Ұстаз ұлағаттың бастауы

Уақыты: 03.10.2016
Оқылды: 1515
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Ұлағаттың басында ұстаз тұрады.  Сондықтан да халық арасында «Ұстазы мықтының – ұстанымы мықты» деген тәмсіл қалыптасқан. Бұл жөнінде кезінде қазақтың біртуар ақыны Ахмет Байтұрсынұлы: «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі һәм сондай болмақшы, яғни мұғалім  білімді болса, білген білімін басқаға үйрете білетін  болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі, мектепке керегі – білімді, педагогикадан, методикадан  хабардар, оқыта білетін мұғалім» – деген еді.  Ұрпақ тәрбиелеуші мұғалімдер мерекесі биыл да өз дәрежесінде өтті.

«Жастар» спорт сарайындағы салтанатты шараға облыс әкімі Амандық Баталов қатысып, төл мереке иелеріне ізгі тілегін білдірді. «Өзінің ісімен, сөзімен егемен еліміздің болашағын ойлайтын, тәуелсіздігін қорғайтын білімді ұрпақтың тәлімгерлері сіздерсіздер!  Ұрпақ тәрбиесі жолында қызмет етіп келе жатқан мұғалімдердің ата-анадан  кейінгі атқарар ролі ерекше. Биыл ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы.  Дарынды, талантты жастарымыз Тәуелсіздіктің жемісін көріп, Президентіміздің салиқалы саясатының нәтижесінде әлемнің әр қиырында білім алуда. Білім беру жүйесі әлемдік стандарттарға сай дамуда. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында осы саланы дамытудың нақты мақсаттары белгіленді. Жетісу жерінде де бұл орайда ауқымды жұмыстар атқарылуда», – деді облыс басшысы. 
Облысымызда 35 мыңнан аса мұғалім жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруде.  Соңғы жылдың өзінде  ұстаздар қатары 1281 жас маманмен толықты. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде 2011 жылға қарағанда  білім саласына бөлінген қаржы екі есе өсіп, 148 миллиард теңгені құрады.  Облыста «Нұрлы Жол» бағдарламасына орай 21 мектеп салынып жатыр.  Биыл білім күні қарсаңында өңіріміз бойынша 6 мектеп пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы үш мектеп оқушалардың білім алуы үшін  есік ашпақшы. Ұстаздардың білімін көтеріп, заманауи бағдарламаларды меңгеруіне жағдай туғызылып жатқаны баршаға аян. Ол үшін әртүрлі курстар ашылып, білім жетілдіру институттары жұмыс істейді.   Бүгінде облыста ұстаздардың 52 пайызы жоғары және бірінші санаттағыларды құрады.  «Еңбегіне қарай – өнбегі»  демекші, мұғалімдердің арасында  балалардың дарынын ашуға  ерекше үлес қосып жүргендер де бар. Олардың уақытпен санаспай атқарған жұмысы орынды бағалануда. Жас ұрпақты тәрбиелеуде ерен еңбек етіп жүрген бес мыңға жуық ұстазға 30 – 100 пайыз деңгейінде үстеме айлық төленеді. Ұстаздарға әлеуметтік жағдай жасау да назардан тыс қалмайды.  Мысалы, 4 мың мұғалімге бір реттік материалдық көмек беріліп, 1188 ұстаз  тұрғын үйге  несие алды. 
Білім жүйесінің жаны да, жүрегі де, тірегі де – ұстаз.  Сондықтан, ұстаздарға жасалып жатқан жағдай келешекке қаланған кірпіш десе болғандай. 
Салтанатты жиын соңында жылдағы үрдіс бойынша кәсіби деңгейі жоғары мекеме және  ұстаздар анықталып, іс-тәжірибелерін насихаттау мақсатында  жыл сайын мұғалімдер арасында ұйымдастырылған байқаудың нәтижесі белгілі болды.  Жеңімпаздарға облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы арнайы сыйлықтар табыс етті. «Жылдың үздік мұғалімі – 2016»  байқауының жеңімпазы Жамбыл ауданы Үмбетәлі Кәрібаев атындағы орта мектептің биология пәнінің мұғалімі Гүлхан  Нұрғазиева атанды.  «Үздік балабақша» байқауының жеңімпазы Қарасай ауданы «Бота» балабақшасына бұйырды.  «Үздік ауыл мектебі» байқауының жеңімпазы  Ақсу ауданы Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектеп-гимназиясының үлесіне тиді.  «Үздік сынып жетекшісі» атағын Кербұлақ ауданы Ж. Тобаяқов атындағы   орта мектептің биология пәнінің мұғалімі Жансая Нарымбаева жеңіп алды. «Үздік кәсіптік білім беретін мекеме» байқауының жеңімпазы дәрежесін Есік гуманитарлы-экономикалық колледжі еншіледі. «Қосымша білім берудің үздік мекемесі» деген мәртебені  Көксу ауданының музыка мектебі жеңіп алды.  «Орта білім беретін үздік ұйым» гранты Қапшағай қалалық орта мектебіне бұйырды. Сыйға берілген қомақты қаржы мекеменің игілігіне жұмсалмақшы.
«Жылдың үздік мұғалімі» – Гүлхан Нұрғазиеваға жеңіл автокөлік мінгізілді. Құрметті атқа лайық деп танылған Гүлхан Елубайқызы салтанатты жиында сөз алып, облыс басшылары, білім саласы жетекшілеріне жүрекжарды лебізін білдірді.  – Ұстаздықты  ауыл мектебінен бастадым. Содан бері 14 жыл өте шығыпты. Жас ұрпаққа сапалы білім беруге, халықаралық дәрежеге сай жан-жақты тәрбиеленуіне ерекше көңіл бөлемін.  Ұлттық университеттен алған дәрісті ұл-қыздардың санасына сіңіруге арнап келемін.  Бүгінде  балаларды оқытуға, материалдық жағдайды жақсартуға облыстық  әкімдік тарапынан үлкен қамқорлық көрсетілуде.  Ол үшін облыс әкімі Амандық Баталовқа ұстаздардың атынан алғыс білдіріп, ыстық сәлемін жеткізгім келеді. – Сіздің бізге жасаған қолдауыңыз балалардың  болашағын ойлағаныңыз. Жақсы білімнің нәтижесін уақыт көрсетіп отыр.  Облыс мектептерінен білім алған балалар әлемдік дәрежедегі оқу орындарында оқып,  ғылымның әр саласында  жетістік көрсетуде. Еңбектеріңізге табыс тілеймін»,– деді ұстаз. 
Бұл күні  облыстық байқаудың екінші, үшінші орын жүлдегерлерін облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев қабылдап,  жеңімпаздарды марапаттады. Мерейлері үстем болған  мұғалімдер еңбектерінің жанғанына шаттанып, жаңа күш-қуат алды.

Гүлжан Тұрсын