АРХИВ - ТАРИХ МЕКЕНІ

Уақыты: 29.05.2018
Оқылды: 1106
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

   Балпық би ауылында Алматы облысының мемлекеттік архивінің Көксу филиалының  ашылу салтанаты өтті.

 

   Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйытқы болуымен өткен шараның шымылдығын Көксу ауданы  әкімінің орынбасары  Дәулет Халелов түріп, барлық талапқа сай жасақталған жаңа мұрағат мекемесінің ашылуы аудан тұрғындары үшін қайталанбас тарихи сәт екенін атап өтті. «Халық игілігіне берілген бұл нысанның жалпы аумағы 294,3 шаршы метрді құрайды. Бүгінде ауданның мемлекеттік сақталуында 85 қор, 19000 бірлік жәдігер бар.  Оның ішінде 11151-і жеке іс қағаздары. Бұған қоса аудио, бейнетаспаға жазылған құжаттар, фотоқұжаттар, хаттамалар, басқару құжаттары, шешімдер, жиналыс қағаздарын сақтайтын мүмкіндік бар. Рамазан айында қолданысқа беріліп отырған жаңа нысан құтты болсын! Құжаттар қоры игілікке жарасын», – деді ол.
   Архив – тарих кені. Мемлекеттік  қордағы барлық дерек пен құжаттар халқымыздың өткен уақыттағы  мәдени-саяси, экономикалық, әлеуметтік ахуалынан сыр шертеді. Сондықтан бұл күн барша тұрғын үшін маңызды. Салтанатты жиында облыстық  мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Гүлім Тұрғанғазықызы жұртшылықты осынау қуанышты сәтпен құттықтады. Көксу филиалының директоры Жанар Абдрахимова да сөз сөйлеп, заман талабына сай мұрағат мекемесінің бой көтеруіне ұйытқы болған облыс, аудан басшыларына алғысын жеткізді. Бұдан соң ғимараттың лентасы қиылып, келген қонақтар архивтің құрмет кітабына қолтаңбасын қалдырды. Салтанатты жиынға қатысушылар архив ішін аралап, заманауи қондырғылардың құжаттарды сақтау мүмкіндігімен танысты.

 

Гүлжан МҰҚАШҚЫЗЫ
Көксу ауданы