Таулы аймақтағы тарихи күн

Уақыты: 10.04.2018
Оқылды: 1358
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Биылғы көктем Аспантаулар аясындағы елге көптен күткен ақжолтай хабарды ала келді. Ақордадан естілген ақеділ жаңалықты Арқаның самалы іліп әкетіп, Хантәңірінің етегіндегі елдің жүрегіне қонақтатып тастаған. Ол Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 31 наурыздағы «Алматы облысының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгерістер туралы» №653 Жарлығы еді. Осы Жарлыққа орай Райымбек ауданы бөлініп, таулы өлкеде тағы бір ауданның шаңырағы көтерілді. Ел еңсесін тіктеп, көңіліндегі ала бұлтты сілкіп тастаған жағымды жаңалықты бөлісуге облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ арнайы барып, ХХІ ғасырдың екінші онжылдығы аяқталар тұстағы тарихи сәтке куә болып қайтты.

АСПАНТАУ АЯСЫНДА АСҚАҚТАҒАН КӨҢІЛ 
 
Елбасы Жарлығы шықты дегенді естіген сәттен елдің шетінде, желдің өтінде отырған нарынқолдықтардан ес кетті. Әрине, жақсы мағынасында. Атам қазақ мұны: «Қорыққан мен қуанған бірдей», деп түйіп қойған. Қорыққаны сол, «Нарынқол аудан орталығы болады екен» деген сөзді ести-ести үміт жібі үзілгендей күйге жеткен. Ал енді қуанғаны айтпаса да түсінікті. Бірақ айтпауға болмайды. Ол – осыдан жиырма бір жылдай уақыт бұрын аудан орталығы мәртебесінен айырылып, соңғы он жылда Ақорда жаққа қайта-қайта үн тастап, алып елдің іргесіндегі шекараны иесіз қалдырмайық деген жұрттың өтініші тыңдалып, арызына қол қойылған күн. 
Беу, Нарынқол, басыңнан  бүгін бұлт аунап,
Күннің төбесі төбеңнен төмен тұр саулап.
Үміттің жібі үзіліп кетіп бір кезде,
Күдік пен күмән алғандай еді құрсаулап. 
Үміт жалғанды. Елінің сенімін ері ақтады. Әкім мырзаның халқына жақын жүргенінің де бір көрінісі осы болды. Шалғайдағы елдің тілеуін қабыл еткен Алла оған облыс басшысы Амандық Ғаббасұлын себепші етіпті деп аспантаулықтар жарыса айтып жүр. Оны көзімізбен көріп, құлағымызбен естіп қайттық. Нарынқолдықтардың орындалған арманын өз аузымен жеткізіп, қос ауданға елі сенген екі азаматты әкім етіп тағайындап қайтуға келген облыс әкімі Амандық Баталовты ең әуелі өңірдің ат үстіндегі азаматтары мен ақсақалдары қарсы алды. Қазақ халқы қашанда болашаққа жол тартар алдында өткенді еске алып, тарихқа тағзым жасап барып қадам басады. Осы үрдіспен Кегеннің төріндегі кездесу Қарқара көтерілісінің 100 жылдығына орай ашылып, азаттық жолында құрбан болған ұлт перзенттеріне қойылған ескерткіштің басынан бастау алды. Осыдан жүз жыл бұрын елдің ертеңіне алаңдаған жұрт Ереуілтөбеге жиылып, ел іргесі бүтін, іші тыныш болуы үшін атқа қонған еді. Уақыт өте келе тарихтың да қайталанатыны рас. Осынау бейбіт заманда да елдің шеті берік болуы үшін көш бастаған азаматтар атқа қонып, ауыл ақсақалдарынан бата алып, қайта құрылғалы отырған ауданға жол тартпақ. Ереуілтөбеде айтылған сөз елді елең-алаң күйге түсірсе, арада ғасыр өткенде сол азаттық жолында құрбан болған ерлерге арналған ескерткіштің алдындағы әңгімеден шаттықтың лебі есіп, қуанған жүректің дүрсілі естілгендей күй кештік. Біраз дидарласқаннан кейін аттың басын аспанасты елімен іргелес жатқан Нарынқолға қарай бұрды. Жол-жөнекей Текес ауылына соғып, ауылшаруашылығы саласына қатысты атқарылып жатқан жұмыстармен және техникалық құрал-жабдықтардың да жай-күйімен танысып, болашақта атқарылатын іс-жоспарларын көрді. Келесі кезекте қайта құрылған ауданның орталығы Нарынқолға табан тіреген облыс әкімі құрылысы жүріп жатқан біраз нысандарды аралап шықты. Сонымен бірге жаңадан салынатын тұрғын үйлердің де орнымен танысты. Атқарылып жатқан іске тоқмейілсімей, негізгі жұмыстарды бұдан әрі де ширата түсу керектігін айтқан облыс басшысы Амандық Баталов Нарынқолдың ел-жұрты күтіп отырған аудандық Мәдениет үйіне келді.
 
