ӘЛЕМ ТЕРБЕГЕН ӘУЕН

Уақыты: 22.12.2018
Оқылды: 1108
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Талдықорған қаласындағы Бикен Римова атындағы драма театрында ҚР Халық әртісі, Еңбек Ері, белгілі скрипкашы Айман Мұсақожаеваның концерті өтті. Талантымен әлемді мойындатқан өнер иесінің кеші «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында, Астана қаласы мен Қазақ ұлттық өнер университетінің 20 жылдығына орай ұйымдастырылды. 

Кеш барысында скрипканың сиқырлы таяғымен әлемге белгілі композиторлар Вольфганг Амадей Моцарт, Антонио Вивальди, Астор Пьяццолла, Мануэль дэ Фалья, Камиль Сен-Санс, Пабло де Сарасатенің шығармаларын жоғары деңгейде орындап, көрермендерге мың мәрте қол соқтырған талантты тұлғаның өнеріне бас имеген жан кемде-кем шығар. Бұл қошеметке Айман Қожабекқызы бойындағы дарыны мен ізденісті еңбегінің арқасында қол жеткізді. Өзіндік өнерімен ғана танылып қойған жоқ, талантты музыканттардың басын қосып, 1992 жылы «Солистер академиясы» мемлекеттiк камералық оркестрiн құрып, көркемдiк жетекшiсi болды. Оркестр ұжымының жоғары орындаушылық шеберлiгi Ресей, Америка, Жапония, Германия, Австрия және басқа да елдерде лайықты бағаланды. 
Айман Қожабекқызының педагогикалық қызметi 1998 жылы Астана қаласында Қазақ Ұлттық музыка академиясының ашылуымен тығыз  байланысты. Бұл Елбасының бастамасымен ашылған оқу орны болатын. 2009 жылы академия атауы Қазақ ұлттық өнер университеті болып өзгертілді. Бүгінде ол республикадағы белді білім ордаларының бірі. 
Көптеген шетел сахнасында өнер көрсетіп, қазақ халқының талантын мойындатқан  өнер иесi бүгінде Еуропа, Америка, Оңтүстiк Корея сынды мемлекеттерде шеберлiк сыныптарын жиі өткiзедi. ЮНЕСКО-ның шешiмiмен «Әлем әртiсi» құрметтi атағын да иеленді.
Өнер жолында талай биікті бағындырған дарын иесінің концертінде өзі жетекшілік ететін «Солистер академиясы» камералық және симфониялық мемлекеттік оркестрі мен  «Нұр Орда» этно-фольклорлық ансамблі өнер көрсетті. Оркестрге ҚР еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық байқаулардың лауреаты Асқар Дүйсенбаев пен Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның, М. Төлебаев атындағы халық аспаптар оркестрінің  көркемдік жетекшісі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері,  композитор Әли Алпысбаев дирижерлік етті. Әли Демегенұлының шебер жетекшілік етуімен Айман Мұсақожаева Антонио Вивальдидің «Жыл мезгілдерінен» – «Жаз», «Қыс» концерттерін,  «Солистер академиясы» камералық және симфониялық мемлекеттік оркестрі  Құрманғазының «Адай» күйін жоғары дәрежеде орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. 
Жетісулық жұртшылықты өнердің тұнық бұлағынан сусындатып, классикалық үлгідегі озық шығармалар орындалған кешті облыс әкімі Амандық Баталов та тамашалап, өнер иесіне ізгі тілегін жеткізді. 
– Белгілі музыкант Айман Мұсақожаеваның Талдықорған төрінде жуырда ғана ашылған театр ғимаратында өнер көрсетіп жатқанына шын жүректен қуанып тұрмын. Театр ғана емес,  оқушыларға арнап музыкалық мектеп те аштық. Осындай зәулім де әсем сарайда өзіңіз сынды өнер майталмандарының келіп, өнер көрсетуі біз үшін үлкен мақтаныш, абырой. Шығармашылығыңыз әрдайым шарықтап, жұлдызыңыз жана берсін, – деп Айман Қожабекқызына Құрмет грамотасын табыс етті. Сонымен бірге өнер иесіне облыс басшысының ықылас гүлі тарту етілді.
Өз кезегінде Айман Мұсақожаева жаңа театр мен музыка мектебін ашып, өнерге жан-жақты қолдау көрсетіп жатқан облыс басшысына алғысын жеткізіп, өз тарапынан естелік сыйлық табыс етті. 

Алма ЕСЕНБАЕВА