МЕН ДАРЫНДЫ БАЛАМЫН

Уақыты: 30.05.2018
Оқылды: 1515
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

    Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы және «Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығының» қолдауымен мүмкіндігі шектеулі балғындардың  «Мен дарынды баламын» фестивалі бесінші мәрте ұйымдастырылды. Аталмыш байқау бұған дейін де дәстүрлі түрде жалғасын тауып, жаны жараланғандардың жүрегіне жылылық сыйлаған болатын. Халықаралық балаларды қорғау күніне орай өткізілген шара биыл да әр балғынды шаттыққа бөлеп, көңіл көкжиегін кеңейтті.

 

   Көңіліңді тербеп, жаныңды аяушылық кернеп кететін сәт те осы. Иә, тағдырдың түрлі соқпағына түсіп, күтпеген тосқауылға тап болған түрлі жағдайдағы бүлдіршіндерді көргенде жанарыңа жас үйіріліп, жүрегің сыздап сала береді. «Әттең-ай» дейсің, десек те өзге амал бар ма?!
   Бүгінгі таңда қоғамның осындай әлсіз топтарына көрсетілер көмек те көп, қолдау да артып келеді. Әрине, аталмыш шарада әр баланың өзін жеке тұлға ретінде қабылдай білуіне, олардың шығармашылығын дамытып, қоршаған ортаны эмоционалдық тұрғыдан тануына үлес қосуын мақсат етуде. Аталмыш фестивальге қатысушылардың езуінде жарқын күлкі, көзінде жалын жетерлік. Қалыпты жағдайы бар жандарға қарағанда өмірге, өнерге деген ұмтылысы тіпті бөлек. Оны дайындық барысындағы ұмтылыстары мен іс-қимылдарынан бірден аңғардық.
   Биылғы шарада «Қамқор» Талдықорған балаларға арналған психологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесі»,  мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Үміт» күндізгі болу орталығы, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Бәйтерек» күндізгі болу орталығы, Көксу аудандық «Салауат» мүгедектер қоғамы, зағиптар қоғамы, облыстық нашар еститін және саңырау балаларға арналған арнаулы мектеп-интернатының тәрбиеленушілері бой көрсетті. Көңілі мен өмірі бөлекше балдырғандардың өнерін паш етер  байқау шымылдығын ашқан «Достық үйі  – Қоғамдық келісім орталығының» директоры Тәңірберген Қасымберкебаев фестивальге қатысушы әр балаға сәттілік тілеп, мерекелерімен құттықтап, жалынды сөзімен жүректеріне жылу сыйлады.  
   Әлемдегі ең құнды байлықтың бірі – баланың шаттанғаны, бақытты күн кешіп мақтанғаны екені анық. Тағдыр салған ауыртпалыққа, мойымай, шеберлігін шыңдаған балалар талайды тәнті етті. Әуелетіп салған әсем әні де, мың бұралған биі де өмірдің мәні ерек екендігін бірден ұғындырды.
   Шара соңында қатысушылар бағалы сыйлықтар иеленіп, диплом, мақтау қағаздарымен марапатталды. Жеткіншектерді фестивальға дайындаған жетекшілеріне де құрмет көрсетіліп, арнайы Алғыс хаттар табыс етілді.

Құралбек СӘБИТОВ.