Бір ақиқат бар

Уақыты: 26.09.2016
Оқылды: 1484
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қазақстан халқының тілдері мерекесі күніне орай

Елбасымыздың: «Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар. Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік Тіл болды!» деген ғажайып сөздері бәрімізді қанаттандырып жібергендігі хақ. Тіл тұрғысындағы ұстанымымызға сәйкес бұған дейін дәл осылайша тоқ етер түйінге келген күніміз жоқ еді! Иә, қазақтың қазақ болып жасамағы, Қазақ елінің болашаққа нық қадам басып, сенімді ілгерілеуі - тек экономикалық, әлеуметтік дамуға ғана байланысты емес, мемлекетіміздің өркениет биігіне жетуі оның рухани өрістеуімен де тікелей сабақтас дейтін болсақ, онда осы баянды көште қазақ тілінің алар маңызы айрықша, орны алабөтен. Бабаларын қалтқысыз қастерлей білген халық балаларының болашағын да қапысыз қамдай алмақ. Ықылым заманалардан бері тағдыр тәлкегіне батылдығы мен байыбын, ақыл-парасатын қалқан ете білген баһадүр бабаларымыз ана сүтімен дарыған туған тілімізді, мынау Ұлы Даланы мирас етіп қалдыра білді. Тарих тәжірибесіне қарап отырсақ, біздің бабаларымыз «мың өліп, мың тіріліп» жүрсе де, туған тілімізге, сол тіл арқылы жасалынатын рухани құндылықтарымызға жете көңіл бөлген. Осылайша, ұлттың басты белгісі - тілдің қамын күні бұрын қамдаған.

