ӘЛЕМГЕ ТАНЫТҚАН ЕРЛІК

Уақыты: 13.12.2018
Оқылды: 1233
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Еліміздің өркендеуі жолында жазылуы тиіс тарихтың парағына Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың есімі алтын әріптермен жазылады. Өйткені дүйім жұртты дүр сілкіндіріп, күллі әлемге Қазақстан атын танытқан жастардың ерлігі айтуға тұрарлық қадам. Осыған орай облыстық әкімдікте арнайы қабылдау өткізген облыс әкімі Амандық Баталов "желтоқсаншыларды" мерекемен құттықтап, жүрекжарды тілегін жеткізді.

– Құрметті желтоқсан оқиғасына қатысушылар! Еліміздің ұлы мерекесі – Тәуелсіздік күнінің қарсаңында сіздермен жылдағы дәстүрлі кездесуде бас қосып отырмыз. Еліміз үшін армандардың асқары, барлық бақыттың бастауы болған мереке – Тәуелсіздік күні құтты болсын! – деп сөз бастаған Амандық Ғаббасұлы көпшілікке Желтоқсан оқиғасының мән-маңызы ерекше екендігін әңгімеледі. – Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Дүниеде Тәуелсіз Қазақ елі бар. Оның көпұлтты, тату, ынтымақшыл халқы бар. Қуатты экономикасы, сенімді саяси жүйесі бар. Ең бастысы – бүгіннен нұрлы, бүгіннен кемел болашағы бар. Сол күнге берік сенім бар!» – деген болатын. Елбасының сөзімен көпұлтты  еліміздің басты байлығы Тәуелсіздік екенін, оны сақтау  барша қазақстандықтарға ортақ парыз екенін санамызға салды. – Бүгінде Қазақстан экономикасы дамыған, ынтымағы жарасқан елдердің қатарынан орын алды. Тәуелсіздік бізге өздігінен келе қалған жоқ. Мұнда ғасырлар бойы азаттықты аңсап өткен ата-бабалардың ұлы арманы жатыр. Қаншама ұрпақ елдің ертеңі үшін жанын пида етті. Тәуелсіздік – соның өтеуі. Оны осында отырған әрбір желтоқсанға қатысушы қыз-жігіттер өте жақсы біледі. Сіздердің жүректеріңізде «ұлттық рух, ұлттық қасиет» ұғымдары берік орнаған. Деректер бойынша  Желтоқсанның үш күні ішінде 60 мыңдай адам алаңға шыққан екен. Сол 1986 жылдың ызғарлы, аязды күндері абақтыға жабылған, қуғынға ұшыраған, оқудан, жұмыстан шығарылған азаматтар қаншама?! Біздің жерлестеріміз Ербол Сыпатаев пен 16 жастағы Ләззат Асанова осы оқиға барысында қайтыс болды. Сондай-ақ, 22-дегі қыршын жас, намысты ер Қайрат Рысқұлбеков сотталып, азаттық жолында жан тапсырды. Біз оларды ешқашан ұмытпаймыз. Олардың ерлік істері – жүректе мәңгі сақталады. Өздеріңізге белгілі, еркіндік жолында құрбан болған Ләззат пен Ерболға туған жерінде ескерткіш қойылып, Талдықорғанда көшеге есімдері берілді. Жалпы, Желтоқсан оқиғасына тікелей қатысқан Жетісу өңірінің азаматтары, студенттері аз болған жоқ. Жалынды жастардың рухына болашақ ұрпақ тағзым етеді.

Жиында кезекпен сөз алған «Жетісулық Желтоқсандықтар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ермұхан Жүнісхан, желтоқсаншы Айсұлу Кеңесова мен Отан Смағұлов жастығын кеңестік идеологияның машинасына қарсы қойған жандарды мерекемен құттықтаса, «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің атынан Майрагүл Қайырбекова облыс әкіміне Алғыс хат табыстады. Одан кейін мінберге шыққан Бағдат Қашқынбекова жүрегін шабыттандырған жырын оқыса, Гүлжамал Кенжалиева өңір басшысына деген қарапайым халықтың ыстық ықыласын жеткізді. Осылайша азаттықтың арайлы таңын жақындатқан "желтоқсаншылар" облыс басшысына құрмет көрсеткені үшін зор алғыс айтып тарқасты.

Мәди Алжанбай