім тауып, жас мамандардың тұрақтауына септігі тиер еді деген ойлар айтылды.
Келелі кездесуге келген қоғам белсенділері Мәрия Ордабайқызы, Нәйлә Үмбетова, аудандық мәслихат депутаттары Бауыржан Әукен, Әбдіғали Бәзілхан өзекті де өткір пікірлерін айтып, ұсыныстарын ортаға салды. Әлеуметтік маңызды мәселелерді қойындәптеріне түртіп отырған Сәкен Нұриұлы айтылған жайттардың аяқсыз қалмайтындығына сендірді. Түс ауа депутат Қаратоған ауылындағы «Амиран» сүт фермасының заманауи тыныс-тіршілігімен танысты.
Қаратал ауданы.  Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Асылбек Смағұлов, Сәкен Өтебаев, Ольга Шишигина Қаратал ауданына ат басын тіреп, Ескелді әулиенің басына Құран бағыштап, зиярат етті. Қаратал жұртшылығымен жүздескен халық қалаулылары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуі туралы баяндап, өміршең бастамаларды жүзеге асыру қарқын ала бастағанын тілге тиек етті. 
Аудан әкімі Рауан Рақымбеков қадірлі меймандарды  ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысымен таныстырып, өңірдің өркендеуіне үлес қосар жобалар жөнінде кеңінен әңгімелеп берді. Соның бірі – «Тастөбе-Агрофуд» тауарлы-сүт фермасы. «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев өңірде қолға алынған мемлекеттік бағдарламалардың өз жемісін беріп жатқандығына назар аударды. Депутаттар Тастөбе ауылдық округінде орналасқан тауарлы-сүт фермасының жұмысымен танысты. Бүгінде «Тастөбе-Агрофуд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 50 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Күн сайын Үштөбе қаласындағы сүт өңдеу зауытына 1500 тонна сүт өткізуде. 
– Жыл соңына дейін сүт өндірісін 7000 тоннаға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Тауарлы-сүт фермасында қазір 90 бас ірі қара малы, 120 бас құнажын, 90 бас бұзау бар. Малдың бәрі элиталық, Германиядан «Симентальская» тұқымын әкеліп, жергілікті жерге үйретіп жатырмыз. Шүкір, табысымыз жаман емес. Осы жобаға 400 миллион теңге инвестиция тартылды. Алдағы уақытта осы мақсатқа тағы 200 миллион инвестиция тартуды көздеп отырмыз, – дейді ферма басшысы Шыңғыс Ахметов халық қалаулыларымен кездесуде. 
Мәжіліс депутаттары  «Бастөбе сервис-техникалық колледжіне де бас сұқты. Колледж директоры Маликжан Жамалбековтың айтуынша, бес негізгі мамандық бойынша  286 шәкірт білім алатын колледждің материалдық-техникалық базасы толығымен жабдықталған. Халық қалаулылары бұдан кейін  былтырғы жылы пайдалануға берілген Үштөбе қаласындағы балаларға арналған спорт кешенінің жұмысымен танысты. Мұнда теннис, волейбол, баскетбол, шағын футбол, бокс үйірмелерінде жаттығып жатқан жас спортшылармен кездесті. Қадірлі қонақтар жастардың спортпен жүйелі түрде шұғылданып, зор табысқа жетіп, еліміздің көк байрағын әлемдік аренада желбірете берулеріне тілектестік білдірді.   

ӨЗ ТІЛШІЛЕРІМІЗ