НАРЫНҚОЛДА ҚАЛЫҢ ҚОЛ
 
Айтулы күнді тарихпен сабақтастыра сөйлесек, осыдан үш ғасырға жуық уақыт бұрын Райымбек батырдың соңынан ерген қалың қол осы Нарынқолдан ата жауымызды тықсырта қуып, қазақ халқының шекарасы ретінде алып тастан белгі орнатқан еді. Одан бері де қанша өзен сарқылды, қанша бұлақ тартылды. Небір қилы кезең, қиын заман бастан өтті. Сол бір аумалы-төкпелі алмағайып кезде батыр бабамыз орнатқан тас белгі шекараның арғы жағында, аспанасты елінің жерінде қалып қойыпты. Бұл жағдай өткен күннің еншісінде қалды. Бүгінгі ұрпағы тәуелсіз қазақ еліне тиесілі осы жеріміздің өзін көзіміздің қарашығындай сақтап қалсақ ол да үлкен олжа.
Беу, Нарынқол, орныққан  елдің шетінде,
Шетінде және гулеген   желдің өтінде.
Құшағыңды аш, шашуыңды шаш, ел-жұртым,
Астана жақтан ақжолтай хабар жетуде.
Мәдениет үйіне кіргенде осындай ерекше көңіл-күйде отырған елдің жанарындағы отты көрмегелі біраз болған шығар. Облыс басшысы Амандық Ғаббасұлы фойеге қойған ауданның тыныс-тіршілігін көрсететін көрмені аралап шықты. Онымен жас әрі санаулы сәтте жаңа ауданның тізгінін ұстағалы отырған Жолан Ыбырайақынұлы егжей-тегжейлі таныстырып, ел сенімін ақтап, еңселі өңір болуға аудан азаматтарының атқарып отырған шаруалары баршылық екенін көрсетті. Ендігі кезек таулы аймақтағы тарихи сәтке куә болу. Залда ине шаншар орын жоқ. Қос қабырғаға сүйеніп тікесінен тік тұрған ел қаншама?! Барлығы да Ақорданың ақжолтай хабарын жеткізуге келген облыс әкімі Амандық Баталовты асыға күтіп отыр. Жолан Омаровты қасына ертіп, сахнаға шыққан Амандық Ғаббасұлын нарынқолдықтар мен арнайы келген қонақтар тік тұрып, сатырлата қол соға қарсы алды. Бір-біріне аямай соққан алақаннан ешқандай жасанды үн шыққан жоқ. Бұл облыс пен аудан әкіміне ғана арналған құрмет емес еді. Бұл Райымбектей батыр бабасы ту тіккен қасиетті даланың иесіз қалмайтынына, бір кездері Алматыны бетке алып үдере көшкен елдің дәл осы жағымды жаңалықпен бірге қайта оралатынына деген сенімі. Жастары қалаға ауып, қарттары далада қалып, тоза бастаған Нарынқолдың тамырына қан жүгіре бастағанын сезінген елдің асқақтаған сәтінің көрінісі еді. Бұл облыс әкімінің немесе аудан басшысының ел алдындағы жылдық есеп беретін жиыны емес еді. Осының бәрін жүрегімен шынайы сезінген облыс әкімі Амандық Баталов әңгімесін әдеттегіден бөлек бастады. Сөзінің әлқиссасын қасиетті топырақтағы елмен амандасудан бастаған әкім:
– Жолан маған осында келгенше құрылыс жұмыстары жүріп жатқан біраз нысанды көрсетті. Өзім құрылысшы болғандықтан бәрі маған таныс, көзіммен көріп, қолыммен ұстап, біліп жүрген нәрселер. Ал сіздердің алдарыңызда сөз бастауға жүрексініп, толқып тұрмын. Өйткені дәл осы кездесу бәріміз үшін тарихи сәт. 
Тағыда сатырлата соғылған қол. Шапалақта соншалық шапағат болмаса да, елдің жеріне деген махаббатын байқадық. Ол қандай махаббат?! Осыдан жиырма жылдың ар жағында, яғни, 1997 жылдың жазында қатар жатқан екі аудан қосылып, Райымбек ауданы атанып, орталығы Кеген селосы болып құрылған еді. Ауысқан орталықпен бірге біраз ел де ауа көшкен. Енді қайта оралған ауданмен бірге Алматыға ауған жастар туған топырағына қайта оралар деген сенім мен жеріміз иесіз қалмаса екен деген елдің махаббаты еді. 
