Жеті нотаға жан бітіргенде Жетісуда туғанына шексіз риза болғандай кейіпке енеріміз, шырайлы да әрлі, нәрлі шығармашылығына деген аңсар сезімнен бе, белгісіз бір ғажайып жұмбақ күйге түсеріміз хақ. Түп-тамырын қуалай келсең, бекзат өнердің тастүлектерін бесігінде түлетіп, тұғырынан ұшырған текті елдің сол бір төл перзенттеріне деген құрметтің қадым заманнан мысқалдай кемімегендігін аңдайсың. Арғыдан шолсаң, сал мен серілері саз төккен, жыраулары мен ақындары ән қанатын қақтырып, жырдан моншақ тақтырып, сайын далада сап құрып жүргенін көзге бір елестетіп аласың-ау. Ал бүгінді толғасаң, елдің мерейлі шағында, тарихи кезеңінде халық деп той қылып, өнерімен өр елін рухани сусындатып жүрген өнерпаздар арасынан Әли АЛПЫСБАЕВТАЙ иісі қазаққа ортақ дарын иесін ерекше тебіреніспен атап өткің келеді де тұрады.
Қазақ музыка өнерінің алтын қамбасына қазыналы туындылар қотарған Әли Демегенұлын өзге композиторлардан екшеп алып, ерекше толқыныспен тебірене термелеуіміздің өз сыры бар. Азаматтығымен, қайраткерлігі әрі асқан дарынымен жетісулықтардың ыстық ықыласына бөленген сазгер жуырда ерке Есілдің жағасында орын тепкен ару қала Астананың төрінде кезекті шығармашылық концертін берді.
Айбарлы Алаш жұрты арманының айшықты көрінісіне айналып, азаттығының алтын тәжіндей жарқыраған, жарқырап қана қоймай, жаһан жұртшылығын өзінің сұлулығына ынтық еткен Астананың бой көтергеніне де 20 жыл толыпты. Тарих үшін азғантай ғана уақыт саналатын осы кезең ішінде егемен елдің өр еңсесіндей тұлғаланып, жазира жанындай жайнаған бас қаламыз бағаналы ордаға, бейбітшіліктің бесігіне айналғанын бәрі біледі. Оның мәртебесі – Алаштың абыройы. Міне, сондықтан да Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Әли Алпысбаев «Ой толқындары» атты үлкен концертін жақұт қаланың 20 жылдығына арнады.
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында өткен аталмыш концертте саз саңлағы Мемлекеттік академиялық филармониясының симфониялық оркестріне дирижерлік етіп, музыкаға жаны құмар елордалықтарды бір серпілтіп тастады. Бағзыдан бері қазақ халқының тарихының бір парасындай көрінген, өткенінің хабаршысындай, жан күйінің, талайлы тағдырының бір үзігіндей болып бізге жеткен құдіретті күй кешінің, бабалардың асқақ үні ретінде үзілмей жалғасқан арда ән мерекесінің шымылдығы Әли Алпысбаевтың «Елге арнау» күй-поэмасымен ашылды. Одан кейінгі автордың дирижерлігімен орындалған В. Петровтың «Вальс» шығармасы да рухани кешке жиналған жұртшылықты ерекше күйге бөледі.
Ғасырлар озса да әрі кетпес, нақышы мен сарыны ескірмес, көңілде көмескі тартпас ғажайып әндер мен сырлы сезімнен туындаған, жүректі қуанышқа бөлер, тарихтан үзік-үзік сыр ұқтырар сырлы күйлер қатар орындалған концерт барысында тыңдаушылар жалыққан кейіп танытпады. Керісінше, әсем әуеннің ырғағында тербеліп, өнерпаздарды барынша ыстық қошеметке бөлегендей көрінді. Тіпті, сазгердің «Ой толқындары», «Жаңа ғасыр вальсі», «Әке арманы», «Элегия», сынды әндері мен шығармалары игі кештің ажарын ашып, көрермен көңілін көкжиекпен астастырды.
