БАЛДӘУРЕНІМ - БАЛ ШАҒЫМ

Уақыты: 30.05.2018
Оқылды: 1180
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

   Есік алдындағы ескі әткеншекке дүниенің қызығы байланып тұрғандай көрінетін бізге. Таң алакеуімнен кезекке тұрған тәмпіш танау ауыл тентектері арқанға асылған қарағайды күні-бойы ермек қылатын. Аядай ғана ауланы  ауыл балабақшасы дерсің. Қашан көрсең үй көрмей ойнайтын бұзықтардың күлкісі бір толастамайды. Оларға әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ. Егістікке кеткен ата-аналарының жоқтығын пайдаланып құмары қанғанша ойнайды келіп.

 

   Иә, балалық шақтың әрбір белесінен аттап өтсең ұзын сонар әңгімеге тап боласың. Сыр тартсаң санада жаңғырып, сартап сағынышқа ұласады. Өз алдына дербес мемлекет секілді. Іргесі қаланғалы ізгіліктен нәр алып, тәуелсіздікке қол жеткізіп қойғандай. Шекарасынан өтсең шаттықтың самалы жаныңды балқытады. Олар қанатын кеңге жайған қыран құстай бақыт көгінде қалағанша самғайды. Құдды әлемді билеген хандардың кейпінде. Әрқайсысы бір-бір батырдың рөлін сомдайды. Ақиқаттан ада емес. Шаһардың кербез ханшасындай жандары сұлулыққа құштар. Олардың арманы да сондай асқақ. Құлақ түрсең, намысыңды қамшылайды. Тіпті, ерекше күйге енесің. Ертеңіңе сеніммен қарауға еріксіз мәжбүрлейді. Әй, сондайда уақыт тоқтап қалса ғой деп ойлайсың. Бұралып өскен талшыбықтың көкке іңкәрлігі келеді көз алдыңа.
   Әлі күнге есімде, «баланың істегені білінбейді» деуші еді әжем. Сол сөздің жаны бар-ау. Кешкі қызықтан құр қалмау үшін берілген тапсырмаларды екі етпей орындайтын сотқардың бірі мен болатынмын. Әдетінше мойынағашпен су тасып, қойды өрістен күтіп аламын. Науаға жем салып, қозыларын жамыратқан соң, анама сиыр саууға көмектесемін. Бұзауы оңайлықпен мойын бермейді. Аз да болса күш керек. Одан кейін тамыздың ыстығынан тандырдай қатқан тезектерді төңкеріп, қораның күнгей бетіне жайғастарамын. Ол енді таба нанның қамы үшін. Сосын тағысын-тағы. Бірақ сонда да таяқтан құтылып кеткен емеспін. Әйтеуір бала күніңде бір нәрсені бүлдірмесең жүре алмайсың ғой. Ойынға асыққаным сонша, міндеттелген жұмыстың ең маңыздысын үнемі ұмытып кетемін. Ол – жетім лаққа бөтелкемен сүт беру. Бермесең түнімен бақырып мазаңды алады. Содан кейін тоқпақтың астында қаласың. Сондай жағдай бола қалса бірден әжемнің артына тығылатынмын. Ол кісі маған үлкен қалқан іспетті кез келгенінен арашалап алады. Қызығы, менің сөзімді сөйлегенде анам үнсіз қалатын. Үлкенге тіс батырмайды. Тәрбие солай. Ал, мен болсам күндегідей қамшыдан құтылғаныма мәз болып, кір-қожалақ күйімде ұйқыға батамын. Апам: «Немерелерімді еркелеткенім сені аймалағаным, келінжан» деп анамды сөзбен жұбатып қояды. Маған екінші қайталамауымды ескертіп жатқанымен сол баяғы жартастың кері. Ертеңінде тағы да бауырына бас сұғамын.
   Шашылып жатқан үй – қызыққа толы өмірдің бар екенінің белгісі. Аталарымыз: «Балалы үй базар», – деп босқа айтпаса керек. Жиһаз сататын дүкендер секілді жинақы, «шашылуға» рұқсат етілмейтін отбасында бақытты бала өсіп шықпайды. Барлық нәрсе орнында тұратын, қозғалтып ойнауға тыйым салынған шаңырақта қуаныш кем болмақ. Бұл сөздерді әкем жиі айтып отыратын. Біздердің еркімізбен өскенімізді қалап, тұсау салмайтын. Жасық болмауға үйрететін. «Осылардың табанына кірген шөңге менің маңдайыма кірсін», – деп жиі әлпештейтін де. Қатты сырқаттанған кезімде: «Өзімді алып, баламды аман қалдыр!» – деп Құдайға жалбарынған сәттерін де көрдім. Кейде өзім сүрінсем, ботама қауіп дейтін аруанаға да ұқсас.
   Иә, сәби әрқашанда ата-анадан мейірімділікті, сүйіспеншілікті, жүрек жылуын күтіп, оларды өмірінің тірегіне балайды. Бала – адамның бауыр еті. Оның басына түскен қайғы, сенің көкірегіңе шемен болып қадалатыны хақ. Оған анықтама берудің қажеті шамалы. Қай уақытта да нағыз бақытты тәрбиелі ұрпақ қана сыйлай алады. Олай болса адам өмірінің мәні – өз ұрпағы. Бүгінгі бала – елдің ертеңгі болашағы. Әрі әлемдегі ең құнды байлықтың бастау бұлағы. Дүние есігін ашқан әрбір бүлдіршін әке-шешесінің аялы алақанында тербеліп, бақытты балалық шақты бастан өткеруге лайық. Бабаларымыздың балдәурен екі айналып келмейді дейтіні сондықтан. Әкемнің де бетімді қақпай өсіргені соны аңғартса керек.

Мұхтар КҮМІСБЕК.