– Мына баяндамада жазылған дүниенің бәрін мен сіздерге еркін әңгімелесу арқылы жеткізсем деймін. 
«Бәрекелді» деген пейілін жиылған қауым тағы да қошеметі арқылы білдірді. Ары қарай ойын сабақтаған Амандық Ғаббасұлы: – Өздеріңіз білесіздер, Елбасы мені облысқа әкім етіп тағайындағаннан кейін алғашқы сапарларымның бірін осы Нарынқолдан бастадым. Сол кезде сіздердің барлық сөздеріңізді тыңдадым. Айтқан ұсыныс-тілектеріңізді Елбасыға жеткіземін деп уәде беріп кеткен едім. Бүгін сол уәдемді орындап келіп тұрмын. Сол үшін ең алдымен Елбасына алғыс білдіремін. Өйткені, ең алғаш осы мәселе туралы Президенттің алдына кіргенде сіздердің маған айтқан сөздеріңізді ғана жеткіздім. Аудан орталығымен бірге жастар да кетті, бір кездегі Нарынқол қаңырап қалды. Шекараны иесіз қалдыруға болмайды,– деген ұсыныстарыңызды айтқанымда бір сөз қарсылық білдірмей, бірден қолдады.
Дәл осы кездесу үлкен саяси басқосу, тағдыр-шешті мәселенің орындалған уақыты болғанымен ағайынның қайта-қайта соғылған алақаны әкімге деген қолпаштан гөрі көңіл толқынысын білдіргендей еді. Әйтпесе, қай жиында қол соғылмай жатыр дейсіз. Бұл жағымды жаңалықты жеткізген облыс басшысына деген елдің құрметі еді. Осылайша «Әкім бол – халқыңа жақын бол», – деген аталы сөздің ақиқатқа айналғанын көрдік. «Уәде – Құдайдың бір аты», – дейді дана халқымыз. Облыс әкімінің айтқан сөздерімен біздің ішкі ойымызда осылай ұштасып отырды. 
– Мен ауданның бөлінуі туралы мәселені Үкіметтің алдына да, Президент әкімшілігіне де жеткіздім. Қайта-қайта айтудан жалықпадым, – деген Амандық Ғаббасұлы: – Осы мәселе туралы мені Елбасы шақырды. Бара жатып ойландым. «Ауданды қалай бөлесің. Райымбек ауданы деп қайсы аудан аталады», – деп сұрап қалса қалай жауап беремін деп дайындалдым. Егер Елбасы осылай сұрағанда: «Нұрсұлтан Әбішұлы, Нарынқол шекарада тұрған ауыл. Сол шекараны баяғыда Райымбек атамыз қорғап, белгілеп беріп кеткен. Атаның рухы асқақтап тұрған жерді солай атағанымыз дұрыс шығар», – деп айтайын деген едім. Бірақ ондай сұрақ қойылмады. Тек дұрыс бастама екенін қолдап, енді елдің шетін өркендетуді тапсырды. Жолда келе жатқанда Жолан: «Шекараның ар-жағындағы ел Нарынқолды көрсетіп, неге қап-қараңғы. Елдің бәрі көшіп кеткен бе?», – деп айтады екен дейді. Мен айттым:«Нарынқолды барынша жарықтандыр. Түнде жарқырап тұратын болсын. Арғы жақтан көрген ел біздің де бар екенімізді, көшіп кетпегенімізді білсін. Жақын арада 50 тұрғын үйдің құрылысын бастаймыз. Құдай бұйыртса, екі-үш жылда Нарынқол шағын қалаға айналады. Дұрыс жоспармен жақсы жұмыс істесеңдер, облыста ақша жоқ емес, бәріміз көмектесеміз. Міне, мен бүгін жалғыз өзім немесе бір-екі орынбасарыммен ғана келген жоқпын. Облыстағы үш қала мен барлық аудандардың әкімдерін ертіп келдім. Жаңа ауданның ашылғанын көрсін, қазақтың дәстүрімен көрімдігін берсін деп әкелдім».