Мұқым елге аты мәшһүр Мәулімбай ақынның ауылында, асқар таудың баурайында туып, бүгінде Композиторлар одағы Алматы облыстық филиалының төрағасы, облыстық Сүйінбай атындағы филармонияның және М. Төлебаев атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі дирижері, І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайының директоры қызметін абыроймен атқарып келе жатқан өнер саңлағының бұл концерті елордалық музыкаға жаны әуес жұртшылықтың көңілін толқытып, жүрегіне қуаныш ұялатты. Бұл орайда бас қаланың рухани кештен табылған тұрғындары саз саңлағының алыстан ат терлетіп келіп, әсем ән мен күмбір күйдің ырғағында тербеген ерен ісін азаматтыққа балады. Белгілі қоғам қайраткерлері мен өнер майталмандары мұндай рухани шараның Астана қаласының Конгресс-холында ұлы мерейтой қарсаңында өткенін жоғары бағалап, өз пікірлерін білдіріп жатты. Сырлы саз, сиқырлы өнерге іңкәр жандарды рухани сусындатып жүрген, табиғи таланты мен талмас еңбегін ұштастыра білген дирижер күллі жетісулықтардың алғысын арқалағалы қашан?! Тіпті, Жетісу өңірінде «Әли – әуен, Әли – жыр» атты ән де бар-ды.
Саз саңлағының сан жылдан бергі бағындырған асуларының өзі бір кітапқа арқау. «Мен сазгерлік, жалпы музыка өнеріне төтеден килігіп, тосыннан қосылған жан емеспін. Ақ жөргекке әнмен оранып, күймен буылып, тал бесікте ана әлдиін тыңдап өстім. Құлындай құлдыраңдаған шағым бүгінге дейін көз алдымнан кеткен емес. Сол кездегі ауылымның әжелері салған тамаша әуендер әлі де құлағымда жүр. Осының өзі әнге әуес, күйге құмар болып өскендігімнің айғағы. Сол себепті қазақтың өнеріне кездейсоқ келмедім деп айтуға тұтастай құқым бар», – деп тебірене сөйлеген сазгердің жүзге тарта әні, жиырмадан астам күй-поэмалары бекзат өнердің алтын қамбасына қосылған өлшеусіз қазына екендігін ешкім де жоққа шығармасы анық.
Дарынды композитор І. Жансүгіров атындағы университет профессорларының ғылыми кеңесінде «Құрметті профессор» атағын иеленген, сонымен қатар, өз кезегінде «Элита Казахстана», «Қазақстанның Құрметті азаматтары» атты кітаптар мен «Жетісу» энциклопедиясына есімін қалдырғандығын айтпай кету арға сын болмақ. Ал осы ретте оның шығармаларынан құралған «Ауылдағы той», «Әнімді сізге арнадым», «Аққұсым» жинақ кітаптарының өзі руханиятқа қосылған байлық екендігі ақиқат. «Елім менің», «Тәуелсіздік толғауы», «Астана Бәйтерек» композиторлар конкурсының бірнеше дүркін лауреаты, оған қоса, мәдениетті қолдауға арналған республикалық драматургтер мен композиторлар байқауында «Елге арнау» күй-поэмасы үшін Мемлекеттік гранттың иегері атанғандығының өзі не тұрады десеңізші?! Ол аз десек, Қытай, Түркия, Польша, Үндістан, Болгария және Ресейдің ірі қалаларында болып, көптеген халықаралық музыкалық форум мен фестивальдерге қатысып келгендігі, дирижер-композитор ретінде отандық ірі сахналарда өзінің өнерін сан мәрте мойындатып, тыңдармандарын сүйсінтіп келгендігі жетісулықтар үшін үлкен мәртебе емес пе?!
Жүздеген әннің, ірі күй-поэмалардың және домбыраға арнап жазылған 3 бөлімді концерттің авторы Әли Алпысбаев өнер атаулының ішіндегі нәзігі саналатын музыканы терең меңгеріп, оның асқақ шыңынан өзіне дара тұғыр сайлаған композитор. Ол шығармаларын шабытты күйдің әсерімен ғана жазып қоймай, ел руханияты үшін де өрнектей білетін ұлтшыл талант иесі. Оған қоса ұлтына музыка өнерінің нәзік сырлары мен жұмбақ қырларын жеткізіп жүрген қайраткер әрі қазақтың бекзат өнерінің насихаттаушысы. Мұны біз айбыны асқақ Астананың 20 жылдығына арналған айтулы концертінен айқын аңғардық.
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ,
“Жетісу”