Тау перзенті тас тұғырда

Уақыты: 04.10.2016
Оқылды: 1303
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Мәдениетіміздің өркендеп, экономикамыздың дамып келе жатқанын көрсететін игі шаралар көптеп ұйымдастырылуда. Бағзыдан жалғасын тапқан салт-дәстүріміз бен этнос өкілдерінің ұстанымын танытатын, жастарды отансүйгіштікке, бауырмалдыққа тәрбиелейтін, күллі құндылықтарымызды бағалап, жетістіктерді паш ететін мереке өз жалғасын тапты. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан Талдықорған қаласының күні тойланды.

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өткен мереке «Жастар» спорт сарайының маңынан бастау алды. Облыс басшысы бастаған халық қалаулылары алдымен қаладағы Ө.  Жолдасбеков атындағы экономика және құқық академиясы, Талдықорған политехникалық колледжі сынды бірқатар оқу орындарының  стендтері мен мамандықтар бойынша тігілген көрме жұмыстарын тамашалады. Сондай-ақ, аталмыш мерекеге орай ұйымдастырылған «Анам және мен – 2016» байқауын тамашалап, бүлдіршіндердің өнеріне ризашылығын білдірді. 
«Жастар» спорт кешенінің маңындағы Талдықорған көпсалалы ауруханасы мен қаладағы өнеркәсіп  орындарының тыныс-тіршілігі мен жетістіктерін көрсететін көрмені аралаған қонақтар, Көк туымыз ілінген 92 метрлік бағананың түбіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен тігілген этномәдени орталықтарға бас сұғып, этнос өкілдерінің өнерін тамашалады. 
Сонымен қатар, «Жастар» мәдениет және демалыс саябағындағы ұзыннан-ұзақ жайылған үстелдегі 100 метрлік алма пирогын көріп, көрермендер мен мәртебелі қонақтар рекордтық ұзындық өлшемінде пісірілген астан дәм татты. 
Әр тойдың көрігін қыздыратын, тарихқа елеулі оқиға болып таңбаланатын жайттардың болатыны сөзсіз. Мұндай көрініс Қала күні мерекесінде де орын алып, әдебиетке құмар халықтың мерейін өсірді. Ол ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың ескерткішінің салтанатты ашылу рәсімі. Аталмыш игі шара мұзарт таудың мұзбалағы жазған жалынды жырлармен басталды. Рухани шарада облыс әкімі Амандық Баталов алғашқы болып сөз алды. 
– Мен ақиық ақынның 80 жылдық мерейтойы қарсаңында Қарасазға барғанымда бір жайтқа таңдандым. Ақынның ауылындағы тілі шыққан баладан еңкейген қартқа дейін Мұқағалидың жырын жатқа оқиды. Бір ауылдың, қала берді  күллі халықтың аузында аңыз болып қалған ғажайып дарын иесіне бір ескерткіш ашамын деп сол кезде ой түйген едім, соны бүгін жүзеге асырғандаймын, – дей келе ақиық ақынды қазақ халқының Есенині деп бағалайтынын, тіпті, сол Есениннен де артық болмаса, кем емес екендігін тілге тиек етті. 
Одан кейін  дәстүрлі рәсім бойынша облыс басшысымен бірге ақын ескерткішінің шымылдығын ашқан Жұлдыз Мұқағалиұлы Мақатаев сөз алды.
– «Жиырма бірінші ғасырдың құрдасымын, бәлкім, одан арғы ғасырдағылардың туысымын», – деп кеткен әкемнің ескерткіші Жетісудың жүрегіне айналған шаһарда да ашылуда. Бұл айтып жеткізе алмас қуаныш, үлкен мереке, – дей келе жыр құдіретін ұғынған елге деген ризашылығын жеткізіп, сонау бір жылдары әкеңіздің ескерткішін ашамын деп уәде берген Амандық Ғаббасұлына алғысын жаудырды.
Сонымен қатар, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағы Поэзия кеңесінің төрағасы Әділғазы Қайырбеков сөз алып, ақынын ардақтаған елдің алар орны әманда төр екенін тілге тиек етіп,  «Алтын қалам» атты балладасын оқыды. Өз кезегінде сөз салған  белгілі ақын Дәулетбек Байтұрсынұлы да мұзарт таудың мұзбалағына арнаған жырын тыңдарманның жүрегіне жеткізе білді. Ізгі тілектер мен жыр шашудан кейін Бақытгүл Мұқағали келіні бастаған зиялы қауым ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Жылдан-жылға гүлденіп келе жатқан әсем қаланың мәдениет күніне арналған мерекелік концерт те қазақтың арғы-бергі тарихын қозғаған ғажайып көрініспен басталды. Игі шарада облыс әкімі Амандық Баталов құттықтауын жеткізді.
– Қадірменді талдықорғандықтар мен қонақтар! Сіздерді Қала күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Барша қала тұрғынына қуанышқа толы сәтті күндер, әр шаңыраққа бақ-береке, жастарға асыл арман, ізгі мақсат тілеймін. Өзінің әсем келбетімен алыстан көз тартатын шаһарымыздың күн сайын жаңарып, көз алдымызда одан әрі гүлденуі – бәріміз үшін зор қуаныш, – дей келе облыс орталығының айшықты ажары мен болашағы жайын сөз етіп, атқарылып жатқан жақсы істер мен баянды бастамаларға тоқталып өтті. Сонымен қатар, Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен 15-ші жазғы Паралимпиада ойындарында пауэрлифтингтен күміс медаль иегері атанған Раушан Қойшыбаеваға жеңіл автокөліктің кілтін және 11 млн. 500 мың теңгенің сертификатын табыстады. Сондай-ақ аталмыш Паралимпиада ойынында жетінші орын иеленген Гүлбану Абдыхалықоваға 1 млн. 500 мың теңгенің, ал қос паралимпиадашыны дайындаған  пауэрлифтингтен Алматы облысының аға жаттықтырушысы  Денис Орловқа 5 млн. 750 мың теңгенің сертификатын табыс етті. 
Сонымен қатар, интернет желісімен дауыс беру арқылы өткен байқауда көп дауыс жинап «Ең үздік мұғалім» атанған Майгүл Ахметбаеваға және әр сала бойынша үздік шыққан Анар Белгібаеваға, Калаль Узбеканов, Дато Ерғалиев, Алик Абельдинов, Василий Рубан, Назгүл Рахымбек, Ерік Мұхамедияров және Вера Малютинаға 100 мың теңгенің сертификаты мен бағалы сыйлықтар табыстады. 
Одан кейін Талдықорған қаласының әкімі Бағдат Қарасаев сөз алып, шаһар тұрғындарын аталмыш мерекемен құттықтады. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысының ардагері Тоқтарбай Қанапьянов, «Ерлік» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Роза Ақжаркенова мен облыстық жоғарғы спорттық шеберлігі мектебінің директоры, Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаевты «Талдықорған қаласының Құрметті азаматы» атағымен марапаттады.
Бұдан соң спортсүйер жастар мен өнерпаздар шеруі өтті. Сондай-ақ, қазақ эстрадасы жарық жұлдыздарының қатысуымен концерт болып,  қала қонақтары мен талдықорғандықтар әсем әннің әуезімен елтіп, күй ырғағымен тербелді.

Асыл Сұлтанғазы