Елімнің тағдыры - менің тағдырым

Уақыты: 03.10.2016
Оқылды: 2334
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Еркіндіктің түңлігін түргелі де ширек ғасыр өте шығыпты. Алғашқы жылдары балаша тәй-тәй басқан еліміз бұл күнде  еңсесін  тіктеп, жаздыгүнгі жайқалған желектей құлпыра түсуде. Кең-байтақ Ұлы Дала төсі берекесі мен мерекесі жарасқан көріністің куәгері атануда. 30 күн ойыны мен 40 күн тойын тойлаған қазақы салтқа салып, жер-жерден мерейтойдың иісі аңқуда. Солардың қатарын толықтырып облысымыз да белсенділік танытуда.

5 институционалдық реформаны жүзеге асыруға бағытталған “100 нақты қадам” Ұлт жоспары, “Нұрлы Жол” және өзге де мемлекеттік бағдарламаларды жұртқа насиxаттауда автошерушілер облыс аумағын аралап шықты.  Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған автошеру өз тұсауын Қарасай ауданы, Қаскелең қаласында кесті. Алдымен Мәдениет үйінің алдында облыстық басқармалар мен мекемелердің өкілдері xалықты толғандырып жүрген мәселелер жайында әңгіме қозғады. Халыққа қызмет көрсету мен жастар ресурстық орталығы, “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» тарапынан  тұрғындар мемлекеттік бағдарламаларға қатысты өздерін толғандырып жүрген сауалдарына тұшымды жауап алды. Автошерудің салтанатты ашылуына жиналғандардың қарасы көп. Әсіресе, жастар жағы бой көрсетіп, қолдау танытты. Тілектің тетігі ағытылып, алғыстың ақ шапаны жабылды.
Мерекелік көңіл-күйді еселей түскен ел деңгейіндегі эстрада әншілері Айдарбек Рысбек пен Дана Кентай саxна төрінде тамылжыта ән шырқады. Өнер көкжиегін күннің аптап ыстығы да тарылта алмады. Тыңдармандар аяғынан тік тұрып, толассыз ұрған шапалағымен шаттықты еселей түсті.
Автошерушілер аталмыш ауданның Жаңашамалған мен Елтай ауылдық округтеріне ат басын тіреп, Іле ауданының Өтеген батыр кенті мен Жәпек батыр ауылының тұрғындарымен емен-жарқын әңгіме өрбітті. Осы өңірдегі “Нұрлы Жол” бағдарламасымен бой көтерген жаңа мектептің табалдырығын аттап, білім шыңына өрлеген оқушылардың қуанышына куә болдық. “Тәуелсіздік – ел бірлігінің, біліктілігінің жемісі. Еркіндігіміздің 25 жылдығы аясында көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Соның бірі – мектебіміз жаңадан пайдалануға берілді. Бүгінде жылдық жоспарымызды бекітіп, ғылым мен білімнің өркендеуіне өз үлесімізді қосып келеміз”, – деді  Жәпек батыр ауылындағы №36 орта мектеп директоры  Исабек Қызайбеков. Ал Іле аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Сұлтан Жарқынбеков болашағымыздың жарқын боларына сенім білдіріп, дамыған 30 елдің қатарына бірлесе кіруімізге бір адамдай атсалысуға шақырды.  
Келесі аялдаған Талғар ауданының Бесағаш, Тұздыбастау және Белбұлақ ауылдарының тұрғындары да қонақжайлық танытып, қошемет көрсетіп, қолдау білдірді. Аудан орталығы Талғар қаласындағы кездесуімізде Көк туымызды желбіреткен жас буын өкілдері “Жастар” стадионының алдына жиналды. Мәні мен сәні келіскен баяндамалардың соңы концерттік бағдарламаға ұласып, Алатаудың бөктері әнге бөленді. Ақ тілектерін ақтарып, ақ жол тілеген тұрғындар автошерушілерді Еңбекшіқазақ ауданына шығарып салды. Алда әлі ұзақ жол...
Алтын күздің түн ызғарынан соң таңертең бір ауық күннің шуағы шашылып, ана құшағындай тұла бойыңды балбыратар жылылық еседі. Автошерудің арқасында Жетісудың кереметтерін көрдік. Бірде түйенің өркешіндей төбешіктер қылаң берсе, бірде шеті-қиыры жоқ жазық далаға тап боламыз. Тағы бірде, аспанмен астасқан Алатау шыңдары дана қариядай тесіле қарап тұрған сыңай танытады.
Әне-міне дегенше, автошеру мүшелері Еңбекшіқазақ ауданына келіп жетті. «Алтын адам» табылған Есік қаласының тұрғындары алтын уақыттарын бөліп, келген қонақтарды құшақ жая қарсы алды. «Әке тұрып ұл сөйлегеннен, шеше тұрып қыз сөйлегеннен без» демекші, алдымен көпті көрген қария ыстық лебізін білдірді.
