Мәдениет – халықтың ең үлкен қазынасы, ұлттың рухани болмысы, салт-дәстүрлерінің санғасырлық жиынтығы. «Мәдениеті өскен ел – өркениетке көшкен ел» деп Елбасы айтқандай, әр ұлт өзіндік тарихымен, қалыптастырған мәдениеті, өнері, тәрбие жолымен дараланады. Сөйтіп тек өзінің ұлттық ерекшелігі арқылы танылып, әлем алдындағы дәрежесін айқындайды.
Осыны сарқылмас бастау етіп алған елімізде мәдениетті дамытуға айрықша көңіл бөлінеді. Оған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы мен Қазақстан Республикасының Мәдени саясат тұжырымдамасы айқын дәлел. Сонымен қатар, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы да өткенімізді түгендеп, өшкенімізді қайта жаңғыртып, ұлттық құндылығымызды ұлықтап, болашаққа жарқын қадам басуымызға негіз болып отыр.
Рухани құндылықтарымыздың жандануына, мәдени мақсаттарымыздың орындалуына тың серпін берген «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасында арнайы жоспар құрылып, 28 жоба әзірленді, оның 6-уы аяқталды, 22-сі ұзақмерзімді. Биыл ұзақмерзімді 22 жобаға тағы 9 жоба қосылып, 31 жобаны жүзеге асырудамыз.
Былтырғы негізгі жобалардың бірі – «Жырға тұнған мекенім – Жетісуым» аясында жергілікті ақын-жазушылардың әртүрлі тақырыптағы 43 авторлық кітабы жарық көрді. «Жетісу балалар кітапханасы» бойынша республикалық байқау жарияланып, 79 автор өз туындыларын ұсынды. Нәтижесінде 8 автордың кітабы жеңімпаз деп танылып, 6-ы жинақ болып шықты.
Министрліктің бастамасымен жүзеге асқан «Қасиетті Қазақстан» жобасы негізінде Қазақстанның киелі жерлерін анықтауда ауқымды шаралар өткізілді.
Облыс бойынша макро нысандар тізіміне 17, микро нысан тізіміне 41 нысан енгізілді. Осы ретте «Ескерткіштердің электронды картасы» жасалды. Ескерткіштердің электронды картасы облысымыздағы 2444 тарихи, мәдени, табиғи, т.б. ескерткіштердің, киелі нысандардың орналасқан жерін, оған жету бағытын, тарихын, суреттерін, бейнежазбасын қазақстандықтардың ғана емес, шетел азаматтарының да көріп, білуін қамтамасыз етеді.
Ән-күйі шалқыған Жетісу – ежелден өнерге бай өлке. Халықтық ән-күйдің тамыры ауылдан бастау алатыны да ақиқат. Ауылдың қасиетті жұртын өнермен сусындату мақсатында «Жетісу керуені» жобасы аясында облысымыздың өнер ұжымдары аудандардағы шалғай ауылдарға барып, тегін концерттер мен қойылымдар қойып қайтты. Бұл үрдіс әрі қарай да жалғасын таппақ.
Мәдениет ошақтарының ауыл, қаланың шырайын келтіріп, халықтың береке-бірлігін арттырып, ұлттық өнерімізді дәріптеп, талантты өнерпаздардың қанатын қатайтуда маңызы зор. Осы орайда облысымызда 245 Мәдениет үйі мен клубтар жұмыс жасауда. 2017 жылға дейін 115 Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткен, «Еңселі ауыл – ертеңім» жобасы аясында 2022 жылға дейін қалған 130 нысанды күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. Оған облыс әкімі Амандық Баталов үлкен қолдау көрсетіп, 12 млрд. теңге қаржы бөліп отыр. Сондай-ақ, жекеменшікке өтіп кеткен нысандарды қайтару, Мәдениет үйлері мен клубтар жоқ жерлерге Мәдениет нысандарын салу қолға алынды. Биылғы жылы аудандық Мәдениет үйі жоқ Іле ауданы Өтеген батыр кентінде және Қапшағай қаласында, Талғар ауданы Туғанбай ауылында, Алакөл ауданы Ақтүбек ауылында мәдениет үйлерінің құрылысын бастау үшін жобалық-сметалық құжаттар жасалуда.
