ТАНЫМ КӨКЖИЕГІН КЕҢЕЙТЕДІ

Уақыты: 25.05.2018
Оқылды: 1185
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

   Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы қазақ елінің жаңа дәуірге қадам басқанын айғақтады. Әрі таным көкжиегі заманына сай жарақтанған болашақ ұрпақты баба жолын жалғауға бағыттады. Бұл өркениетіміздің өрістегенін көрсетіп қана қоймай, келешегімізге сеніммен қарауға мүмкіндік береді.

 

    Осы бағдарлама аясында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының қолға алынғаны көпшілікті елең еткізді. Әсіресе, әлем әдебиетіндегі маңдайалды шығармалардың қазақ тілінде жарық көретіндігі жас әдебиетшілерді арманына бір табан жақындата түскендей. Оның бірден латын қарпіне аударылуы да заман талабына сай тұлға қалыптастырудың алғышарты болмақ. Сонымен қатар, жастардың ұлттық және әлемдік әдебиеттерге деген қызығушылығын артырып, әлеуеті биік, мәдениеті жоғары маман қалыптастыруда септігін тигізбек.
   Осыған дейін қиял-ғажайып жанрындағы сұранысқа ие әлем әдебиеттерінің қазақ тіліндегі аудармаларының жоқтығы ұстаздарды ғана емес, оқушыларды да ойлантып келген еді. Енді мұның шешімі табылмақ.
   Қазақ тілі қай жағынан алып қарасаңыз да қордалы әрі қазыналы тіл.  Кез келген ой мен сөзді жүйелі түрде жеткізу үшін сол мол мұрамызды неге еркін пайдаланбасқа?! Өздеріңізге белгілі, осыған дейін көбінесе орыс тілінде жарық көрген шетел әдебиеттері қазақшаландырылып келді. Оны оқып отырып кейбір ойлардың қабыспай жатқанын көретін едік. Сол тұрғыдан алып қарағанда бұл бастама өз тіліміздің қарым-қабілетін айшықтамақ. Оның үстіне, кітаптардың аударылуын және уақытында оқырманға жетуін Президентіміз  Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қадағалап отырғаны мәселенің маңыздылығын арттырып отыр.
   Бізді кеңестік жүйе тарағаннан кейін кітаптың ұмыт қалып, кітапханаға деген көзқарастың өзгергені алаңдататын. Осы олқылықтың орнын толтыру жайы да шешімін тауып отыр. Енді еліміздегі ірі кітапханалардың сөрелері түрлене түспек.
   Көптеген ата-ана баланы материалдық тұрғыдан қамту мен рухани тәлім-тәрбие берудің екі бөлек дүние екенін түсінбейді. Міне, осы тұрғыдан саралай келгенде, балаға біліммен бірге рухани тәлім-тәрбие беру мәселесі шешімін тапты. Оны заманға сай түрлі жобалар арқылы жүзеге асыру шарт болатын. Бұл бастама соның бір көрінісі.
Осы орайда жақсы бастамалардың жібі үзілмей,  құнды дүниелер халыққа молынан жол тартсын дегіміз келеді.

Ғабит ТҰРСЫНБАЙ,
облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары