Шығыс пен Жетісу жүздесті

Уақыты: 03.10.2016
Оқылды: 1360
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жылдан-жылға гүлденіп келе жатқан Талдықорған қаласының көркі көз тоярлық. Әсем ғимараттар мен жаңа нысандар бой көтеріп, жас шаһардың ажарын айшықтап тұр. Көркею үстіндегі келбетті қаланың тыныс-тіршілігімен танысып, өзара ынтымақтастықты орнату және тәжірибе алмасу мақсатында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов өңірімізге арнайы ат басын бұрды.

Шырайлы шығыстың басшысы бастап келген делегация әуелі  «Жастар» спорт сарайына бас сұқты. Ондағы жаттығу залдары және сыртқы алаңдармен танысып, құрылыс нысанының сапасына назар аударды. Бір мезгілде 2 мыңнан астам адамды қабылдай алатын, сәулеті мен көлемі жағынан республикамызда бірегей нысан болып саналатын спорт сарайы 2010 жылдың тамыз айында ашылған. Жалпы көлемі 22757,3 шаршы метрді құрайтын аталмыш кешенде қазақша күрес, самбо, дзюдо, таэквондо, еркін күрес, ауыр атлетика, бокс, теннис және басқа да спорттық залдар жұмыс істеуде. 
Әр залмен жеке-жеке танысқан Шығыс Қазақстан облысының әкімі кешеннің келбеті мен сапасының жақсы екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар, аталмыш құрылыс нысанының жоба авторы Есім Мамановқа деген ризашылығын білдірді. Ал облыс әкімі Амандық Баталовқа бұл спорт кешенін өзі басқарып отырған өлкеге де салатынын жеткізіп, жобасын беруін өтінді. 
Сондай-ақ, биыл ғана пайдалануға берілген Оқушылар сарайына ені, ондағы биология, физика, кеме моделі үйірме кабинеттерін аралады. Жұлдызды залға бас сұғып, ғаламшарлардың тылсым көрінісіне көз тікті. Оқушылар сарайының директоры Ләззат Есболованың жетекшілігімен адам қызығарлық заманауи, ғылыми іс-тәжірибелік техникалармен танысты. Атап айтсақ, плазмалық шар, айқай өлшегіш, қара ойық сынды құрылғылар аталмыш сарайда орналасқан. Сонымен қатар,  Даниал Кенжетайұлының тамыр соғу ырғағын тексерген «Жүрек соғу» аппараты мен өзге де техникалар, үлкен концерттік залдағы бүлдіршіндердің өнері қонақтарды таңдандырды. 
Сондай-ақ, Жастарға қызмет көрсету орталығына ат басын бұрған басшыларға, аталмыш мекеменің құрылыс нысаны мен сапасы, ондағы жас көшбасшылардың атқарып жатқан жұмыстары жөнінде облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Рустам Алпысбаев кеңінен баян етті. Ондағы интернет кітапхана, антикафе сынды залдарды аралап, заман талабына сай нысанның ішкі-сыртқы келбетіне айрықша риза екенін жеткізді. Сонымен қатар, Жастар мәдени-демалыс саябағын аралап, кіреберісіндегі қыз бен жігіттің ескерткіші, Көк туымыз ілінген 92 метрлік бағана, әуенді субұрқақ сынды нысандарды, сонымен қатар Қала күні қарсаңында ашылатын Мұқағали Мақатаевтың ескерткішін тамашалады. Одан кейін, Қаратал өзенінің жағалауында салынған демалыс саябағын аралап, шаһар келбетін айшықтап тұрған барша нысанға деген таңданысын жеткізді.
– Мен он жылдан астам уақыт аралығында бұл қалада болған жоқпын. Осы аралықта Талдықорған қаласы айтарлықтай ажарлана түскен. Байқағанымдай үй мәселесі оңтайлы шешіліп, мәдени нысандар көптеп бой көтерген. Үйренетін нәрселеріміз бар болғандықтан, арнайы ертіп келген архитекторлар мен көмекшілеріме бірсыпыра тапсырма бердім, – деген Шығыс Қазақстан облысының әкімі талдықорғандықтарды қала күнімен құттықтап өтті.

Асыл Сұлтанғазы