Мынандай қолдауға ауыл ел алақанын аясын ба? Бабаларымыздың аманаты орындалғандай күн болды. «Бөлінгенді бөрі алар, жарылғанды жау алар» демеп пе еді?! «Бірлік бар жерде – тірлік бар» дегенді айтқан да менің бабам қазақ. «Бақыт қайда барасың – ынтымағы жарасқан елге барамын». Ескіден жеткен есті сөздің бәрі сол күні санамда тағы бір жаңғырып өтті. Қуанған елдің көңілін одан әрі көтерген Амандық Ғаббасұлы: – Ал қане, ала келгендерің бар ма, қысылмай беріп кетіңдер, – деп бір күлдіріп алды. Осы сәтте Алакөл ауданының әкімі Әлібек Әскербекұлы орнынан көтеріліп, көрімдікке балалар алаңын салып беретінін айтты. Іле-шала Талдықорған қаласының әкімі Бағдат Қарасаев, одан Қаратал ауданының әкімі Рауан Рақымбеков, Қапшағай қаласының әкімі Талғат Қайнарбеков, Қарасай ауданының әкімі Махаббат Бигелдиев көрімдіктерін атады. Мұның өзі дәстүр бойынша көрімдік әрі жаңа ауданның аяқтанып кетуіне жасаған үлкен демеулері еді. Ел іргесінің берік, тәуелсіздіктің тұғыры биік болуына қосқан үлестері еді. «Сабақты ине сәтімен» деген де осы шығар. Нарынқолдықтарды осылай бір қанаттандырып алған облыс әкімі Амандық Баталов: 
– Жаңа ауданның басшылығына Жолан Ыбырайақынұлын тағайындау туралы шешімді дұрыс таңдау деп ойлаймын. Жолан желтоқсан айынан бері Райымбек ауданының әкімі болып еңбек етіп келе жатқанын білесіздер. Жалынды жас, іскер басшы деп үлкен сенім артып, шекаралы аймақтағы жаңа ауданды сеніп тапсырғалы отырмын. Айтпақшы, аудандық мәслихаттың шешімін айтыңыздар, заң бұзғандай болмайын, – деп қуаныштан бал-бұл жанып отырған елді тағы бір күлдіріп алды. 
Аудандық мәслихаттың хатшысы Ерлан Құдабаевтың ұсынысын зал тола халық қол көтеру арқылы ғана емес, қос қолын аспанға көтере соғу арқылы білдірді. Осыдан кейін облыс басшысы: – Ал «біссміллә» қолымды қояйын деп қаламын қолына алды. Осылайша қол қойылды. Жиырма жыл үзілістен кейін Хантәңірінің етегі, батыр баба мекеніне Райымбек ауданы көшіп келіп, орталығы Нарынқол ауылы болып бекітілді. Енді «қуанышты бөліссең көбейеді» деген жоралғыға жол беріліп, мінберге бір кездері Райымбек ауданының тізгінін ұстаған, қоғам қайраткері Бақыт Оспанов көтеріліп, нарынқолдықтар атынан облыс әкімі Амандық Ғаббасұлына шексіз алғыс білдірді. Сол өңірде туып, қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосқан қаламгерлер мен өңірдің дамуы жолында аянбай еңбек еткен, бұл күнде ортамызда жоқ асыл ағаларды еске ала сөзін сабақтастырды. Және жаңа әкім Жолан Омаровтың өзінің шекпенінен шыққан талапты да талантты жастың бірі екенін айтып, ел алдында қызмет етудің абыройлы міндет екенін, сол міндетті азаматтық келбетіне сай арқалай білуін жүктеп те қойды. Одан кейін жарыссөзге шыққан аға буын мен жас толқынның ойлары бір арнада тоғысып, осындай шуақты күнде қуатты елге айналудағы асыл армандарымыздың орындала беруін сөз етті. Нарынқол жұртын осылай ерекше шаттыққа бөлеген жиын аяқталып, Амандық Баталов бастаған керуен Кегенге қарай жолға шықты. 

