Ғасырлар бойы аңсаған азаттық таңының рауандағаны – мұқым елдің ұлы мұратқа жеткені. Осынау толайым шақты дүбірлете, дүркірете тойлаған алты Алаштың қуанышы да айтулы шақта көл-көсірдей көрінгені бар. Жүздерінде нұр ойнаған жетісулық зиялы қауым, ел басқарған азаматтар мен жерұйық мекен тұрғындары Б. Римова атындағы облыстық драма театрында бас қосты. Егеменді елдің өркендеуі үшін аянбай еңбек етіп, мемлекеттің дамуына үлес қосқан жетісулық 65 маман мемлекеттік наградалармен марапатталып, 5 азаматқа «Алматы облысының Құрметті азаматы» атағы берілді. 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне орай өткен мерекелік шарада облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ наградаларды салтанатты түрде табыстады.
Айтулы шақтың әлқиссасын ақеділ лебізімен бастаған өңір басшысы облыс тұрғындарын мерекемен құттықтап, Қазақстан Республикасының жеткен жетістіктерін саралады. Тәуелсіз Қазақстанның қысқа мерзім ішінде қуатты да гүлденген мемлекет құруда үлкен табыстарға қол жеткізіп, тиімді де бәсекеге қабілетті экономиканың негізін қалағанын айтты. Көк байрағын көкке өрлеткен Ұлы Дала елі күллі әлемнің назарын өзіне аударып, айтулы шараларға ұйытқы болғанын тілге тиек етті. Атап айтқанда, Еуразия құрлығының алтын алқасындай жарқыраған ару қала – Астананың 20 жылдығы ел көлемінде тойланып, айтулы шараға орай, Жетісу жұртшылығы бас қалада «Жетісу» саябағын жаңғыртты. Жетісу өңірінде саябақтар, бірқатар өндіріс орындары, ал Талдықорған қаласында Астана даңғылы салтанатты түрде ашылды. Елбасының Жарлығымен Райымбек ауданы бөлініп, Райымбек және Кеген аудандары құрылып, шекаралық аймақта орналасқан тұрғындардың көптен күткен тілегі орындалды. Міне, осындай келешек үшін жасалған кемел істердің бәрі де тәуелсіздік жолында тынбай еңбек еткен барша қазақстандықтардың береке-бірлігінің жемісі әрі болашағының ұлы бағдары екенін жеткізе келіп:
– Құрметті жерлестер! Облысымыз биыл да Тәуелсіздік мерекесін толайым табыс пен жемісті нәтижелермен қарсы алып отыр. Экономиканың барлық саласында өсу серпіні сақталды, – деген Амандық Ғаббасұлы өркенді істерді таныстырып өтті. – Қант қызылшасын қайта жаңғырту жөніндегі тапсырмасы сәтімен іске асырылып, 11,2 мың гектар жерге өсірілген тәтті түбірден 420 мың тонна өнім өндіріліп рекордтық көрсеткіш көрсеттік. Ақсу және Көксу қант зауыттары қайта жаңғыртудан өтіп, тұрақты жұмыс істеуге көшті. Индустриализация күніне орай Елбасының қатысуымен өткен жалпыұлттық телекөпірде Қапшағай қаласында «Маревен Фуд Тянь-Шань» кәсіпорны салтанатты жағдайда іске қосылды. Аталған кәсіпорын жылына 21 млрд. теңгенің өнімін өндіретін болады, оның 80 пайызы Орталық Азия елдеріне экспорталады. Инвестициялық жобалар портфелінде құны 5,7 трлн. теңге болатын 306 жоба бар. Олардың 9-ы трансұлттық, ал 44-ті шетелдік компаниялардың қатысумен іске асырылады, – деді Амандық Ғаббасұлы.
Осылайша Жетісу жерінің жетістігі мен көрсеткіштерін таныстырған облыс әкімі көпшілікті айтулы мерекемен құттықтап, жетісулықтарға бақ-береке, ырыс-құт тілейтінін жеткізді. Одан кейін мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін жетісулық 65 азаматқа «Парасат», «Құрмет» ордендерін, ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін, «Ерен еңбегі үшін» және «Шапағат» медалін табыстап, еңбектің көрігін қыздырған жандарды Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапаттады. Оған қоса, «АқниетГрупп» ЖШС-нің техникалық директоры Сақтаған Әбілазимов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зағипа Балиева, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Сәбит Құрманәлиев, Алматы облысы бойынша «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының қызметкері Омар Қасымбековтер облыстық әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан елеулі еңбегі үшін «Алматы облысының Құрметті азаматы» атағына ие болды. Өз кезегінде «Алтын сапа», «Ұлы Дала елі» сынды республикалық байқаулардың облысымыз бойынша жеңімпаздары да сахна төрінен табылды. Бұл тұрғыда өңір басшысы республикалық байқауларда жетісулықтар 11 аталым бойынша жеңімпаз атануы жоғары көрсеткіш екенін де айрықша атап өтті.
Салтанатты жиын барысында белгілі журналист, «Парасат» орденінің иегері Нұртілеу Иманғалиұлы сөз алды.
– «Жүзіктің өзінен де көзі жақсы, шешеннің сыйынан да сөзі жақсы. Қанша ұзақ жасаса да ер жігіттің, еліне себі тиген кезі жақсы» деген сөзді Мұзафар Әлімбаев ағам айтыпты. Септігі тиді-ау, елдің алдында жүр-ау деп осындай үлкен құрмет көрсетіп, Жарлыққа қол қойған Мемлекет басшысына деген алғысым шексіз. Елбасының сол марапатын салтанатпен табыстаған Жетісудың атпал азаматы, досым Амандық Ғаббасұлына дән ризамын! Дәл қазір осы жерде туған: «Сұраймыз қай жаққа біз қарасақ та, Жасаған қазағымды аласартпа. Түсініп жеті қырын Ұлы Дала, ғұмыр кешу лайық «Парасатқа» – деген жырыммен сөзімді тамам еттім, – деп ақеділ ниетін ақтарса, өз кезегінде «Текели ГМЗ» ЖШС-нің директоры Геннадий Савинов «Ерен еңбегі үшін» медалін өңіріне қадағанына шексіз риза екенін жеткізді. Ал, «Жетісу» телеарнасының директоры, белгілі журналист Бейсен Құранбек Тәуелсіздік мерекесінің мәні мен мазмұны жайлы жүрек тебірентер сөзін арнап, жұмақ өлкенің жетістіктерін зерделі сөзбен айшықтады.
Ұлттың ұлы мерекесінің соңы өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласып, Тәуелсіздік күнінің шаттығын Жетісу аспанында қалықтатып жатты.
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