Жуырда танымал публицист, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Журналистер академиясының президенті Сағымбай Қозыбаевтың кезекті кітабы жарық көрді. «Люди мы, не боги» деп аталатын еңбек – автордың «Отандық журналистика және публицистика» деген сериямен орыс тілінде шыққан он бірінші кітабы. Жаңа еңбекте Сағымбай Қабашұлының «Новое поколение» газетінде «Этюды на полях» деген атпен жарық көрген эсселері топтастырылған.
Мақаламыздың кейіпкері Сағымбай Қабашұлы – журналистиканың жілігін шағып, майын ішкен майталман. Ауызекі сөздің нағыз тарланбозы, ТМД жоғары оқу орындарының Құрметті профессоры, Қазақстан Журналистер академиясының тұңғыш президенті, белгілі көсемсөз шебері. Қазақстандағы отандық журналистиканың негізін салушылардың бірі. Автор қазірге дейін 400-ге жуық ғылыми мақала жазды, ал публицистикалық очерктері 700-ден асады.
Ол талай шәкірттерді білім нәрімен сусындатып, талай білімгерге журналистиканың бекзат мамандық екенін ұқтырған, жетесіне жеткізе білген ұлағатты ұстаз. Сағымбай Қабашұлы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне 45 жылдан бері қажырлы еңбегін сіңіріп келеді. Төрткүл дүниеге есімі мәшһүр академик ҚазҰУ-да басшылық қызметтерде болды. АҚШ, Германия, Ресей, Түркия студенттерінің алдында дәрістер оқыды. Сағымбай Қабашұлының тәрбиесін көріп, шекпенінен шыққан шәкірттер бүгінде еліміздің бұқаралық ақпарат саласының үздік басшылары, беделді азаматтары болып отыр.
Сағымбай Қабашұлы – шағын эссе жазудың хас шебері, мэтрі. Ұстазымыздың жаңа жинағын қолға алып, бір деммен оқып шықтық. Оның кез келген эссесі оқырманға ой салады әрі ерекше әсерлендіреді. Тез оқылады. Іш пыстырмайды. Тіптен, кейде автор бір эссе арқылы замана шындығын көрсетеді.
Қоғамда, өмірде болып жатқан құбылыстарға автор бейжай қарай алмайды. Кейбір елеусіз көрінетін дүниелердің өзін шеберлікпен суреттейді. Томирис, Ахмет Байтұрсынов, Мұрат Әуезов, Шоқан Уәлиханов, Қалтай Мұхамеджанов, Герольд Белгер, Төлеген Тәжібаев, Марат Барманқұлов, Валерий Жандәулетов, Жұмабек Кенжалин, Александр Тараков сияқты нар тұлғалы азаматтар жөнінде жазылған эсселерінде адами болмыс, рухани құндылық, адамгершілік, шынайы достық, махаббат, ізгілік шынайы көрініс тауып, тарихи оқиғалар бейнелі баяндалған.
«Абырой» атты қысқа эссесінде автор Абай қара сөздерін мысалға келтіре отырып, ұлт қамын ойласа, «Гюленінде» Түркиядағы саяси оқиғаларды зерделілікпен талдайды. Әскери төңкерістің себебіне үңіліп, 130 БАҚ-тың, 16 телеарнаның, 23 радионың, 45 газеттің, 15 журналдың, 29 баспаның жабылғандығын атап көрсетеді. Екі жарым беттен тұратын бұл шығармадан Түркияның бет-бейнесін білуге болады.
Келесі бір эссесінде Абайдың: «Анау билер қарыны кебежедей, жүре алмады жауыздар елді жемей», – деген өлең шумақтарын негізге ала отырып, заман шындығын дөп басып көрсетеді. Әсіресе, «Қонақжайлылық» пен «Кеңесші», «Асаба» эсселері тіптен әсерлі. «Танымал ақындар көп, құбыр жөндейтін сантехниктер аз» деген қалжыңы арқылы автор қалың оқырманға ой салады. Келесі «Абракадабрасында» автор қазақ тілінің жеткіншектер арасында шұбарланғандығын диалог арқылы қынжылыспен жеткізсе, «Алаяғында» қазіргі қоғамдағы баукеспе ұрылардың әрекеттері суреттеледі. Олардың кескін-келбетін шынайы ашып көрсетеді. «Өтпелі кезеңінде» 14 жасқа толған жастардың еліктегіш келетінін, «Ninety one» тобын пір тұтатынын айтады. Жастардың ұсақталып бара жатқандығына тоқталады.
Ал «Журналист» деп аталатын эссесі тіптен керемет жазылған. Сөзбе-сөз жеткізуге тырысып көрейік. «Картоп – күнделікті тамақ. Сыртқы қабығы таза болмаса да, қарайған жерін көре тұра оны сатып аласыз. Ондай теңеу жасағаным үшін ғафу өтінемін, алайда журналистер қауымы да жуылмаған картоп секілді. Жан дүниесі тазаланбаған, шірік секілді келеді. Алайда журналистика мамандығы – керек мамандық. Газетте жұмыс жасайтындар үшін еш оңай емес, күнделікті қарбалас сәттерде не жазып жатқаныңды ойлай да алмай қаласың. Журналистердің арасында нағыз өз ісінің шеберлері, майталмандар бар, оларды оқырман бағалайды, іздеп жүріп оқиды. Оларды ешбір журфак дайындай алмайды. Болмысынан олар нағыз журналист болып туады. Дәреже жағынан сәл төмендеу әріптестерім бар. Баспасөздің барлық жұмысы солардың мойнында. Арамшөп тектестері де жоқ емес. Арагідік кездеседі. Олар тұрақты түрде редакцияда жұмыс жасай алмайды. Ақылдары болса, өздері кетеді, болмаса олармен редакция қоштасады. Осы ардақты мамандықтың мәнін біраз уақыт бұрын өзімше таразылауға тырыстым. Төл сөзім болғандықтан астын сызып, тырнақшаға алып көрсетейін деп отырмын: «Басың ауырса, дәрігерге, жаның ауырса, журналиске хабарласқан жөн. Қуаныш пен қайғыда, кез келген жағдайда, кез келген сәтте жаныңа құлақ түретін шынайы адамдардың армиясы бар. Адамның жан тербелісіне барынша әділ, ақ жүрекпен қарай алатын жандар ғана журналист деген атақты иеленеді».
Міне, өз саласының хас шебері журналистикаға, жалпы журналиске жоғары әділ баға береді.
Журналистика бойынша кадрлар даярлауда ұстаз қажырлы еңбек етіп келеді. Кадр даярлаудағы шикілік, кейбір бармақ тістейтін тұстары «Когда болит душа», «Гордое имя – журналист» кітаптарында аз айтылған жоқ.
Сағымбай Қабашұлының бүгінде шәкірттеріне «Оценку вам поставит сама жизнь», «Если нет в мозгу – не поможет и КазГУ» сынды қағытпалары қанатты сөзге айналып үлгерді.
Авторға денсаулық, шығармашылық табыс тілейміз. Сағымбай Қабашұлының аталмыш жинағын мазмұн мен мән, сапа жағынан өте жоғары деп бағалаймыз.
Жұмағали ЕСЕНБЕК,
PhD докторы