АҚСАРБАС ШАЛЫП, БАТА ЖАСАЛДЫ

Жолай Сарыжаз ауылы маңындағы биік төбеге орнатылған Райымбек батырдың ескерткішіне тоқтады. Өзі қорғаған шекарадағы ауданның атын Райымбек батыр атымен атағанын жеткізіп жатты әрқайсысының жүрегіндегі үні. Бұл жерде де бабалар жолымен ел іргесі бүтін, іші тыныш болсын деген ниетпен ақсарбас шалып, бата жасады. Бабаға жасалған осындай құрметтен кейін облыс әкімі жаңа құрылған Кеген ауданының орталығына келіп, дене шынықтыру, сауықтыру кешенінің құрылысымен танысып, ұрпақ үшін жасалып жатқан дүниенің сапалы әрі көңіл толарлықтай деңгейде аяқталуын міндеттеді. Осыдан кейін әкімшілік ғимаратына келіп, мәжіліс залында аудан активтерінің алдында жаңа құрылған Кеген ауданының әкімі Талғат Байеділовті таныстырды. Талғат Ескендірұлы сол өңірдің перзенті. Қарапайым еңбек адамынан бастап, билік баспалдақтарынан абыроймен өтіп келе жатқан азамат. Соңғы жеті жылда бұрынғы Райымбек ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келеді. Ендеше бұл жерде сөз қысқа. Елбасының сенімін ақтап, облыс әкімі артқан жауапкершілікті адал атқарып, туған жерін түлетуде, өңірін гүл етуде аянбай еңбек ету. Тағайындаудан кейін жарыссөзге шыққан аға буын Елбасы мен Амандық Ғаббасұлына елдің алғысын жеткізді. Талғат        Ескендірұлының да шыңдалған басшы екенін, елі сенген межеден көрінетінін айтып жатты. Облыс басшысы Амандық     Баталов та Кегеннің кемелденуіне, даму көкжиегінің кеңуіне қолдау көрсетіп, қаражат бөлетінін де жеткізді. Иә, Талғат Ескендірұлының туған жеріне тізесін бүгіп құрмет көрсетуімен қатар тізесін бүкпей тік тұрып еңбек ететініне сенім мол. 
Жаңа құрылған қос ауданның әкімі де елі үшін еңбек етіп, нардың жүгі болса да ауырсынбай арқалайтын жаста. Ендеше тәуелсіз еліміздің таулы аумағында жарқын болашаққа қадам басқан қос ауданның келешегі кемел болары сөзсіз. Солай дейік, солай боларына сенейік.

Сол күні ала таңнан күннің шұғылалы шуағы алып даланы нұрға бөлеп, адамдардың жанына жылуын құйып тұрды. «Елдің пейілі ғой» десті жұрт. Күн екінтіден ауа Аспантауды ораған бұлт себелеп барып, нөсерлетіп ала жөнелді. «Нұр жауып тұр ғой» десті тағы. Табиғаттың түрлі мінезінен тек қана жақсылық күткен елдің пейіліне Ұлы жаратушымыз да мейірін төге бергей!

Жұматай ӘМІРЕЕВ