Әдетте, әдеби жазба тіл – мемлекеттіліктің басты белгісінің бірі. Орхон мен Енисей бойларында заманымыздың сегізінші ғасырында тасқа қашалған жазулардың тілі неткен керемет?! Әрі икемді, әрі қуатты тіл. Керек десеңіз, сол дәуірде мұндай рухани байлық Еуропа мен Азиядағы небір отырықшы халықтардың үш ұйықтаса түсіне де кірмеген. 
Көп тіл білудің артықтығы жоқ. Мәселе жеті жұрттың тілін білсең де, соларды өз ұлтыңның алға қойған асыл мұраттарына қол жеткізуге қолдана білуде. Заманымызға дейінгі көршілес парсы тілін жетік меңгерген Алып Ер Тоңа, Шу батыр бабаларымызды былай қойғанда, біздің эрамыздағы Аттила (Еділ батыр), Шыңғыс қаған, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашқари, әл- Фараби, Ирак пен Иранды билеген Ұлы Хасан шейх, Мысырды қол астында ұстаған Сұлтан Бейбарыс, Мұхаммед Дулати мен Қадырғали Жалайыри, Шоқан Уәлиханов, кешегі Алаш арыстары бірнеше тілді жетік меңгергендегі теңіздей білімдерін елдің игілігіне, келер ұрпақтың қамына жаратты! Қазір де осы өнеге өріс алса, қанеки!
Ананың ақ сүтіндей қадірлі тіліміздің қадіріне әлі де болса жете алмай жүрген қандастарымыздың ортамызда ұшырасатындығы бәрімізді алаңдатады. Ұлт қамын жасауға тиіс түрлі деңгейдегі қайсыбір басшылар мен қызметкерлердің қазақ тілін айтасыз, ұлттық атаулыдан мүлдем мақұрым екендігі жаныңды ауыртады. Қазақтың атымен билікке келген оларға  ұлттың да, Отанның да, халықтың да, тілдің де керегі жоқ тәрізді. Өз ана тілін кемсіну, өз ата-анаңды қадірлемеу – ата-бабалардың ақ жолынан ауытқу деп есептейміз. 
Қалай десек те, қазақ тілін тек қазақ халқының өзі ғана мемлекеттік тіл деңгейіне жеткізе алады. Тіліміздің қанат жаюы, ұлттық діл мен рухтың жаңғыруы – тәуелсіздігіміздің баянды болуы мен қарышты дамуының кепілі. Олай болса, бұл реттегі өзіміздің ащы тарихи тәжірибемізден сабақ ала отырып, ұлттық тіліміздің – мемлекеттік тіліміздің мәртебесін мейлінше көтеруге бар қазақ жұдырықтай жұмылып, қолдан келгенді де, тіпті келмегенді де тындыруға міндеттіміз.
Әр адам өзінен бастағаны жөн. Кемел келешек, ұлттық мүддеге қызмет ету үшін әркім алдымен өзін қамшылауы керек. Түрлі деңгейдегі әр басшы өз қызметкерлеріне, жергілікті тұрғындарға, балалары мен немерелерін қазақ балабақшаларына, ұлттық мектептерге беруі – Отан алдындағы парыз екендігін жан-жақты ұғындыруы шарт. 
Қазақтардың қай нәрсеге де кең даланың көксеңгір биігінен зер салатындығын, сондықтан да алыс көкжиектерді бірден көретін қасиетін, дарқан табиғаты мен күн сәулесіндей шұғылалы пейілін, ешкімді жатырқамас ақкөйлек болмысын біздің отандастарымыздың бәрі де оңды түйсінуі қажет-ақ.
 Елдігіміздің түпкі ақ бастауы – Тұран елі, Тур халқы. Даңқты қолбасшы Алып Ер Тоңаны парсылар Афрасиаб деген. Ол туралы Иран деректерінде, «Шаһнамада» көп мәліметтер сақталған. «Алып Ер Тоңа» дастаны халықтың жоқтауы түрінде бізге жеткен. Оның жырдағы бейнесіне зер салғайсыз:
Алып Ер Тоңа өлді ме,
Жұрты бұған көнді ме.
Бөрі болып ұлыды,
Жылап-сықтап жүрісті.
Көз жастары мол болды,
Бектері бегін іздеді.
Дұшпан отын өшірген,
Өз орнынан көшірген.
Көп жұмысты атқарған,
Тиді оған оғы өлімнің.
Құйылып тұрған қара өлең, поэзия дегеніміз осы емес пе?! Осыдан 2640 жыл бұрын өмірге келген!  Енді бізді әдебиеті ертеден етек жаймаған деп кім айта алады? 
Аляска бетке алғаш 30-40 мың жылдай бұрын өткен адамдардың тікелей ұрпақтары ретінде саналып,  бүгіндері Орталық және Оңтүстік Американы жайлайтын майя, астек, кечуа халықтарының сөздік қорларында түрік тіліне жақын атаулардың кездесуі олардың түп-тек төркінінің тарихы тым әріде, азиялық атамекендерде жатқанын көрсетеді. Білгір  ғалымдар Ақатаев пен Ақышев 1993 жылы асқақ Алатау жартасынан қола дәуіріне жататын  домбыра тартып отырған адам бейнесі салынған сұлбаның табылғандығын жария етті. Бұл суреттің ғұмыры 4000 жылдықтың тереңінен сыр тартады екен. Яғни қазақтың қара домбырасы әлемдегі барша шекті аспаптардың атасы деп саналады. Екіншіден, домбыра тартылды дегеніміз – күмбірлеп күй төгілді, шарықтай ән қалықтады деген ұғым емес пе, мынау байтақ далада!
Түркілік сына жазуы – біздің байырғы өркениетіміздің бұлтартпас көрінісі. Осы арада мысалға, біздің эрамызға дейінгі 5-4 ғасырға тән Еңбекшіқазақ ауданы Есік қаласы іргесіндегі обадан табылған Үйсін патшалығы ханзадасының алтын бейнесі және сондағы күміс зереннің сыртқы бетіне екі қатар етіп жазылған сына жазуының мән-мағынасы еркін елдігімізбен қатар келер ұрпақ қамын терең толғана білер ертеден келе жатқан ұлтжандылығымызды білдіреді. Демек, мынау Ұлы Даланың иелері бұдан 2500 жылдан астам мезгілден бері әліпбиі бар өркениет кеңістігінде ғұмыр кешкен.
Ғасырлар бойындағы ұлттық мемлекет құру жолындағы жарқын  идеямыз жүзеге асып, мінеки, ширек ғасыр уақыттан бері бостан ел шаңырағының астында өмір кешудеміз. Кеткеніміз келді, кемтігіміз тола түсті. Әдетте ұлттың толыққанды ғұмыр сүруіне негіз қалайтын өміршең идеялардың бірлігі ұлттық идеология деп аталады. Ал енді сол ұлттық идеологияның басты тұғыры – тіл. Неге десеңіз, тіл – ұлт ретінде ұйысудың негізі. Қазір де, келешекте де ұлт болып қалуымыздың басты белгісі. Тіл бірлігі – ұлт бірлігі деуіміздің өзі осынау  ұлық асыл мұраттан туындайды. Осы тұрғыдан зер салғанда, қасиетті Сөз бен ұлттық Сана ұғымдары егіз саналады. Демек, Ұлттық Тілсіз  ұлттық Сана, ұлттық Таным  қалыптаспайды. Қоғам мүшесі Ұлттық тілді терең меңгеріп, асқақ мақтаныш тұту арқылы ғана мұндай деңгейге көтерілмек. Бұдан шығатын қорытынды  – әрбір  саналы азамат үшін ұлттық Тәуелсіздік пен ұлттық Тілден асқан киелі құндылық жоқ. Олай болса, бізге бүгінгідей жаңғырған жарқын дәуірде ана тілінде таза сөйлейтін, маңдайы жарқыраған, жүрегі нұрлы, жаны да, ары да таза ұрпақ қажет!

Әміре Әрін