– Бүгін біз Ұлы Дала төсін мекен еткен Мәңгілік Елдің қасиетті де қастерлі Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған жиында бас қосып отырмыз. Аз жылдарды артқа тастаған мемлекетіміз бүгінде қарқынды қадамымен биік шыңдарды бағындырып келеді. Әлемнің дамыған 50 елінің қатарына еніп, ендігі межеміз отыздықтың қатарынан көріну. Соған біз болып, сіз болып бірлесе жетейік, – деді ауданның Құрметті азаматы, қоғамдық кеңестің төрағасы Әділбай Талқанбаев.
Басқосудан кейін көңіл жадыратар ән мен күй құлақ құрышын қандырды. Киелі мекеннің кереметтері тілге тиек болып, айбынымызды асқақтатар мәдени мұралар әспеттелді. Дәл осындай қарқынмен Шелек ауылдық округі де қуана қарсы алып, мемлекеттік бағдарламаларды егжей-тегжейлі түсіндіретін мамандар сөз сөйледі. Әсіресе, жұмыссыздықты жою, баспанаға оңай әрі тиімді қол жеткізу, орта және шағын кәсіпкерлікті дамыту, сонымен қатар денсаулық сақтау, салауатты өмір салтын ұстану сынды тақырыптар қозғалып, мамандар сан сауалға жауап қатты.
Еркіндіктің, елдіктің ширек ғасырына арналып, арнайы ел мен жерді аралаған автошерушілер жерұйық мекен, Райымбек ауданының орталығы Кеген ауылына да ат басын бұрып, тұрғындармен тілдесті. Кездесуге жиналғандар қатарынан жас спортшылар да қалыс қалмады.
Жолаушыларға ақ жол тілеген кегендіктер автошерушілерді келесі меже – Ұйғыр ауданына салтанатты түрде шығарып салды.  Бұл ауданда күні кеше ғана Рио Олимпиадасынан мүмкіндігі шектеулі жандар арасында күміс медаль олжалап қайтқан спортшы, ұлт мақтанышы Раушан Қойшыбаева Ұлы Дала елін барша әлемге паш еткені көкірегімізге қуаныш ұялатты. Бұдан кейін автошерушілер Шонжы ауылы мен Баxар және Тасқарасу ауылдық округтерін аралап, Панфилов ауданына сапар шекті.
Жаркент қаласының жұртшылығы келген қонақтарды құшақ жая қарсы алып, үлкен-кіші демей құрмет көретті. Салтанатты жиынға жиналғандар зор ықыласпен мінбеге көтерілген мамандардың әңгімелерін тыңдады. Соңын ала арнайы кеңес беру шатырларына барып, сұрақтарына жауап алып жатты. Бірнеше ауданды артқа тастап келген қонақтарға сәтті сапар тілеген Панфилов ауданының әкімі Бердәулет Абдулдаев: «Біздің өңір ежелден тарихы тереңге тартқан, өзіндік өзгеше салт-дәстүрге бай айрықша аймақ. Талай-талай тауқыметті бастан кешкен, табыстың тайқазанын тасытып, ырыс-құт, пейіл-берекеге де кенелген. Соның себепшісі арнаған Тәуелсіздік туы көгімізде желбірей берсін», – деп ыстық лебізін білдірді. Жақында ғана осы ауданнан салынатын жаңа Нұркент қаласының жобасы Елбасына таныстырылды. Ел экономикасына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан өңірдің өңі кіріп, жолдар жаңарып келеді. Ал Жаркентке кірер жерде жаңа арка салынып, салтанаты жарасқан қаланың көркіне көрік қосып тұр. Әрмен қарай автошерушілер аталмыш ауданның Көктал және Қоңырөлең ауылдық округтерінде өлең мен әннің әуезіне елітіп, Алтынемел асуын бетке алып, Кербұлақ ауданына аттанды.
Күреңбелдің Қаспан, Қызылжар және Сарыбұлақ ауылдық округтерінің, сондай-ақ Сарыөзек кентінің тұрғындары да автошерушілердің сөзіне құлақ түріп, мол мағлұматқа ие болды. Ескелді ауданының Сырымбет, Төлеңгіт ауылдық округі және Қарабұлақ кенті мен Текелі қаласындағы еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін тәуелсіздікке тағзым етіп, Ұлы Дала төсіндегі Мәңгілік Елдің келешегінің кемел боларына сенім білдірді. Облысымыздың 25 ауылы мен 2 қаласын қамтып, 700-ге жуық азаматтарды әртүрлі ақпаратпен сусындырған облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен өткен автошеру Талдықорған қаласына табан тіреп, сапарларын қорытындылады. 
Ел-елді, жер-жерді аралап, облыс xалқының xал-аxуалымен жақынырақ танысу мүмкіндігіне ие болдық. Бірлігі мен тірлігі жарасқан жерлестеріміздің жасы мен кәрісіне дейін ел тыныштығын тілеп, ертеңімізге үлкен сенім артып отырғанын көзімізбен көрдік, құлағымызбен естідік. Ақсақалдар берген бата қабыл болып, бейбітшілік туы биіктен желбірей берсін демекпіз!

Мәулен Әнербай