Облысымызда Мәдениет үйлерінің жұмысын жақсартуға, өнерпаздарымызды қолдауға айрықша көңіл бөлінеді. Оған облыс әкімінің қолдауымен жыл сайын өткізілетін мәдениет күндерін мысал етуге болады. Былтыр аудан, қала мәдениет күндерінің форматы өзгертіліп, «Ауылым – алтын бесігім» атты ауылдық Мәдениет үйлері мен клубтар арасындағы байқауға 33 мекеме қатысып, 18-не ақшалай сыйлықтар мен дыбыс аппаратурасы берілсе, қалған 15 мәдениет ошағы компьютерлермен жабдықталды.
Мәдениет сан тармақты. Музыка, сурет, би, халықтық өнер – осының бәрі ұлт руханиятын көтеру үшін қажетті алғышарттар. Мұның бірі ақсаса, мәдениетіміз мәйекті бола қоймас. Осы орайда облысымыз көлемінде жыл сайын ән-би байқаулары, қолөнер, сурет көрмелері, театр фестивальдері ұйымдастырылып тұрады. «Мәңгілік елдің мәңгілік сарыны» атты Халықаралық дәстүрлі музыка фестивалі мен «Туған жерім – тұғырым» суретшілердің Халықаралық пленэрі де өткізілді.
Аудан, қалаларда «Рухани қазына» кіші бағдарламасы бойынша барлығы 123 жоба жасалып, барлық мәдениет нысанында 5 966 мәдени шара ұйымдастырылды.
Елбасының Жолдауын насихаттау, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру, терроризмнің және діни экстремизмнің, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша іс-шаралар күнделікті назардан тыс қалған емес.
Мәдениетті өркендету жолында биыл да бірқатар шара қолға алынды. Елбасының Алматы өңіріне жасаған қызметтік сапарында өз ризашылығын білдірген «Батыр бабалар» мемориалды кешені мен Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті, Елбасының «Атамекен» тарихи-мәдени орталығын ашу сияқты үрдісті жалғастыру мақсатында Талғар ауданы Жаңалық ауылындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музейдің құрылыс жұмысы сәуір айында басталып, жыл соңында қолданысқа беріледі. Орбұлақ шайқасындағы жеңістің 375 жылдығына орай Жаркент қаласының кіреберісінен 2 гектар жер бөлініп, Орбұлақ мемориалды кешені салынады. Қарасай аудандық кітапханасының, Жаңа театрдың құрылыс жұмыстары қыркүйек айында аяқталады.
Архив нысандары да жаңаруда, Талғар ауданындағы мемлекеттік архивтің жаңа ғимараты сәуір айында қолданысқа берілсе, Ескелді, Көксу аудандарында мемлекеттік архив мекемелері ашылады.
Сонымен қатар Кеген ауданы Алғабас ауылдық Мәдениет үйін, Сарқан ауданы Черкасск Мәдениет үйін, Жамбыл ауданы Үңгіртас ауылдық, Балқаш ауданы Ақдала ауылдық Мәдениет үйлерін жаңадан салып, жалпы мәдениет нысандарының санын 572-ге жеткізу көзделуде. Биыл 13 мәдениет нысанына күрделі жөндеу жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттамаларына қаржы бөлініп, жұмыстары басталды.
Биыл 5 жерге археологиялық қазба жұмыстары жасалады: Сарқан ауданындағы Қойлық қалашығына, Шеңгелді ауылындағы Керуен сарайға, Қарасай ауданындағы Қырғауылды обасына, Ескелді ауданындағы Ешкіөлмес бөктеріне, Іле-Алатау баурайларындағы патшалық қорықтарына археологиялық қазба жұмыстары жүргізілетін болады.
«Ескерткіш – елдіктің белгісі» демекші, Астана қаласының 20 жылдығы аясында жылдың аяғына дейін тарихи оқиғаларға және тарихи тұлғаларымызға арнап 20 ескерткіш орнату жоспарланған.
Өңірлердің өзара ынтымақтастығын дамытуға да мейлінше көңіл бөлінеді. Осы мақсатта облысымыздың мәдениет, архив қызметкерлері мен өнер ұжымдары Шығыс Қазақстан облысымен тәжірибе алмасты. Сондай-ақ, Жамбыл қаласы мен Шымкент қалаларында гастрольдік сапарларда болды. Күні кеше сәуірдің 12-сі және 14-і аралығында өнер ұжымдары Өзбекстандағы «Алматы облысының күндерін» өткізу үшін іссапарға барып келді.
