"ЕЛБАСЫ ЖОЛЫ, АСТАНА" ФИЛЬМІ КӨРСЕТІЛДІ

Уақыты: 19.12.2018
Оқылды: 2090
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Талдықорғандағы І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында «Елбасы жолы. Астана» атты фильмінің тұсаукесері өтті. Шараға облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ, әр саланың басқарма басшылары, ардагерлер мен қала тұрғындары қатысты. 

Мемлекет басшысының өмірі, сындарлы саясаты жайлы «Елбасы жолы» киноэпопеясын түсіру 2011 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Айта кетейік, бұған дейін «Елбасы жолы» киноэпопеясының «Балалық шағымның аспаны», «Отты өзен», «Теміртау», «Тығырықтан жол тапқан» (режиссері Рүстем Әбдірашев), «Жұлдыздар тоғысқанда» (режиссері Сергей Снежкин) атты бес бөлімі ел назарына ұсынылған болатын. Рүстем Әбдірашев түсірген алғашқы төрт бөлімде Мемлекет басшысының рөлін актер Нұрлан Әлімжанов сомдаса, Сергей Снежкиннің фильмінде бас кейіпкердің рөлін актер Берік Айтжанов ойнаған.
Бүгінгі «Елбасы жолы. Астана» фильмі – киноэпопеяның алтыншы бөлімі. Белгілі режиссер Ақан Сатаев түсірген, Елбасы рөлін актер Мұрат Ахманов сомдаған, Президенттің дауысын Ерлан Қасымжанұлы айнытпай салған туынды өте жоғары деңгейде шыққан. 
Шығармада Елорданы Алматыдан Астанаға көшірудегі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі, тәуелсіздік алған тұстағы экономикалық қиындықтар, кездескен кедергілерді жеңе білу, жаңа Елорданың бүгінгі жетістіктеріне атсалысқан азаматтарымыздың еңбегі суреттелген. Сондай-ақ, құрылыс пен мемлекет құрудағы істер, Елорданы Ақмолаға көшіру шешіміне қатысты қоғамдық түрлі көзқарастар мен жазық далаға қала салады дегенге сенімсіздік танытып кертартпа пікір білдірген жандардың ісі және Елбасының шекарамызды шегендеп, өзге елдермен ынтымақтастық орнату бағытындағы маңызды қадамдары көрсетіледі. Туындыда тарихи оқиғалармен қатар Елбасының спортты жанына серік еткені де ашып көрсетіледі. 
Фильмде басты рөлді сомдаған актер Мұрат Ахманов пен Президенттің дауысын салған Ерлан Қасымжанұлының еңбегі ұшан-теңіз. Әсіресе: «Еліміздің астанасын Ақмолаға ауыстыру керек», – деген Елбасының қоңыр дауысы мен батыл шешімі бас кейіпкер бейнесін одан әрі айшықтай түседі. Бір жарым сағатқа созылған фильмнен көрермендер керемет әсер алғандарын айтып тарқасты.

 

Айдар ҚАЛИЕВ