Заман ағымынан қалыспау – уақыт талабы. Осы орайда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Біз цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз» деп алдымызға жаңа мақсат қойып отыр. «Цифрлы Қазақстан» кешенді бағдарламасын іске асыру бойынша басқарманың медиа-жоспары бекітіліп, облысымыздағы барлық 24 музейді сандық жүйеге көшіру басталып, 7 ірі жоба бойынша жұмыс атқарылуда. Атап айтсақ, Алматы облысының мемлекеттік архиві 2010 жылы сақтандыру қорын құру бойынша аса құнды құжаттарды сканерден өткізіп, микроафиша дайындау үшін «СМА – 105 com-система» жүйесі 53 млн. теңгеге сатылып алынды. Ол арқылы архивтегі құжаттарды қолайлы әрі ұзақ мерзімде сақтауға жағдай жасаймыз. Аталған сканерден аса құнды құжаттардың 335 274 парағы өткізіліп, 4708 микроафиша дайындалды және 2418 сақтау бірлігінен 335 274 парақ цифрланды.
Мемлекеттегі тарихи-мәдени мұраны сақтау, архивтік құжаттарды сандықтау және сандық форматқа, деректер базасына аудару аумақтық тарихы бойынша, оларды интернет ресурстарына орналастыру, қызмет қабылдаушыға мәліметтерді жылдам жеткізу мақсатында «Электронды архив» жобасы жүзеге асырылуда. Биыл 2-жартыжылдықта облыстық мемлекеттік архивтің және Талдықорған мемлекеттік архивінің құжаттарын кезең-кезеңімен Электрондық архивке енгізу жұмысы басталмақ. Электрондық архив жобасын «Бір терезе» қағидаты бойынша іске асыруда қарапайым халықтың уақыты үнемделіп, сапалы мемлекеттік қызмет көрсетіледі.
Қордағы кітаптардың электронды нұсқасын жасақтау, компьютерлік-ақпараттық коммуникацияға негіздеу, электронды кітап қоры базасын нығайту мақсатында облыс бойынша 117 кітапхана «КАБИС» бағдарламасына қосылып, аталған кітапханалардың 2 350 283 кітабы, яғни 65 пайызы бағдарламаға енгізілді. Бүгінгі күні 151 кітапханаға «КАБИС» бағдарламаға енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
«Электронды кітапхана» жобасын іске асыру аясында оқырманның электронды түрде жекебасын куәландыратын ресми құжат «Е-kitaphana» картасын енгізу үшін «Пластикалық карталар» С. Сейфуллин атындағы облыстық әмбебап кітапханасына қолданылуда.
Өткен жылы тарихи-мәдени мұра нысандарының «Электронды картасы» дайындалды. Электронды карта арқылы дүниежүзі бойынша кез келген адам Алматы облысындағы тарихи және мәдени ескерткіштер туралы деректер алып, аңыз-әңгімелермен танысып, орналасқан жерін, ол жерлерге бару бағыттарын біліп, бейнежазба, суреттерін көре алады.
Алматы облысының тарихи және мәдени ескерткіштерін насихаттау мақсатында 2014 жылы облыс аумағында орналасқан 262 тарихи және мәдени ескерткіштеріне QR-кодтары орнатылған, биылдан бастап қалған 203 қалақұрылыс және сәулет ескерткіштеріне QR-код қою жұмыстары жүргізілуде.
Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалды музейіндегі экспонаттарды 3D форматқа көшіру бойынша жұмыстар басталды. Музей қорында 3151 маңызды материал бар. Оның 2034-і негізгі қорды, 1117-сі көмекші қорды құрайды. Аталған жәдігерлер 3D форматтағы жаңа технологиямен көрермендерге ұсынылатын болады.
Облыстағы 243 ауылдық кітапханаларға Wi-Fi желісін орнату 2018 жылдың жоспарына енгізілді. Міне, жер жаннаты Жетісудың мәдениетін өркендету жолында осындай ауқымды істер атқарылуда.
Елбасымыз мақаласында атап өткеніндей, «Ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы тиіс». Ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан салт-дәстүр, мәдениетіміз «Рухани жаңғыру» аясында қайта түлеп, ел рухының көтеріліп, ұлт жадының жаңғыруына септігін тигізері сөзсіз.
Ақан Әбдуәлиев,
облыстық мәдениет, архивтер және
құжаттама басқармасының басшысы